Мың бір түн
Мың бір түн – Өмір Кітапты, Мың рет оқы, мейлің, Сен. Есепке құрған бақытты, Мың-миллион теңге деп жүрсең…
Оқи бер қанша мәртебе, Бар оның қандай сиқыры. Алтын жисаң да тау-төбе, Адыра қалар бір күні.
Келеді жыр боп бұрыннан, Шахтардың барлық асылы. Адамдар қанша қырылған, Бір байлық болып ғашығы.
Шарапты ішіп наздана, Төсекте мамық жатқайсың. Өмірде мынау аз ғана, Сұлудан да опа таппайсың.
Аққулар көлге келер ме, (Бүреді бүркіт – қара дәу). Арманға жеттім дегенде, Бір-ақ түн жетпей қалады-ау!
Қаймақ деп тірлік қаспағын, Алдана берме көп бекер… Шахризада жайлы дастаның, Шайтандар жайлы боп кетер…
Абайла
Мен іздеймін, о нені? Тағдыр деген сынақта. Жауап іздей береді, Миым мәнсіз сұраққа!?
Қанша көрдім қиынды, Төзім – темір болғасын. Теңіз болып құйылды, Тек төгіліп көз жасым!
Мен қорқақпын, қорқақпын, Сескенемін о, неден?! Еш амалын таппаппын, Кірлепті жан-дүнием?!
Ажал торын құрғасын, Мен сөйледім ақырын. Жерде қалар өр басың, Абайлашы, ақыным!
Жетісайдың базарында
Жетісайдың базарында, Бір мұңды әйел отырады… Баян тартып, азабын да, Ән-дауыспен толтырады.
Домбырасын кейде алып, Беймаза бір күй тартады. Кейде күліп, кейде налып, Өзін-өзі жұбатады.
Талантты бір осы жанды, Тағдыр қайда бастап жатыр. Сыңғырлатып тостағанды, Жұрт тиынын тастап жатыр.
Қасиетін осы әйелдің, Мұңды дауыс, ән аша ма?! Қайнап жатқан асау-өмір, Той ма оған, тамаша ма?!
Базар өмір былай қалып, Ішінде мұң, сыр жатқандай. Жүрегімді Құдай алып, Осы әйел қып жырлатқандай.
Бір құпия көрді ме екен, Жер үстінен, күн астынан, Әлде жалған өмір ме екен? Өнеріне сыр аштырған, Тиын-тебен сұрастырған?!
Тойыңда
Айтпадым әнді тойыңда, Тұрса да кесе қолымда…
Биді де билей алмадым, Әндетіп жатты жан-жағым.
Дәмнен де ауыз тимедім, Тілекке құлақ ілмедім.
Адамның бәрі жамандай, Сол тойдан кеттім амалдай…
Қауымнан тойшыл қаштым да, Қаңғырдым аспан астында…
Айтпадым сырын-зарымды, Жүректе бомба жарылды!
Мен неге өліп кетпедім, Қажеті қанша өкпенің?!
Бір қате, мың ғой, себебі, Түсіндірудің жоқ, керегі!
Күн, Ай, Жыл – аттай желеді, Түсінер кезің келеді!
Айтпап ем әнді тойыңда, Ал тойың… әлі ойымда!
Мырзашөлім…
Аралаймын Қазақтың байтағын көп, Отқа түсіп өртеніп, қайта гүлдеп. Шыбын жаным шырылдап, Мырзашөлдің, Кеткендігін шындық қып айтамын деп.
Тазалықты іздеймін – Құран көрем, Жердің дауын – бітпейтін ұран көрем. Әуелі Алла, содан соң ұлтын сүйген, Адамдардан жерімді сұрай берем.
Мықтыларды көргенде белсенемін, Сатқындарды көргенде теңселемін. Шөліркеткен ақиқат, тазалыққа, Жетеріме ақыры мен сенемін.
Шындықты айтып кеткендер таза қыран, Ақ боп шыққан қарғалар мазағынан. «Мырзашөлді қайтар!» деп өтінемін, Қолы таза, ары пәк қазағымнан.
Мұқағали емеспін, Жамбыл да емен, Ақандай боп өте алман ән-күйменен. «Жері кеткен» таңба бар сүйегімде, Абай болып алысам әркімменен.
Мен қашанғы жылаймын, зар етемін, Қара қарға – ағарар, дәметемін! «Ақырып теңдік сұрайтын» Алашымда, Бір Азамат білемін бар екенін!
Бұл өмір…
Бұл өмірдің қызығын, көремін бе, туғаным, Быт-шыт қылды сұм ажал досымның той-думанын.
Таза болам десең де, ел тағады өсегін, Пенделермен үйлеспес жан дүниелік есебің.
Иманда ма бар бақыт, оны айыра алдым ба, Жаман-жақсы құлқынның қоршауында қалдым ба?!
Нәпсі жатыр жақсыны бауырына басып ап, Имандарын жүр молда ақшаменен асырап.
Ал іздейін, іздейін, ақ жол, жақсы адамды, Қайсы елге, қай жерге басайын мен қадамды.
Салт-дәстүрін сақтаған, қарт үмітін ақтаған, Келіндері қылықты, ұл намысын сатпаған.
Қасиетті халқымнан артық халық таппадым, Бұл өмірдің қызығы – өз халқымды тапқаным!
Бақыт деген осы екен! (Бұл бақытты сатпағын), Өз жерімде, елімде өмір сүріп жатқаным!
ӨМІР ТУРАЛЫ
Өмірде заһар бір жағың, бір жағыңда бал тұрар, Жақсылардың бір күндік сұхбаттары зар қылар. Құр кеудеден не шығар? Әр нәрсенің парқы бар, Шама-шама дегендей, шамасы жоқтар алқынар.
Жамандарға жөн айтсаң, торсаң қағып ар қылар. Сыртыңнан ғайбат сөз тауып, бер жағымен жалтырар, Ішіне жинап ниетін, заманыңды тар қылар. Шындыққа жетпей шырмалса, шыбын да жаның шарқ ұрар.
Қас наданның қашанда сатып кетер салты бар, Тастың бәрі алтын ба, әр нәрсенің нарқы бар. Парқыңды ұққан адамның қияс өтпес салты бар, Жаманның тиіп залалы жақсыдан ғибрат артылар.
Ердің бір түспес еңсесі – қадірін білер халқы бар, Қадірін ердің білмекке қайран да көңілім талпынар. Аяулы жандар көңілін ақтарып салып арқырар. Жүректе кірің болмаса, жүзің айдай жарқырар.
Бұл өмірде кім жақсы, қадірлескен күн жақсы, Толғағы жеткен сөз еді, топ алдында айтылар. Тоң теріс болмай сөзімді, таразыға тартып ал, Аз өмірдің дариясы аға да бермес, сарқылар.
Тоң теріс болмай сөзімді, таразыға тартып ал, Аз өмірдің дариясы аға да бермес, сарқылар!
Өлең
Сөз патшасы өлең бе? Өлеңге Ел ерер ме? Жанын берер Ел үшін, Абай жыры сөнер ме?! Ақын жыры аспанда, Қазақ ойы – төменде. Санасыздың санасын, Жөндеу қиын – ол Ерге! … Күйіп кетем, Абай боп, Өңкей езді көрем де!
Жайна, жайна
Жайна, жайна, жайнақ күн, Жан бұлбұлын сайраттым. Жарты мәулет ғұмырды, Мәңгілік деп ойлаппын.
Қызыл, қызыл, қызыл күн, Қызарып батқан ұзын күн. Қысқа күнде қырық құбылып, Қу нәпсіден бұзылдым.
Қоңыр, қоңыр, қоңыр күн, Қоңырайған көңілдім… Ащысы мен тұщысын, Қатар көрдім өмірдің.
Күрең, күрең, күрең күн, Күйреуік қып жібердің. Күреңіте бермеші, Күнім туса, күлермін.
Шұбар, шұбар, шұбар күн, Шәт-шәлекей қып алдың. (Шыт емеспін, шыдармын) Шырмауықтай шырмама, Шұбардан да шығармын.
Сары, сары, сары күн, Сары алтындай жарығым. Сағындыра берген соң, Адамдарды таныдым. Бұлаң, бұлаң, бұла күн, Бұрқылдаған бұлағым. Табылмады жауабым, Таусылмады сұрағым.
Алматы. Қыстыгүні «Қаздар қайтып барады тізбектеліп…» М.Мақатаев
Әйей көктем, Жайнақ жаз, Күзді өткеріп, Аспан жерге көшуде тізбектеліп. Аққу қанат ақша қар қонып жатыр, Былтыр кеткен серігін іздеп келіп. Жоқ Амантай құрдасым, Төлеген де, Көміп келдім Қараойға – көне жерге. Серіктерім таба алмай сергелдең боп, Көне жерге көміліп көнерем бе?!
Жерге сіңген су құсап мен өлем бе? Жоқ, тамшыдан шөп болып көгерем бе? Аппақ қардай басталған қайран өмірім, Жалғаса ма немере, шөберемде?!
Аспан! Жерге түнеріп төне берме, Төменнен де, қар көрдім төбеден де. Аспан-көңіл, жерге кеп тыным табар, Айналу үшін ғана шөп-өлеңге!
Шөп дегенім, көгеру, айна-көктем, Жанымды жасартпақшы жайлап, еппен… …Түнге айналған өмірім, гүлге айналар, десем… За-ман-дас-тарым қайда кеткен?!
Жайыққа барғанда
Жағасында Жайықтың, (Жан жарасын жайыппын)? Халім менің халіндей, Қалтылдаған қайықтың.
«Сыртым дүрдей», дардаймын, Ішім түтін, қандаймын. Сөне жаздап бара жатқан, Жалқы шы-рағ-дан-даймын!
Жадырап бір күлмеймін, Тұман бөккен түндеймін. Осы мен де біреуге, Керекпін бе, білмеймін.
Ата-анасыз жетіммін, Алмас едім, кетілдім. Астан-кестен көңілім, Ауған түйе секілдім.
Секпіл бет қыз, сағындым, Сезім қинап, жаңылдым. Сенің солғын жүзіңді, Көретіндей неғылдым?!
Жастық өтіп кетті ме? Жер ортасы жетті ме? Жылдар Жайық – көңілімді, Шөлстан қып кетті ме?
Жоқ, достарым, көп міне, Жау алған жоқ тепкіге. Жабырқаман жамандай, Жақсыға ұқсап – тектіге.
Жағасында Жайықтың, Жалғыз тесік қайықпын… Десем, достар бар екен, Жаудай мұңнан айықтым.
«Мейман»
Ойлап ой түбіне жете алмай қалам, Оңаша тәкаппар ой келер маған – Құт қонақ келсе қой егіз табады, Мейманды атаңдай күт деген бабам.
Бір іске қонақ бар мың ақыл табар, Кей қонақ-қарақшы тұратын қамал. Бір ұрты май болып, бір ұрты қан болып, Күле кіріп күңіреніп шығатындар бар.
Қонақты қойдан жуас демеуші ме еді, Май берсең де мейманың жемеуші ме еді. Көңілі ашық, шырын сөз меймандос халқым, Мейманың жамбасақы төлеуші ме еді. Қонағың билеп, талап қоймаса, Жеп те тоймаса, жалап тоймаса. Мұнайыңды берсең де, көміріңді берсең де, Жер астыңдағыны санап қоймаса.
Болашақ ұрпағыңа арқан кермесе, Қазы, қартаны талқан көрмесе. Қазағым тамаша, жақсы халық деп, Арқаңнан қағып, аңқау көрмесе.
Мен сенің перзентің қазағым, халқым, Құдайым құр қоймас қазаныңды алтын. «Пейілімді алма!» деп тілеген елмін, Арамза келгендер – азабың халқым.
Ғасырда қаншама көрдім дұшпанды, Көкірегі аяққаптай колбин, буштарды. Үйіме кіретін киізімді тілетін, Мейманға қояйық төрді нұсқауды!
Кірмелер қаптаса шегіртке, құртша, Төріңді былғаса, көріңді құртса. Тойынып кекірсе, тұзыңа түкірсе, Ашығып перзентің сілекейін жұтса.
Қаңғыған қонағың , қадіріңді ұқса, Баяғыда ұтар еді бұл қазақ ұтса! Дәстүрім қор емес, пейілім тар емес, Шаңыраққа қарап, қонағым төріме шықса!
Дүние-жалғанға бәріміз мейман, Аллам, мерзімін белгілеп қойған. Қазағым, құтқаршы, осы бір ойдан, Құдайы қонаққа лағын сойған…
Ойлап ой түбіне жете алмай қалам, Оңаша тәкаппар ой келер маған – Құт қонақ келсе қой егіз табар, Мейманды неліктен күт деген бабам. Сөзімді кеше гөр данышпан бабам, Жыланға ақ құйып, алысқан бабам. Ешкімнен нан сұрап жүргенім жоқ, Ұлтымды басынса – Намыстан жанам!
Бала тілеу
Сәулем саған не дейін?! Баба Түкті Шашты Әзіз болып тілеп, Ойлағайсың мен саған жолықты деп. Қожа Ахметтен тілеген ару аналар, Арыстанбапқа түнемел қоныпты кеп.
Періштенің қанаты пәк болады, Секілденген сәбидің ақ тамағы. Бабасына сыйынып шын тілесе, Басы ауырған бәндәсі бақ табады.
Бүлдіршіннің сияқты саусақайы, Барлық дүние бал-тәтті болса, кәні. Жантақ жеген ісі адал түйеге де, Су екеш суды Құдай аңсатады!
«Бермеді деп құдайым тілегенді», Неғыласың көп іздеп кінәлі ерді?! Күнәсіздер аттанып арғы бетке, Күнәлілер басып жүр мына жерді.
Жыламашы, сәулешім, жылама енді, Шаңыраққа уық боп құрал, енді. Аруақтардан тілеп ем ақ жол саған, Арқа түгім күдірейіп шыға келді?!
Аз күн мейман мекендеп бұл әлемді, Құлағасын құшамыз құба белді. Олай тарттым құмалақ, бұлай тарттым, Сенің жолың ашық боп шыға берді!
Сұра, сұра! Береді шын сұрасаң, Көрдегіні оятып тыншымасаң – Мың күн сынбай сынады бір күн шөлмек, Бір ләззатын береді мың шыдасаң.
Бал тереді Ара да гүлді сүйіп, Гүлді сүйіп Жылан да жүрді ісініп. Бірі уды жасайды, бірі балды, Осындай қып қойыпты қу тіршілік?!
Сен – Арасың, бал терген халқың үшін, У жинауға титтей жоқ талпынысың. Бір Алласы бақытын кеш ұсынар, Бір Ананың ақ маңдай алтынысың.
Қораңызда бір Айғыр кісінеп тұр, «Бәрі – дұрыс, Алланың ісі» деп тұр. Шапанынан жөргектің иісі аңқып, Бие ұстаған Ақсақал кісі кеп тұр.
Кеш келеді, бақытың кеш келеді, Туғаныңда бір Алла шешкен еді… …Пешенеңде жарқырап Ай туып тұр, Нұрдан басқа көрмедім ештеңені?!
Мылтықбай Ерімбетов