МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ
Арқаның төріне аяғы тиген Парижде 45 жыл тұратын, Франциядағы қазақтардың тілі мен діні, тарихына ерекше үлес қосып жүрген қоғам қайраткері, Мұстафа Шоқай атындағы “Француз – Қазақ Достық қоғамының” төрағасы Яшар Динчпен сұхбаттасудың реті келген еді.
— Яшар Динч мырза, атажұртыңызға қош келдіңіз! Әңгімемізді әріден қозғасақ, шетелге қалай асып кетіп жүрсіздер?
— Бар нәубетті көрген қазақ қой. 1934 жылы ашаршылық кезінде әкелеріміз Семей қаласынан Қытай жеріне өтіп кетеді. Одан әрі қарай Үндістанға өтіп, Пәкстанға барып, тұрып қалған екен. Сол сапарда ыстық жаққа барғанда талай отандастарымыздан айырылып қалыппыз. Жолда да талай қазақ қынадай қырылған. Көмуге уақыт жоқ, жылдам жүру керек, сонда марқұмдарды таулардың қуыс-қуысына ақыреттеп қойып кеткен екен. Пәкстан — мұсылман ел, қазақтарды жылы қабылдап, әке-шешелерімізге тамақ беріп, көмектеседі. Мен 1949 жылы Пәкстанның Мардан деген қаласында дүниеге келдім. Тұрмысы жайсыз болды ма, “енді біз бұл жерде қалып қоймайық, басқа жерге қоныс аудару керек” деп үлкендер ақылдасқанда үш мемлекетке таңдау түседі. Біріншісі — Сауд Арабиясы, екіншісі — Түркия, үшіншісі — Америка. Сонда үлкендер: «Біз Америкаға көшсек, оған баруға жол ұзақ, дініміз, тіліміз не болады? Келешек ұрпақ тілін, дінін ұмытып кетеді, мұны қояйық», — дейді. Енді Сауд Арабияға барайық десе, өте ыстық жер, бұл — бір. Екіншіден, балаларымыз араб тілін үйреніп алып, қазақ тілін ұмытады. Дінді үйренсе де, тілді жоғалтады деседі. Соңында түбі бір туыс, бірге кіндік кескен Түркия мемлекетіне барайық деген тоқтамға келеді. Мән-жайды түсіндіріп, осында келеміз деген сарында Түркия мемлекетіне хат жазылады, бірақ бұл мәселе біршама жыл шешімін таппайды. Содан сайлау болып, үкімет басына басқа адам келгенде тағы да хат жазады. 1950 жылдардағы Түркияның премьер-министрі, саяси қайраткер болған Аднан Мендерес деген қайырымды адам «Мына адамдар біздің бауырларымыз, өздері мұсылман екен, тез арада көшіріп әкеліңдер» деп, қазақтарды Түркияға көшірген. Сөйтіп, әке-шешеміз 1952 жылы Түркияға келген. Түркияға көшірген соң, Ыстамбұл қаласындағы қонақүйлерге жатқызып, жұмыс істейтіндер жұмыс істесін, жұмыс істегісі келмегендер жекеменшік кәсіппен айналыссын, үкіметтің ішіне кіріп, жұмыс істеймін дегендердің де бетін қақпайық деп айтқан екен. Біздің үлкендеріміз: «Біз мал баққан елміз», — деп, өз тілектерін білдіреді. Содан «Онда мал бақсаңыздар, жүріңіздер» деп, биліктегілер Ыстамбұлдан бастап біраз жерді көрсетеді. Әкелеріміз малға ыңғайлы қоныс іздеп, біраз жерді таңдаса керек. Содан шалдар Түркиядағы Ұлықшы аймағының Алтай ауылы деген бір жерін көреді. Иен дала, жусан шығып тұр. “О, міне, бұл жер бізге ұнады. Осы жерге қоныс аударайық”, — деп келісе кетеді. Дереу Түркия үкіметі сол жерге үй тігіп, адам басына 30 гектардан жер беріп, бақша беріп, ақша беріп, өз бауырларындай күтеді. Біздің ауылға 164 үй келген екен. Қамқор болмақшы болып, үш түрік келді. Бірі — мұғалім, бірі — имам, бірі — қойшы. Бұлар бізге түрікше үйретуге келген. «Сіздердің дәстүрлеріңіз пайғамбардың дәстүрі екен, өте жақсы мұсылман адам екенсіздер» деп бізді түрікше үйретеміз деп жүріп, өздері қазақша сөйлеп кетті. Тіпті кейін бала-шағасының бәрін қазақша дәстүрмен үйлендірді. Бала күнімде Түркияда мектепке барып, бес жыл мектепте оқыдық.
— Францияға қай жылы бардыңыз? Ондағы отандастарымыздың тыныс-тіршілігі қалай?
— Жасым жиырмаға келгенде Түркия әскер қатарында борышымды өтедім. Содан 1970 жылдың қаңтар айында әскерімді бітіріп, үйге оралдым. Тепсе темір үзетін жігітпіз. Енді нендей жұмыс істейміз деп жүргенде, бір түрік келіп «Францияға баратын бірнеше адам керек» деген. Біз барамыз деп, 3-4 досыммен бірге Францияға бардық. Ыстамбұлдан шығып, қара пойызбенен екі-үш күн жүріп, Парижге жеттік. Бізге жұмыс беретін адам өзі күтіп алды. Бұл 1971 жылдың қыркүйек айы. Сонда бір жыл Парижде келісімшартпен жұмыс істедік. Бір жылға жасаған шарт біткен соң, достарыма «Келіскен уақыты бітті. Біз бұл жерде 17 франк алсақ (ол кезде франк болатын), басқа жерде 35 франк береді екен. Мен сол жерге кеттім, барасыңдар ма?» — дедім. Олар осы жерде істей берейік деді. Мен өзім кетіп, басқа жерге барып жұмыс істедім. Бұл елдің жұмысының қыр-сырын үйрене жүріп, іс тігетін машина алып, өз алдыма жеке тігін ателье аштым. Бізге тігетін киім үлгісі пішіліп, кесіліп келеді. Біз оны тігіп береміз. Мен сол ательенің бастығымын ғой. Қарамағымда қазағы бар, түрігі бар, арабы бар, 20-30 адам жұмыс істейді. Содан Түркиядан туыстарымды, бауырларымды, қайындарымды алдырдым. Қасымдағылар да алдыра бастады. Сөйтіп, 50 үй болдық. Сексенінші жылдары қазақ көбейді, 100 үй болдық. Тоқсаныншы жылдары 150 үй болдық. 2000 жылы 200 үй болдық, қазір міне, 2016 жылы 260 отбасы түтін түтетіп отыр. Қазақтар Париждің өз басында және маңайында қоныстанған. Балаларымыз сол жердің мектебіне барды, француз тілінде оқыды. Біз Францияға барып, біраз жыл жұмыс істеп, кәсіп тауып кетеміз ғой деп ойладық. Сөйтіп жүргенде, балаларымыз да өсіп қалды. Менің кенже қызым бірінші рет Париждегі әлемге әйгілі Сорбонна университетін бітіріп, әр мемлекеттер арасында есеп-қисап жүргізетін есепші мамандығын алып шықты. Қазір сол балам Францияда үкіметтің жұмысында есепші болып қызмет істейді. Немерелеріміз ержетті, отбасын құрды, бір-бір үй болып, осы мемлекетке тұрақтап қалды.
— Бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өшкенімізді жағып, жоғалтқанымызды таптық. Атажұртыңыз тәуелсіздікке қол жеткізгенде шетелдегі сіздер қандай күйде болдыңыздар?
— 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғанда әлемдегі қазақтардың барлығы қуанып, жылағанда, біз де жылап, дұға қылып отырдық. Біздің енді дербес еліміз бар, мемлекетіміз бар деп қатты қуанып, туымызды алып, желбіретіп, Париждің көше- көшесінде жүгірдік. Франция мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді 1992 жылы 7 қаңтарда мойындап, сол жылғы 25 қаңтарда екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1992 жылы наурызда Қазақстанның Франциядағы, 1993 жылы шілдеде Францияның Қазақстандағы елшіліктері ашылды. 1994 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парижге келгенде Париждің әкімшілігіне 50-60 үй қазақ барып тұрдық, Елбасымыз алдымыздан өте шығып, қайта айналып келіп, сәлем беріп, амандасып, хал-жағдайымызды, тұрмысымызды сұрады. Сонда мен өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Елбасымыз сол заманғы Францияның президенті Жак Ширакқа «Мына кісілердің бәрі менің отандастарым. Сіздің көзқарасыңыз мына кісілерге жақсы болсын, жақсы қараңыз.Мен де Қазақстанда жүрген француздарды солай құрметтеймін» деді. Сол сөзі біздің кеудемізді үлкен мақтаныш сезімге бөледі. Біз Елбасыға «Алла разы болсын!» деп ақ батамызды бердік. Екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнатылғаннан бері атажұртымның мемлекет басшысы Францияға бес мәрте ресми сапармен келіп кеткен екен. Осы Тәуелсіздіктің арқасында «Қазақстан азаматтығына» қол жеткіздім. «Мен қазақпын!» деп мақтанып айтатын болдым.
— Сөзіңіз аузыңызда, Қазақстан азаматтығын алғанда, «Мен қазақпын!» деп мақтанышпен айтамын дедіңіз. Бұған дейін қазақ екеніңізді айта алмай келдіңіз бе?
— Сауалың дұрыс. 2008 жылы Алматыға келіп, екі жыл шағын бизнес істеп кеттім. Сол жылы атамекеніме келіп, Қазақстан азаматтығын алдым. Сонда үш айда азаматтық алуға қол жеткіздім. Құжат беретін мекеменің адамы «Азаматтығыңызды үш айдың ішінде алдыңыз, бұл бұйырған үлкен бақ қой, басқалары үш жылдың ішінде әрең қол жеткізеді» дегенде, әлгі адамға сүйіншісін беріп, көк паспортты қуана қолға алып, қолтығыма тыққан сәтімді көрсеңіз. Францияға барып көк паспортымды барлығына көрсетіп «Міне, мен азаматтық алдым. Қазақ азаматы атандым, енді менен сен кімсің деп сұрағандарға жауабым дайын» дедім. Олай деуіме негіз бар. Мен әлемдегі көп мемлекетті араладым. Түркияда, Германияда, қысқасы, Еуропаның түкпір-түкпірінде жүргенде бетімізге қарап «қытайсың, жапонсың, вьетнамсың, корейсің» дейтін. Бұлай деп айтқанда мен қатты қиналатын едім. Ол ұлттарды былай кішірейткенім емес, оларды құрмет тұтамын. Олар өздерінше бір ел, ал менің тегім қазақ қой. Менің өз тілім, дінім, дәстүрім, бар. Қазір «Мен қазақпын!» деп қасқайып тұрып айта аламын. «Қазақ болсаң, паспортыңды көрсет» дегенге, көк паспортымды көрсетемін. Сол кезде осы сұрақты қойғандар енді маған құрмет көрсететін болды.
— Мұстафа Шоқай — бар ғұмырын қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігіне арнаған тұңғыш эмигрант күрескер, саяси қайраткер. Франциядағы Мұстафа Шоқайдың атқарған қайраткерлік қырына тоқталып кетсеңіз.
— Мұстафа Шоқай атамыз — 1921 жылы Францияға барған бірінші қазақ. Қазақтың егемендігі, азаттығы үшін шалғайда күрескен азамат. 2000 жылы мені Ыстамбұлдан мұстафатанушы, тарихшы, профессор Абдуақап Қара іздеп келді. «Аға, Сіз Францияға Мұстафа Шоқайдан кейін екінші болып келген қазақсыз. Мына француздарды жақсы білесіз. Қай жерде не барын білесіз. Мен Мұстафа Шоқай атамызды зерттеп, сол туралы кітап жазып жүрмін. Мен Мұстафа атамды Қазақстанға танытамын, Қазақстанға жариялаймын» деп өтініш білдірді. “Еліміз үшін, жеріміз үшін болса, мен бір жеті емес, бір ай жүрем, жүр кеттік” деп, ол кісімен бір аптадай жүрдім. Мұражайларға барып, көп дерек жинап алды. Абдуақап Қараның жинаған деректері Қазақстанда, түрік журналдарында жазылып, радиоларда айтылды. Барша түркі жұртының қамын жеген Мұстафа Шоқай Парижде 20 жыл өмір сүрген екен. Ол кісі Еуропада өзімен терезесі тең жазушылармен, саясаткерлермен бірігіп, Қазақстан туралы «Яш Туркестан» (“Жас Түркістан”) деген газет шығарыпты. Қаражаты жетпей қалғанда Мариям апамыз тұшпара жасап сатып, газеттің ақшасын шығарыпты. Екінші дүниежүзілік соғыста, яғни 1940 жылы неміс әскерлері Парижге басып кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырады. Француздар келіп, Мұстафа Шоқайға «Ал енді сіз кетіңіз, немістер осындай қиыншылық көрсетіп жатыр» дегенде, Мұстафа атамыз «Қазақта бір сөз бар, біріншісі — туған жер, екіншісі — тойған жер деген, мен Қазақстанда тусам да, Францияда тойдым. Сіздерменен жақсы күндерде және жаман күндерде бір болдым, енді мен сіздерді тастап кете алмаймын. Сіздермен бірге мен де соғысқа кіруім керек, менің де сіздерге көмегім керек» деп жауап береді. Жеке басын Отан үшін қауіпке тіккен азамат болды. Францияны екінші отаны санаған Мұстафа Шоқай қазірде Францияның да мақтанышы. Сол уақытта атамызға Францияда ерлігі үшін үй берілген екен. Мәриям апамыз сол жерде жерленген. Осы тұрғыдан алғанда, Францияның Қазақстанның тәуелсіздік тарихында алар орны ерекше болмақ.
— Сіз Мұстафа Шоқай атындағы қоғамның төрағасысыз. Францияны екінші Отаным деп есептеген Мұстафа Шоқайдың құрметіне Парижде қандай белгілер қойылды?
— Мұстафа Шоқайға арналған бақ және мүсін Париж қаласының Ножан-сюр-Марн қаласында ашылған. Өйткені М.Шоқай осы қалада 1923-1941 жылдар арасында 18 жыл өмір сүрген еді. Сонымен, Мұстафа Шоқай сынды қазақтың ұлы тұлғасы 20 жылдай мекендеген жерінде ұмыт болғанына әбден көзіміз жетті. Бұл жағдай бізді Мұстафа Шоқай үшін Ножанда бір белгі орнатудың қажет екені жөніндегі ойға жетеледі. 2001 жылы 18 қазан күні Қазақстанның Премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Ақмарал Арыстанбекова және Ножан әкімі Жак Мартан 1933-41 жылдары арасында Мұстафа Шоқайдың тұрған үйі орналасқан Скуар до ла Фонтен көшесінің бас жағына Шоқайға арнап белгі тас орнатты. Сонымен, бұл белгі тас Шоқайды еске алатын Еуропадағы екінші орын болды. Бұған дейін Мұстафа Шоқай тек Берлин қаласындағы бейіт басында ғана еске алынатын. 2001 жылдан бері Париж қаласындағы осы белгі тас гүл шоқтарын қойып, М. Шоқайды еске алатын орынға айналып отыр. Сол күні Франция әкімшілігі мені шақырды. Париж әкімдігінде істейтін Томе дейтін әйел адам бар, мұражайдың директоры бар, сіз де келіңіз деді. Мұстафа Шоқай атамыздың атына ескерткіш ашқан Иманғали Тасмағамбетов әкімге шапан жапты. Бұйрық қой, сол күні мен де қазақша шапан киіп барғанмын. Ножан қаласының әкімі Жак Мартан мені жанына шақырып: «Сен қазақсың ба?» — деді. “Иә, қазақпын”, — дедім. «Енді мен де қазақ болдым, қатар тұрайық», — деп, менімен иық тірестіріп, әңгімелесіп тұрды. Содан біраз уақыт өткен соң әкімшілік мені шақырып: «Мұстафа Шоқай аталарыңның атына бір қоғам құр, құра алмаймын десең, француздарға құрғызам», — демесі бар ма? «Мен өзім құрамын», — дедім бірден. Жолдас, жақын-жуықпен ақылдасып, Қазақстаннан келген студенттер бар, 25 адам 2007 жылы Мұстафа Шоқай атындағы Француз — Қазақ Достық қоғамын құрдық. Қоғам құрылып, біз Мұстафа Шоқайдың мүсінін жасайтын болдық. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Францияға арнайы сапарындағы бағдарламасы арқылы қолға алдық. Мүсін жасауды жоспарламас бұрын француздардан рұқсат сұрағанбыз. Сонда француздар: «Мүсінді жасаңдар, рұқсат, жалғыз-ақ айтарымыз — мүсін Шарль де Голльден үлкен болмасын», — деді. Шарль де Голльд — француз елі тарихында айрықша орын алатын, осы елдің гүлденуіне зор үлес қосқан атақты генерал. «Ойбай, үлкен болмайды», — дейміз. «Онда жасаңдар», — деп рұқсат берді. Мүсінді жасамақ болып, біз Қазақстанға, Мұстафа атамыздың туған жері — Қызылордаға бардық. Алматының әкімшілігіне шықтық, осындай жоспарымыз бар деп. Содан Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданының әкімшілігі көмегін көрсетті. Қызылордада М.Шоқайдың екі мүсіні бар. Ол кісілермен жақсы қарым-қатынастамын. «Сіздерге мүсінді жасап береміз. Бірақ кеденнен өзіңіз өткізесіз», — деді. Келістім. «Сіздер мүсінді жасап, құжатын беріңдер, арғы жағын өзім реттеймін», — дедім. Мүсінді қызылордалық мүсінші жасады. Мен мүсінді алып, Францияға жол тарттым. Алланың құдіреті ғой, жүрек таза, сонда бірде-бір пенде жолда «мынау не, қайда апара жатырсыз?» деп сұраған жоқ. Аман-есен Францияға жетіп, елшілікке алып келдім. Орынбасарым түрік досым болатын. Сол мүсіннің астын жасады. Ешбір қазақтың қолы тиген жоқ. Үстіне атамыздың мүсінін қойдық. Француздар көріп, көңілдері толды. 30 шаршы метр аумақта Мұстафа Шоқайға ескерткіш мүсін қойылды. Ескерткіш мүсіннің ашылу салтанатына сол кездегі Қазақстан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед келіп, өз қолымен ашқандығын біз мақтаныш көреміз. Үлкен абырой санаймыз. Қазір Мұстафа Шоқай мүсіні тұрған саябақ Францияның картасына енді. Францияға келген туристер Мұстафа Шоқай саябағына барамын десе, такси жүргізушілері сөзге келместен алып келеді. Қазір Мұстафа Шоқай саябағы деп аталады. Жыл сайын қаңтар айының 7-сі күні ескерткіш алдында М.Шоқайды еске алу жиналыстары өткізіледі. 2015 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Парижде бірқатар кездесулер өткізіп, Мұстафа Шоқай саябағында болып, шетелдегі қандастарына алғысын айтты. Ескерткіш мүсіннің басына өзге де шетелден келген мәртебелі өкілдер келіп тұрады. Мұстафа Шоқай тұрған қаладағы мұражайда Мұстафа Шоқай атындағы арнайы бұрыш бар. Бұл бұрышқа көптеген суреттері мен жеке жәдігерлері қойылған. Оның ішінде еліміздің әнұраны мен туы да орын алған. Менің бір таң қалатыным, Қазақстанда Мұстафа Шоқай атында бірде-бір көше жоқ. Кеңсай тұсындағы тар көшеге атын беріпті-мыс. Шетелдегі қазақтардың елордамыз Астанада Мұстафа Шоқайға арнайы бір көше атын беріп, арнайы бір ескерткіш қойылса деген ұсынысын жеткіземін. Қызылорда әуежайы Мұстафа Шоқай әуежайы деп аталса, қандай тамаша болар еді! Мұстафа атамыздың аруағын сыйлауымыз осы игі істерден көрінбек.
— Жеке кәсіпкер ретінде де есіміңіз танымал. Қазақстанда өтетін ЭКСПО – 2017 көрмесіне қосар үлесіңіз бар шығар?
— 2008 жылы мен Қазақстанға келдім. Қазақстан маған не береді деп келгенім жоқ, керісінше, мен Қазақстанға не бере аламын деп келдім. Шағын кәсіпкерлікпен айналысып көрдім. Менің балаларым бар, өздерінің кәсіптері де, қызметтері де бар. Мен де өз Отанымда шағын кәсіпкерлікпен айналысайын десем, алдымыздан кес-кестеп, жолымызды бөгей берді. Бар-жоғы екі-үш қана гүл сататын дүңгіршек ашып едім, жергілікті әкімшілік жауып тастады. Жаңа бизнес көздеріне жоғары жақтан көмектер көрсетіліп, қаржылай қамтамасыз етіледі деп заңдар шықты. Оның ешқайсысын да көре алмадық. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында болған ҮІІ қысқы Азияда олимпиадасында бір шағын бизнес қызмет істеп кеттім. Ұлтым қазақ болған соң, отандастарыма жаным ашиды. Қазақстанда жұмыс та, ақша да көп. Бірақ қандастарыма Алла тағала бизнес деген нәрсені дөңгелетіп әкетуді бермепті. Біздің қаймағымызды шетелдің азаматтары жеп жатыр. Жаттың қолына ұстатпай, қазақтарды бизнес саласында ширату керек. Қазір бір кісі, яғни жалғыз кісі бизнеспен айналыса алмайды деген сыбысты естимін. Бұл қате пікір. Бизнеспен айналысып, жұмыссыздарға айлық бере алатын жағдай жасайын десем, жолымды қиып отыр. Майда-шүйде әкімшілікте отырған қыз-жігіттер жұмыстарын дұрыс атқармайды. Мәселен, ҮІІ қысқы Азияда олимпиадасында ұйымдастыру алқасы келіп, сіздің дүңгіршектің сән-болмысы талапқа сәйкес емес, сондықтан жабамыз, барып тұрған ұлтшылдық деп көсемсіді.
Қазақстанда өтетін ЭКСПО – 2017 көрмесіне мен қазіргі заманғы жейделерге ежелгі батырларымыздың бейнесін көркем етіп салып, сатылымға шығарсам деймін. Егер осы бастамама отандық көптеген компаниялардың қызығушылығы туып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі бірлесіп жұмыс жасауым осындағы ескі жұрт бауырларыммен бірігуім деп санаймын. Бірлік жоқ жерде, тірлік те жоқ. Мысалы, Еуропада әлде Америка елдерінде осы жейделерге өздерінің батырларын, қолдан жасалған, ойдан шығарылған кейіпкерлерін қойып, мәз болып жатады. Ал біздің батырлар шүбәсіз шын мақтаныш. Біріншіден, тұлғаларымызды жас ұрпақ танысын, екіншіден, Атилла, Бейбарыс сұлтан, Қобыланды, Қабанбай және тағы басқа батырларымыздың бейнесі әлемге танылсын деген оймен шығармақпын.
— Ширек ғасырға толып отырған Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбеті қандай?
— Қазақстан 25 жылда “жақсы жігіт” болып өсті. Әлем Қазақстанға көз тігіп отыр. Елбасымызға шетелдегі қазақтар ризамыз, шексіз алғысымызды айтамыз. Әсірелеп айтқаным емес, шетелде Нұрсұлтан Назарбаев десе, аққан су тоқтап қалады. Неге десеңіз, бұл үлкен кісінің қолынан да, тілінен де іс келеді. Оған көз жеткізіп келеміз. Шетелге дипломатиялық қарым-қатынаспен барғанда мемлекетаралық деңгейдегі маңызды істерді ақылымен шешеді. Шетел Президенттері де біздің Елбасымызды ерекше құрметтейтінін көзімізбен көріп жүрміз. Н. Назарбаев — Қазақстанды әлемге барынша таныта білген адам. Қазақстандағы бүгінгі тұрмысы өте жақсы, экономикалық-әлеуметтік жағдайы да көш ілгері, демократиялық көзқарасы бар. 1998 жылғы Қазақстанмен қазіргі Қазақстанды мүлдем салыстыруға келмейді. Еліміз зор қарқынмен дамыған. Алла бұйыртса, 2030-да Қазақстан көптеген жетістіктерді бағындырады деп ойлаймын.
Осы пікірімді тағы бір ауыз сөзбен тұздықтағым келіп отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында атамекеніме ұшақпен ұшып келе жатсам, сол жағымда бір қыз бала, оң жағымда бір ер бала отырды. «Балам, қайдан келе жатырсың?» — деп сұрадым. «Аға, мен Лондонда оқимын, Наурыз тойына екі апталық демалысқа келе жатырмын», — деді. Бұл маған ұнады. Екінші бала да: «Мен Барселоннан келе жатырмын, Испанияда оқып жүрмін, мен де Наурыз тойына келе жатырмын», — деп жауап берді. Керемет қой, қазақтың балалары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр, еліміздің келешегі осылардың қолында. Шетелдегі қазақтар да Қазақстанның болашағының жарқын екеніне сенімді.
— Алыстағы ағайын атажұртына көшкісі келе ме?
— Әлемдегі қазақтарды атамекеніне көшірейік дейді. Жарайды, көшейік. Көшкенде қайтып көшеміз?! Дүниеде екі ел бар отандастарына есігін айқара ашатын. Біріншісі — еврейлер, екіншісі — түріктер. Дүниенің қай бұрышында тұрып, отандастары келемін деп хабар берсе, дереу оларды алғызады. Израильге өз отандасы барса, 50 мың доллардан ақша береді, үй аласың ба, жұмыс істейсіңдер ме, өз ықтиярың деп. Түріктер де солай. Біз 1952 жылы барғанда түріктер бізге жан басына 30 доллардан ақша, алдымызға бақша және жер берді. Жағдай болып, тұрақтап тұрып қалдық. Естісем, Қазақстан адам басына 1500 доллар береді екен. Бір үйден 4 адам барса, 6 мың доллар. Бұл 6 мың доллар бір айдың ішім-жемінен аспайды ғой, одан соң не болады? Үй жоқ, жер жоқ. Еліміздің жері кең байтақ. Баспананы жалғыз Алматы мен Астанадан бермесін. Ақтаудан, Атыраудан, Петропавл, Қызылордадан берсін. Жағдай жасаса, ел ауып келеді ғой. Еуропадағы қандастарыңның жақсы мамандықтары бар. Бизнесті терең меңгерген. Жат елдегі қазақтарға жерін, үйін берсе, Отанына келіп қызмет етер еді. Жат елде жүрсек те, өзіміздің тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жоғалтып алмайық деп жүрміз. Францияда қазақтың басын қосатын екі қоғам бар. Біріншісі — М.Шоқай атындағы Француз — Қазақ Достық қоғамы, екіншісі — жастардың футбол командалары ойнайтын Француз — Қазақ — Түрік Достық қоғамы. Араласып тұрамыз. Ұрпағымыз өсіп-өнді. Олар: үш мәдениеттің тізгінін ұстаған Түркия, Франция және Қазақстан. Ұлттық дәстүріміз ұмытылған жоқ. Келіндер орамалын тағады. Қыз ұзату, үйлену тойлары болып тұрады. Ораза, Құрбан айт аталып, жарапазан айтылады. Тілімізді, дінімізді сақтап келеміз. Соңғы жылдары Наурызды да тойлайтын болдық. Шүкіршілік. Ең бастысы, барша түркі жұртының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!
— Әңгімеңізге рақмет! Шетелдегі қандастарымызға дұғай сәлем айтыңыз!
Сұхбаттасқан — Жұлдыз Тойбек