Мүмін Алладан не сұраса, оған сұрағаны берілетін болады…
Жаратушы Жалғыз Алла былай айтқан:
— Мені танып-білген жан, Мені қалайды. Мені қалайтын жан, Мені танып-біледі. Кімде-кім Мені жақсы көрсе, соның жанын аламын. Кімнің жанын алсам, соның өтеуі Өзім боламын.
— Намазды Мен Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім. Менің құлым Менен қалаған нәрсесін сұрасын. Егер Менің құлым: «Әлһамдулилләһи Раббил әләмин»(Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән), — десе, оның Мені дәріптегені.
— Егер Менің құлым: «Ар-Рахмани-Рахим. Мәлики яумеддин» (Аса қамқор, ерекше мейірімді. Қиямет күнінің иесі), — десе, оның Мені мадақтағаны.
— Егер Менің құлым: «Ийака нағбуду уа ийака настаин» (Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз), — десе, бұл сөздер Менің және құлымның арасында болады. Менің құлым Менен не сұраса, оған сұрағаны берілетін болады.
— Егер Менің құлым: «Ихдинас-Сыратал-Мустаким. Сыратал ләзина анамта аляйхим Ғайрил-Мағдуби аляйхим уа ляд-Даллин» (Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес), — десе, онда қалағанының бәрін сұрасын. (1:1-7).
— Лайықты адам қасымда, ал Мен оның қасындамын. Ол қабір азабынан, Қиямет күнгі азаптан құтылады. Олар Маған разы, ал Мен олардан разымын.
— Уа, фәни дүние! Маған қызмет еткенге, қызмет ет! Ал кім саған қызмет етсе, сен оны пайдалан.
— Алла Тағала алдында тәубесіне келіп, кешірім сұраған дауыстан артық қадірлі дауыс жоқ.
Егер кімде-кім тәубесіне келіп, былай айтса: «Жаратушы Раббым, мені кешір де рақымыңа бөлеші», — десе, Алла Тағала оған былай айтады: — Құлым Менің, сені тыңдап тұрмын! Не қаласаң, соны сұра. Сен Менің алдымда кейбір періштелеріме ұқсайсың. Мен саған сенің жаныңнан да жақынмын. Уа, періштелер, куә болыңдар! Мен бұл адамды кешірдім де рақымыма бөледім».
Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың былай айтқанын келтірген:
— Бұл дүниеде Менің достарым бар, оларды Менен басқа ешкім білмейді.
— Бір құлымның жанына бір мезетте Мен үрей мен тыныштық ұялатпаймын. Бұл дүниеде кім Менен қорықса, сол ақиретте тыныштыққа кенеледі. Бұл дүниеде кім тыныштыққа кенелсе, сол ақиретте үрейден құтылмайды.
— Кімде-кім Менен басқа біреуге үміт артса, ол Мені мүлдем білмейді. Кім Мені білсе, ол тек Маған ғана құлшылық етеді. Кімде-кім Менен басқа біреуден қорқатын болса, ол Менің жазама лайық.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан:
— Миғраж түні жерге түспей тұрып мен Алла Тағладан былай сұрадым: «Адам алыс жолдан достарына сыйлық алып келеді. Ал менің сыйлығым не болмақ?»
Сонда Алла Тағала:
— Уа, Мұхаммед! Сенің үмбетің Менің панамда болады. Ал егер олардың пешенесіне өлу жазылса, онда оларға Менен бір хайырлы хабар жетеді. Олар қабірге жерленгенде, олардың қабірін кеңейтуді Мен Өз міндетіме аламын. Ал олар Мақшарға жиналғанда, Менің мейірімім олардың бәріне тиеді. Егер қараса, Менің Жүзімді көретін болады.
«Әнуарул-ашиқын» кітабынан.
asyldin.kz