«Мұсылман болу Үшін араб болу міндетті емес»

 

– Кішкентай, тіпті кішкентай кезімнің өзінде шешем марқұм жатарда киетін көйлегімді кигізіп, басымды орамалмен тастай қылып байлайды. Сөйтеді де: «Балам, түн – тылсым, түн – ауыр. Түнде жын-шайтан еліріп, адамның ашық-шашық жеріне үйір болады» дейді. Міне, содан бері басымнан орамал түскен жоқ. Әрине, жастау кезімде тақия да кидім, берет те кидім, шляпа да кидім. Ал, келін болып түскелі ашық-шашық жүріп көргенім жоқ. Осының барлығы – анамның тәрбиесі. Менің жас екенімде, қатарыммен бірге ойнап-күлгім келетінінде, соңғы сән үлгісімен киінгім келетінінде жұмысы жоқ болатын шешемнің. Тіпті, «Таңертең қол жумай, от жағуға болмайды. От – үйдің киесі, иманы. Әуелі қол жуып барып, от тұтату керек. Өйткені, ұйықтап жатқаныңда қолыңмен қай жеріңді ұстағаныңды қайдан білесің. Қолың таза емес. Сосын, ас үйге жалаңбас кіруші болма. Егер пісірген тамағыңнан сенің шашың шығып жатса, ол тамақ – арам. Оны ешкім жемейді. Бір тал шаш абыройыңды төгеді» дегенді үнемі айтып, санамызға сіңіріп тастаған.

Кейін өзім басымнан тастамайтын ора­малдың киесін де, қасиетін де ұқтым. Орамал – қазақ әйелінің қорғаны. Балада еңбек деп аталатын тас төбеміз бар ғой. Адам баласы сыртқы энергияны сол төбе арқылы қабылдайды екен. Яғни, жалаңбас, ашық-шашық жүретін әйелдерге жаман энергия көп өтеді. Сосын аурушаң, мінезі ұйқы-тұйқы әйел көбейеді. Осының барлығын ата-бабамыз баяғыда біліп, тұрмыстың бұлжымас заңына айналдырып жіберген. Қазір ғой, бәрін ұмытып кеткеніміз.

Ол – мүлде басқа дүние. Шұбатылған көйлек киіп, тұмшаланып жүргендер иманды әйелдер қатарынан емес. Хиджап – арабтардың ұлттық киімі. Ал, мұсылман болу үшін араб болудың қажеті қанша?!

Әрине, қазақ қыздары да, келіншектері де жалаңбас жүрмеген. Қазақ қыздары тұрмысқа шыққанша орамал тақпаған. Сәукеле киген. Некесі қиылғанға дейін сәукелемен тұрады да, некесі қиылған соң сәукелені шешіп, желегін ғана қалдырады. Желегі түспеген келін деп жататынымыз сол. Сондай-ақ, оң жақтағы қазақ қызы кәмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, моншақты қасаба, шашақты сораба, жырға деп аталатын небір керемет бас киімдер киген.

Сонымен қатар, қазақ қыздары шаш күтіміне ерекше мән берген. Шолпысын сыңғырлатып, он екі тал етіп өрген. Қос бұрым етіп өрген. Бірақ, қазақта ешқашан жалғыз бұрым болмаған. Жалғыз қалады деген ырыммен жалғыз бұрым өрмеген. Қос бұрымының әрқайсысы білектей болған ғой. «Жаужүрек мың бала» деген кинода жалғыз бұрымды қыздар бар. Ол дұрыс емес. Ал, қалмақтарда жалғыз бұрым болған.

Енді, хиджапты айтатын болсақ, ол – арабтардан келген тұмша. Олардың өзі мұсылман дінін қабылдағанға дейін хиджап киген. Яғни, хиджап – олардың тарихи ұлттық киімі. Даласы – шөл, үнемі құм борап тұратын болғандықтан, олардың әйелдері көздерін ғана қалдырып, тұмшаланып киінетін болған. Ал, оны біз хиджап кимеген мұсылман емес деп, біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрміз. Құдай-ау, шашыңды жауып жүргің келсе, неге кимешек кимеске. Қазақ әйелдерінің кимешегіне тең келер киім бар ма?! Ол денсаулыққа да пайдалы болған. Қазір жәдігерге айналған кимешекті алып қараңыз… Алдыңғы өңірі кіндіктен төмен түседі және бірнеше қабат кестеленген. Яғни, омырауды жауып тұрады, төске суық өткізбейді. Арты үшбұрышталып келеді де, тілерсекке дейін төгіліп тұрады. Белді суықтан қорғайды.

Мен жастардың ортасында көп боламын. Атаның аманатын жастарға жеткізгім келеді. Біздегі хиджап кигендер – адасқандар. Ал, мұсылмандықтың айғағы – тұмшаланған хиджап, қауғадай сақал емес, жүректегі иман. Балағын кескендерде, сақалы өскендерде емес, Алланы жүрегіне қондырғандарда ғана иман бар.

Әлгіндей пиғылдағылардың барлығы – Исламды іштен ірітуді, қазақты қадір-қасиетінен айыруды мақсат еткен дін­сіздердің ағымы. Олар біздің салт-дәс­тү­рімізді арабтарда жоқ дейді де, бар асы­лымызды харам санайды. Мысалы, олар айтады әкеңе ас берме, келіндер сәлем салмасын, өлген адамды сол заматта жерле дейді. Арабтардың өлген адамды сол заматта жерлейтіні жері ыстық, мәйіт шыдамайды. Ал, біздің дәстүрімізде жан-жақтағы ағайын-туысын күтетін үрдіс бар. Келіп, көңілі суысын, бір уыс топырағын салсын дейді. Сол арқылы әр адам өзінің де ажалды екенін, мынау өмірдің жалған екендігін түйсінеді.

Бақытжан керемет тауып айтатын айтқыштығы, әдемі әзілі бар адам еді, жарықтық. Наға­шылары – Қаракесектің Шаншары. Қаз­дауыс­ты Қазыбектен бастап, Мәди аталарымыз ғой. Атам Бақытжанды жатыпатар дейтін. Кейде Атамды да нокаутқа жіберетін. Бәкең өмірден озғаннан кейін мен де естелік жазғым келді. Бірақ, естелік ауыр ғой. Сондықтан, Бәкеңді кім болса да, күліп еске алсыншы деген ниетпен әзілдерін жинақтап «Әзіліңді сағындым» деп кітап етіп шығардым.

«Не көп болса, соның қадiрi жоқ… “Қартаны күнде жесең, әлем боқ сасиды” деген. Бүгiнде сақал сыйлаудан қалып барамыз… Өйткенi, сақалдың қадiрiн кетiрiп жiбердi… “Сақал текеде де бар” дей салатын болдық».

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері

Зейнеп АХМЕТОВА