МЫҢ АЛҒЫС, АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН!

Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков және аудандық мәслихаттың төрағасы Қадырбек Садубаев Ұлы Жеңіс мерекесіне орай соғыс ардагері Бурулева Мария Лаврентьевнаның шаңырағына арнайы барып құттықтады.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен, ұрпақ жадында өшпестей із қалдырған қарт майдангердің өмір жолы бір дастан. Жастық шағының ең аяулы күндерін қиянкескі жорыққа арнаған апамызға Нұрбол Әбдімажитұлы құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді.
Ұлы Отан соғысының ардегері 1944 жылдың тамызында медбике курсын аяқтап майданға аттанған. Соғыс аяқталғанға дейін әскери госпитальда медбике болып жұмыс істеді.
Мария Лаврентьевна 1926 жылы 14 қарашада Белогород облысы Новооскольск ауданы, Яковлевка ауылында дүниеге келген.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Отечественной войны II спепени» орденімен, «За победу над Германией», медальімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған. Әскери атағы-сержант.
Отан үшін от кешкен майдангер соғыстан кейін Қаратау сүт өңдеу зауытында әр түрлі қызметтерде табанды еңбек етті. Қазіргі таңда, 3 бала тәрбиелеп, 5 немересі, 2 шөбересі бар.