Мұсылман зиратына қатысты қағидалар бекітілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XIV мәжілісінде мешіт жамағаттары мен жекелей азаматтардан келіп түскен сұрақтар мен өтініштерге байланысты мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары бекітілді.

Қабылданған қағидалар мен талаптар мәтінінде қабірді қоршау, қабір үстіне құрылыс нысандарын салу, қабір басына белгі тас қою, оның айналасын тазалау, түзету, т.б. мәселелер қамтылған.

«Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары» деп аталатын құжат мәтінінде: «Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, аяққа тапталмас үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі.

Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды» (Имам Муслим, Жаназа бабы), – деген. Егер қабір басына кесене салынып қойылса, оны бұзуға болмайды. Алайда, кейбір Ислам ғалымдарының пікірі бойынша, ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген («Хашияту ибн Абидин», 2 том, 237-бет).

Қабір басына белгі ретінде тас қоюға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында үлкен бір тасты көтеріп әкеліп белгі үшін бас жағына қойған (Әбу Дәуід. Жаназа бабы).

Алайда, белгі ретінде қойылған құлпытасқа сурет салуға, сондай-ақ құлпытасты мүсін бейнесінде ойып жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, сондай-ақ, ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін құлпытасқа жазбаған жөн. Қабірдің лақатын жабатын материалға күйдірілген кірпіш, қара қағаз, целлофан пайдаланбаған дұрыс. Қабірді жабу үшін табиғи материалдардан ағаш, тақтай, шыбық, плитаны пайдалануға болады. Қабір айналасын тазалауға, түзетуге рұқсат. Ал, оны жаңалауға, бояуға т.б. болмайды.

Қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек қана өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ (жағымсыз әрекет). Мұсылманның қабірі өзге дін өкілдері зиратымен араласпай, бөлек қазылуы тиіс», – делінген.

muftyat.kz