Мұсайбековке айыппұл салынды. Райымқұлова қайтер екен?
Сот бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековті кінәлі деп таныды.
Сот шешімі бойынша, Мұсайбеков мемлекетке 62 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс.
2021 жылдың ақпанында Сәкен Мұсайбеков жемқорлық ісі бойынша ұсталған. Ол 15 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Бұл іс «Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы» жобасын жүзеге асыру туралы келісіммен байланысты.
Мамыр айында мәденит және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова егер орынбасарының кінәсі дәлелденетін болса отставкаға кететін мәлімдеген. Әзірге ол аталмыш сот шешіміне байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Қазақстан ұлттық құрамасының Токио олимпиадасындағы сәтсіздігінен кейін БАҚ-та министр Райымқұлованың отставкасы туралы жиі айтыла бастаған.
Сәкен Мұсайбеков мәдениет және спорт вице-министрі болып 2020 жылдың мамыр айында тағайындалған. Бұған дейін ол Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінде бас хатшы болған. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, қарамағындағы қызметкер жемқорлықпен ұсталса, басшы қызметінен кетуі тиіс.