Мына 13 тәсіл өміріңізді қалыпқа келтіреді!

1. Әрбір ісіңізді «Бисмиллә» сөзімен, яғни Алланың атымен бастаңыз. Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың есімі айтылмай басталған әрбір іс берекесіз болады», – деп үйреткен.

2. Ойланып барып, дұрыс шешім қабылдаңыз. Ілім алуға ұмтылыңыз, сауалдарыңызға дұрыс жауап іздеңіз, жүрегіңіз ең дұрыс деп тапқан шешімге бойсұныңыз. Шешім қабылдаған болсаңыз, Алла тағалаға тәуекел етіңіз. Қасиетті Құранның «Нахл» сүресі, 43-аятында: «…Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп ескертеді.

3. Дұрыс тамақтаныңыз. Суды көп ішіңіз және жеміс-жидекті, көкөністерді, жаңғақты да көбірек жеңіз. Тұз бен қантты артық қолданудан қашыңыз. Ішер асыңыздың халал екендігіне көз жеткізіңіз. Алла тағала Құранның «Бақара» сүресі, 172-аятында: «Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар», – деп ескертеді.

4. Ойлау қабілетіңізді жаттықтырыңыз. Оқығаныңыз көп болып, жинаған іліміңіз асып-тасыса да жеткілікті деп тоқтап қалмаңыз. Адамның миы бұлшық ет тәрізді, оны жаттықтырған сайын күшейе түседі. Әрдайым жаңа ілім үйренуге талпыныңыз, зерттеңіз, үйреніңіз. Ардақты Алла елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ілім алу әрбір мұсылманға парыз», – деп, ілім алудың міндет екенін айғақтап берді.

5. Таза ауада серуендеңіз. Көлік газдарымен уланбаған, таза ауа табиғат аясына жиі шығыңыз. Терең тыныстап, жаттығулар жасауды да естен шығармаңыз. Айналаңызға көз жүгіртіп, Әлемдердің Раббысы жаратқан жаратылыстарға назар аударып, Оған шүкірлік етіңіз. Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Денеңіздің сізден талап етер ақысы бар», – деу арқылы, тәніміздің алдында да жауапкершілігіміздің бар екеніне назар аудартады.

6. Құлшылық жасаудан ләззат алып, тыныштық табуға ұмтылыңыз. Алла тағалаға жақындататын амалдарды көбірек жасаңыз. Құранның «Рағд» сүресі, 28-аятында: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады», – делінген.

7. Отбасыңызбен қарым-қатынасыңызды нығайтыңыз және жаныңызға жақсы адамдарды тарта біліңіз. Туған-туысқандармен, жақындарыңызбен және сүйіктіңізбен байланысыңызды мығым етіңіз. Туралыққа жетелейтін қатынастарды дамытыңыз. Сөйлесіңіз, отбасыңызда дәстүрге айналған істерді құрметтеңіз және балаларыңызбен ойнауды да естен шығармаңыз. Әлбетте, бұл сүннет. Пайғамбарымыздың (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде жақындарыңмен қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын жеткізген және оны жасаған адамға әзірленген дүние және ақыреттік сыйдың зор екендігін хабарлаған.

8. Мейірімділік көрсетіңіз. Өзіңіздің уақытыңызбен, қабілетіңізбен, біліміңізбен бөлісуді әдетке айналдырыңыз. Алла елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тіпті, езу тартып күлімсіреп қараудың өзі садақа, ол – берекетті арттырады», – деп ескерткен.

9. Әрбір келген сынақты тағдырға бойсұнғандай қабылдаңыз. Өмірде көңілімізге қуаныш сыйлайтын сәттермен қатар, қайғыртатын да кездердің болатыны заңдылық. Біз қателесеміз, ол бізге ауыртпашылық салады. Біз өзімізге таңырқап, өзгелерге ашуланамыз. Әрбір сәттің Алланың қалауы мен даналығынан тыс емес екенін естен шығармаңыз. Сіз адамсыз және толысқан кемел де емессіз. Әрбір өзіңіздің ішкі күйзелісіңіз бен қайғыңызды дұрыс қабылдай біліңіз. Алла Тағала ауырлықты берсе, артынша жеңілдігін жіберетінін де ұмытпаңыз. Құранның «Ниса» сүресі, 28-аятында: «Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды. Өйткені адам баласы нашар жаратылған», – деп, әлсіздігімізді еске түсіреді.

10. Ой жүгіртіңіз және шүкір етіңіз. Қасиетті Құранның көптеген жерінде «ой жүгірткен жандар үшін» деп айтылған. Алланың белгілері мен ақиқаты ой жүгірте алғандарға, қызығушыларға, өз сауалдарына жауап іздеушілер үшін әрдайым сырын ашуға әзір. Алланың құзырындағы өзіңіздің шынайы келбетіңізге назар аударыңыз. Оның сізге толассыз беріп жатқан нығметтеріне шүкір етушілерден болыңыз. Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ең керемет дұға – «Әлхамдулиллаһ» сөзін айту», – деген.

11. Шынайы болыңыз. Алланың алдында шынайы болыңыз. Адамдармен қарым-қатынас кезінде де шынайылықтан ауытқымаңыз. Ардақты Алла елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір іс ниетпен бағаланады. Адам өзі талпынған нәрсесіне ғана қол жеткізеді», – деп жоғарыдағы ақиқатты баян етеді.

12. Тазалық. Тәніңіздің тазалығына аса мән беріңіз. Тазалық денсаулықтың кепілі екені ақиқат. Әрі, дініміз Ислам тазалыққа бұйырған. Өз айналаңыздың да әрдайым таза болуын қадағалап, әр затыңызды таза ұстаңыз. Ең бастысы рухыңыз бен ойыңызды тазалаңыз. Алладан жарылқау тілеуіңізді көбейтіңіз. Құранда «Бақара» сүресінің, 222-аятында: «Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді», – деп ескертеді. Сондай-ақ, хадисте тазалық иманның жартысы екені де айтылған.

13. Тынығыңыз. Дұрыс ұйқы денсаулығыңыздың жақсаруына, көңіл-күйіңіздің қалыптылығына және өзіңізді жақсы сезінуіңізге әсер ететін фактор. Құранда «Нәбә» сүресінің, 9-аятында: «Ұйқыларыңды дем алыс қылдық», – делінген. Ұйқы Алла тағаланың бізге деген шексіз мейірімінің бір көрінісі.

Жоғарыда айтылған насихаттардың барлығы сізге таныс болуы мүмкін. Дегенмен, Құранның «Зәрият» сүресінің, 55-аятында: «Үгітте! Өйткені үгіт мүміндерге пайда береді», – деп, білген нәрселерімізді қайта еске түсіріп, насихат етуіміз баршамызға пайда беретіндігі айтылған. Әлбетте, әлемдердің Раббысы Алла тағала жақсырақ білуші!

Аударып, әзірлеген
Ж.Кершеев