«МҰЗБАЛАҚ» АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМІНІҢ ТРЕЙЛЕРІ ЖАРИЯЛАНДЫ
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мұзбалақ» атты толықметрлі көркем анимациялық фильмнің трейлерін жариялады. Бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайтын бұл мультфильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильмді режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы жасап шыққан. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі хабарлады.
Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.
–Біз осы «Мұзбалақты» жасаудан бұрын «Тастүлек» атты қысқа метрлі анимациялық фильмді аяқтаған кезіміз, «Қазақфильмге» Бақыт Ғафуұлы басшы болып келген болатын. Ол кісі анимация бөліміне келіп біздің «Тастүлек» анимациялық фильмімізді көріп, ұнатып, көңілінен өткеннен кейін, осы фильмді ары қарай толықметражды етіп жасауды тапсырып, қолдайтынын айтты. Содан бастап осы тақырып негізінде жаңа толықметражды «Мұзбалақ» мультфильмінің сценарйын жаздық, жаңа кейіпкерлерді қостық және экшн жанрында түсіреміз деп шештік. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осы мультфильмді жасап шықтық, – деді Тілек Төлеуғазы.
Авторлар «Мұзбалақ» атты анимациялық фильмі арқылы тарих қойнауына еніп, жоғалып бара жатқан, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениетін көрсету арқылы, адаммен бүркіт арасындағы сенім негізіне құралған достықты жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді.
–Бес жасар бүркітті қазақ «Мұзбалақ» дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық, –деді Тұрдыбек Майдан.
Естеріңізге сала кетейік, киностудия 2017 жылы екі толықметрлі анимациялық фильмді өндірді. Соның бірі «Мұзбалақ» болса, екіншісі режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қолбасшы Күлтегін туралы картинасы. Аталған фильмдер толыққанды аяқталған және прокаты мен тұсаукесері үстіміздегі жылдың көктеміне жоспарланған.
Анимациялық фильмнің мазмұны: Ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналап келе жатқан абжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасады. Ақыры абжылан қайта жер астына қашып жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен абжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді…
Дереккөз: https://aikyn.kz/2018/01/19/39683.html
Еркін ҚАЛДАН