МҰРАГЕР…

Ерте-ерте-ертеде бір Патша өмір сүрген екен…
Ол жасы жетіп қартайыпты, бірақ патша тағына мұрагер болатын ұлы болмапты…
Күн сайын қартайып келе жатқандықтан, ол өзінің тағына мұрагер болатын ұл тауып алу үшін халқына жар салған екен…
Патшаның тәжін мұра ету бақытына ие болатын жас жігіт адамдарды құрметтейтін мейірімді болса болды деген біртүрлі әрі қарапайым талап қойылған екен…
Патшалықтағы барлық жастар мұны естігенде қатты қуанып, патшамен сұхбаттасуға дайындала бастапты…
Елдің қиыр шалғай шетінде орналасқан кішкентай ауылдың кедей жігіті де бұл хабарландыруды естіген екен…
Ол жігіт мейірімді, жұмсақ мінезді, әр еңбекқор болатын, бірақ шынымен кедей еді…
Патшамен кездескен кезде киюге лайық киімі де жоқ болатын…
Бірнеше күн күндіз-түні жұмыс істеп, киетін жаңа киім алып киіп, қалған аз-мұз тиынға ұзақ жолға азық-түлік алыпты…
Апталап айлап жол жүріп патша сарайына жақындап қалған кезде алдынан түгі жоқ тұлдыр Қайыршы шыға келіп жолын кескестепті…
Алба-жұлба, жыртық-тесік қап жамылып, суықта үсіп өлуге таяп қалған әлгі қайыршы:
«Ей мейірімді жігіт, көмектесе гөр. Мен қатты тоңып қалдым, әрі көп күннен бері нәр сызбаған ашпын», — депті әлсіз жалынышты дауыспен. Жас жігіт еш ойланбастан оған киімін шешіп беріп, ұзақ сапардан қалған азғантай азығын да ұсыныпты…
Барлық киімін қайыршыға шешіп бере салған жас жігіт Патшамен кездесуге баруым керек пе, жоқ па деп біраз ойланыпты…
Ақыры, сонау алыстан патшаға жолығу үшін келдім емес пе деп ойлап ескі жаман киімдерін киіп, патшаға баруға бел байлапты…
Патшаның көмекшілері оның киімінің шаңын қағып, біраз уақыт демалдырғаннан кейін, ерекше сәнді сарай арқылы патша тағы орналасқан үлкен залға жеткізіпті …
Патша тағына келіп отырған кезде жігіт құрмет ретінде тағзым етіп, сосын басын көтеріп қараса, патшаның бірнеше сағат бұрын жолында кездескен қайыршыға өте ұқсас екенін байқайды…
Патша таңданған жас жігітке қарап күлімсіреп: «Иә, балам. Мен сенің жолыңда кездескен қайыршымын», — депті…
«Неге олай еттіңіз патшам? Өлшеусіз күш пен қуаты бар билік иесі бола тұра неліктен қайдағы бір қайыршының сықпытына ендіңіз» деп жігіт таң қалып сұрағанда:
«Сенің адамдарды шынайы сүйетін жүрегің бар екеніне көз жеткізуім керек еді, ұлым…
Егер мен сенімен патша ретінде кездессем, сен маған ұнау үшін бар күшіңді салар едім, бірақ мен сенің шынайы мейірімділігіңді сезіне алмас едім…
Өзіңде барды түгелдей беріп, қайтарым сұрамай-ақ көмектесу арқылы адамдарды жақсы көретін мейірімді жүрегің бар екенін дәлелдедің…
Менің патшалығыма ешкімді де бөле-жармай жақсы көре алатын көшбасшы керек болатын…
«Соған лайықты екенсің, Мен патша тағына сені МҰРАГЕР болдыруға шештім. «- депті…