Мұражайға саяхат
Ақтаулық балғындар жазғы демалыс күндерін тиімді өткізуде. Мәселен, Ақтаудағы «Алау» лагерінің балалары теңіз жағалауында демалып қана қоймай, қаладағы мұражайларды аралады. Солардың бір тобы Ақтаудағы «Достық үйіндегі» мұражайда болды.
Жеткіншектер өңірдегі 21 этномәдени бірлестіктің мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысып, біршама мәліметке қанық болды. Мұражайдағы саяхатқа барлығы 40-қа жуық бала қатысты. Олардың әрқайсысы өзге ұлтының мәдениеті мен қазақ халқының салтын салыстырып, тарихқа үңілді.
Іс-шара мақсаты – балаларды татулық пен бірлікке шақырып, өзге ұлттың мәдениетін насихаттау.
Шара аясында мұнайлы аймақтағы этномәдени бірлестік төрағалары балаларға түрлі ұлттардың құнды жәдігерлерін таныстырды. Біз жастарға Қазақстанда тұратын әр ұлттың мәдениетін түсіндіруіміз керек, дейді «Алан» осетин этно-мәдени орталығының төрайымы Фатима Биркле.
-Осетин ұлтының салты-дәстүрі мен әдет-ғұрпы көпшілікке таныс. Балғындарға арналған мұндай шаралар көптеп ұйымдастырылса деген тілек бар. Себебі, бала сол арқылы жан-жақты болады.
Шара соңында балалар естелікке суретке түсіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Айман Оңғарбайқызы