Мұсылман және оның басшысы

Басшының іс-әрекеті Аллаға және Оның елшісінің үкімдеріне қайшы келмесе, оның үкімдерін мұсылмандар толыққанды сөзсіз орындайды. Абдуллаһ ибн Умар Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам бұл оған ұнаса да, ұнамаса да, әмірлерді тыңдап, оларға мойынсұнуы қажет, тек егер оған күнәлі іс бұйырылмаса ғана. Ал егер оған күнә істеу бұйырылса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынсұнбауы қажет», -дегенін айтады (әл-Бухари және Муслим).

Әбу Абд әр-Рахмән ибн Али былай деп баяндайды: «Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды жорыққа аттандырып, Мәдинәның бір тұрғынын басшы етіп тағайындайды да, қалғандарына оған бойсұнуды бұйырады.  Жолда ол басшы ызаланды да, адамдарға: «Пайғамбар сендерге маған бағыныңдар демеді ме?» – деп ашуланды. Адамдар: «Иә», – деп жауап берді. Сонда ол: «Ендеше маған отын жинаңдар!» – деді. Адамдар отын жинап болғанда, ол от жағуды, содан кейін бағыныштыларға отқа кіруге бұйырды. Адамдар тынышсыздана бастайды да: «Біз пайғамбардың дініне оттан құтылу үшін кірдік…», – деседі. Олар от сөніп біткенше және қолбасшысының ашу-ызасы тарқағанша орындарынан қозғалмай тұрады. Қайта оралған соң болған оқиға туралы Пайғамбарға жеткізді және ол: «Егер олар сол басшының айтқанын істеп отқа кіргенде, Қиямет Күніне дейін одан шықпайтын еді. Ақиқатында, Алла әмір еткен нәрселерге ғана бойсұну қажет», – деп айтады.» («Фәтх әл-Бәри» кітабынан).

Саләмә ибн Йәзид әл-Джуғфи бірде Алланың Елшісінен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың пайғамбары, егер бізден міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрады. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі немесе үш рет қайталады және әр кез пайғамбар оған теріс қарай берді. Сонда әл-Әшғас ибн Қайс Саләмәны қолынан тартты, бірақ осы кезде Пайғамбар:«Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойсұныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер», – деді. (Муслим).

Хазреті Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарған: олардың біреуі қаза тапса, оның орнына басқасы келетін. Менен кейін басқа пайғамбарлар болмайды, бірақ әмірлер болады, көптеген әмірлер». Одан: «Ендеше, біз не істеуіміз керек?» – деп сұрағанда, ол: «Берген анттарыңа берік болыңдар, ал Алла олардан қоластындағылардың барлығы үшін сұрайды»,- деген. (Муслим).

Халықты басқаруды өз қолына алу арқылы адам өз мойнына өте ауыр жүкті алғаны. Өйткені Қиямет Күні әрбір адам өз билігінде, немесе қарамағында болғандардың барлығы үшін жауап бермек. Мысалы, отағасы – жанұя  басшысы. Олай екен, Қияметтің күнінде олда өзінің әйелі және балалары үшін жауап бермек. Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылардың барлығы үшін жауап береді. Бұл жөнінде Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің әрбірің – бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Күйеуі – жанұяда бақташы және өз отбасы үшін жауапты. Әйелі – ерінің үйінде бақташы және ол үшін жауапты. Қызметші – өз қожайынының дәулетіне бақташы және оған жауапты. Бала – әкесінің дәулетіне бақташы және ол да оған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы, және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты» деген. (Әхмәд, Әбу Дауд, әт-Тирмизи).

Хазреті Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Абд әр-Рахмән, өзіңді әмір етіп тағайындауды сұра ма, өйткені сені сұрауың бойынша әмір етіп тағайындаса, осы лауазым үшін жауап бересің. Ал егер сені онсыз (сұрауыңсыз) тағайындаса, онда саған осыда (әмірлікті атқаруда) көмек көрсетілмек»,- делініпті хадис шәріпте (әл-Бухари және Муслим).

Демек, әрбір адамның өзіне жүктелген міндеттерді орындауға күші де келе бермейді. Мүмін-мұсылман адам Раббысынан қорқып, жауапкершілікті өзі іздемеуі керек екен, алайда егер халық оған билікті сеніп тапсырып жатса, ол барлық істе әділ және Құдайдан қорқып бар күш-жігерін салып халқына қызмет етуге тиіс. Раббымыз Алла Тағала өзінің жердегі басшыларына Өзінің кәміл шариғатының негізінде үкім етуді және әділ болуды бұйырады. Қасиетті Құранда: «Егер үкім шығарсаң, әділдікпен үкім ет», делінген («Мәидә» сүресі, 42-аят).

«Елдің басшысы,  елдің қызметін жасайды»,-дегендей елдің ертеңі мен болашағы үшін, мемлекеттің тыныштығын сақтап, жағдайын жақсарту, құқығын қорғап, әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мақсатында халыққа қызмет етіп жүрген басшысыға бойұсынуға келсек, бұл мұсылманшылықтың белгісі. Аббас Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндапты: «Кім өзінің бастығынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, бұған сабырлықпен қарасын, өйткені мұсылман жамағасынан бір еліге болса да ауытқып өлген адам жәхилиет (Исламға дейінгі надандық) дәуірінің өлімімен өлгендей болады» (әл-Бухари және Муслим).

Егер бағынышты адам залым бастықтың жәбірлеуінен құтылғысы келсе, ол ең алдымен өзі зұлымдық және әділетсіздік жасауын қоюы керек. Мәлик ибн Динар көктен түскен кітаптарға сүйеніп: «Мен – бүкіл патшалардың патшасымын, және Менің қолымда олардың жүректері. Егер адамдар маған бойсұнса, Мен өзімінің рахымыммен оларға әділ патшаларды патша етемін. Ал егер олар Маған бойсұнбаса, Мен өш алып, оларға залым патшаларды патша етемін. Жүректеріңді патшаларың туралы ойлармен мазаламаңдар, қайта Менің алдымда тәубе етуші болыңдар, ал сонда мен сендерге рахымшылдық етемін» деген» деп баяндайды.

Арфәджә Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер бір әмірдің қоластында біртұтас болсаңдар және сендердің біртұтастықтарыңды бөліп тастағысы келген біреу келсе, ол кім болса да, оны (яғни әмірге қарсы шыққанды) аямаңдар (өлтіріңдер)!»,- дегенін жеткізіпті (Муслим).

Тоқ етері, мұсылман адам басшыға бағынуға, оны тыңдауға және оған бойсұнуға, сондай-ақ, ол туралы жаман сөздер айтпауға міндетті, өйткені басшыға бойсұнбау дін мәселелерінде де, дүние тіршілігінде де жаман зардаптар әкеледі. Осындай зардаптардың бірі – мұсылмандардың күш-қуаттылығының әлсіреуі. Соның салдарынан мұсылманның дұшпандары өздерінің жауыз жоспарларын тезірек амалға асыруына жол ашылады. Егер мұсылман әмірі өз халқының арасында құрметке ие болса және қоластындағылары оның Алланың шариғатына сәйкес берілетін әмірлерін орындаса, онда Исламның жаулары да ол Басшыдан қорқатын және ондай Басшыны құрметтейтін болады. Ал егер мұсылмандардың өздері өз Басшысын құрметтемесе, онда олардың жаулары да одан сескенбейді. Бұл өз кезегінде – олардың мұсылмандарға деген менсінбеушілігінің көрінісін тудырады. Сондықтан да мүмін-мұсылмандар барлық мұсылмандардың тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі жүктелген адамды құрметтеуі қажет, бүкіл дүниежүзіндегі адамдар оның алдында да, барлық мұсылман халықтарының алдында да құрмет пен қорқынышты сезінулері үшін.

Ибн Мәсғуд Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Одан: «Уа, Алланың Елшісі, сол уақытты көртіндерімізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», – деп жауап берді. (әл-Бухари және Муслим). Демек, ел қамын ойлап, халық қызметінде жүрген басшымызға біз де дұға жасауымыз жақсы амал.

Алла  Өзінің құлдарына не пайдалы екенін бәрінен жақсы біледі. Сондықтан да, Ол адамдарға барлық нәрседе – дінде және әдепте, экономикада және саясатта, отбасылық және қоғамдық қатынастарда Өзінің өте дана әмірлеріне ілесуді бұйырады. Мұхаммед Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) діні Исламды ұстанып, қасиетті Құран мен хадис шәріптерге бойсұнып, Сүннетіне ілесушілердің тап-таза және шынайы көзқарастары міне осындай. Сосын, мұсылмандар басшыларға адал болса, ешкімнің қастығы олардың иманын талқандай да алмайды. Өйткені Алла Тағала мүмін-мұсылмандарға былай деді: «Егер сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың (яғни Алланың дұшпандарының) арам ойлары сендерге еш зиян тигізбейді» («Әли-Имран» сүресі, 120-аят).

Сөзімізді мына ақидамыздың тірегі боп тұрған Ұлы ғалым және фәқих Әхмәд әт-Тахауи (239-321 Һ) өзінің «әл-Ақида әт-Тахауия» кітабында: «Біз имамдарымызбен әмірлерімізге қарсы шығуды мойындамаймыз, тіпті олар қателессе және әділетсіздік жасаса да. Біз оларды лағнеттемейміз және оларға бойсұнудан бас тартпаймыз. Біз оларға бағыну арқылы Ұлы және Құдіретті Аллаға бағынамыз дегенге сенеміз. Ал оларға бойсұну – барлық нәрседе міндетті, егер олар күнә істеуді бұйырмаса ғана. Біз үнемі Аллаға Ол оларды тура жолға салсын және есендік берсін деп жалбарынамыз»,- деп жазады. Бұл әһли-сунна уал-жамағаттың ұстанымы.