Мүмкіндігі шектеулі Қарағанды тұрғыны грант алып, үйде тігін цехын ашты

Тігін цехын қарағандылық Айнұр Тағыбаева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ашты. Әйел алты айлық тігін курстарынан өтіп, бизнесін дамытуға грант алды.
Айнұр Тағыбаева 37 жаста. Биіктіктен құлап, жарақат алғаннан кейін ол 19 жыл бойы мүгедектер арбасына таңылған. Осының салдарынан кезінде ол мамандық та ала алмаған. Бірақ, өмірдің барлық қиындықтарына қарамастан, ол өз ісін ашуды армандады.
– Оқудан бұрын мен үйде маникюр жасадым, кірпікті ұзартумен айналыстым. Екі жыл бұрын Жұмыспен қамту орталығына хабарласуды шештім. Маған тігінші мамандығын меңгеруді ұсынды. Мен бірден келістім. Тігуді бұрыннан білетінмін, қызығушылығым да зор болды, – дейді Айнұр Тағыбаева. – Оқуға инватаксимен барып отырдым, сабақтарды бір босатқан жоқпын. Содан кейін конкурсқа өтінім беріп, 583 мың теңгеге қайтарымсыз грантты жеңіп алдым.

 

 

Гранттық қаражатқа әйел оверлок, тігін машинасы, үстел, бу генераторы, үтіктеу тақтасын сатып алып, үйде шағын тігін цехын жабдықтады. Әзірге оның клиенттері негізінен туыстары мен таныстары. Ол киім мен төсек-орын тігеді.
Өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша Қарағандыда 119 адам грант алды. Олардың арасында 29 жасқа дейінгі жастар, мүмкіндігі шектеулі адамдар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар бар. Оларға 69 миллион теңге берілді. Биыл бизнесті ашуға бастапқы капиталды тағы 100 адам ала алады. Бұл ретте грант сомасы 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Жомарт Шаймұрат