Мына күндері хиджама жасатудан сақтаныңыз!
Әсіресе, хиджама жасатушылардың көбейгенін байқаймыз. Себебі, пайдасын көрген соң, халықтың өзі-ақ әркімге жасатуға кеңес береді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі де хиджама жасатқанын хадистерден білеміз. Әрі Алла Елшісінің: «Бал мен хиджамада шипа бар», – деген де хадисі бар (Бұхари, «Тыбб», 3).
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Хиджама жасаушы неткен жақсы құл, артық қаныңды алады, беліңді жеңілдетеді, көзіңді жарқыратады», – десе, Ибн Аббас: «Алла Елшісі (с.а.у.) Миғраж түні бір топ періштелерге кездескен сайын әлгі періштелер: «Хиджама жасатуды жалғастыра бер! Үмбетіңе де хиджама жасатуды әмір ет!» – деген», – дейді (Тирмизи, «Тыбб», 12).
Міне, Пайғамбарымыздың осынау өсиетіне сүйеніп, бүгінде елімізде де көптеген адамдар хиджама жасатады.
Ал сол хиджама жасатудың белгілі бір күндері бар ма? Пайғамбарымыз (с.а.у.) қай күндері хиджама жасатқан? Бұл сұрақтар әрбір мұсылманның қызығушылығын тудырар?
Тирмизиде келетін хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) айдың 17-сі, 19-ы және 21-і күндері хиджама жасататын», – делінген (Тирмизи, «Тыбб», 12). Бұл жерде һижри күнтізбесі екенін ескеру керек.
Ибн Омар (р.а.) өзінің азат еткен құлына: «Ей, Нафи! Қан қысымым көтеріліп кетті, маған хиджама жасайтын біреуді шақырып кел. Шақыратын адамың да жас біреу болсын. Кәрі не бала болмасын», – деді. Ибн Омар әрі қарай сөзін жалғастырып: «Мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Хиджаманы ең жақсысы аш қарында жасау, себебі онда берекет пен шипа бар, ақылды арттырады. Есте сақтау қабілетін жақсартады. Хафыз болғысы келетіндердің есте сақтау қабілетін арттырады. Хиджама жасатқысы келгендер Алланың есімін атап, бейсенбі күні жасатсын. Жұма, сенбі және жексенбі күні хиджама жасаудан сақтаныңдар. Сосын дүйсенбі және сейсенбі күндері хиджама жасатыңдар. Сәрсенбі күні хиджама жасаудан сақтаныңдар. Себебі, сәрсенбі Аюб (а.с.) пайғамбарға ауру келген күн. Алапес ауруы да тек сәрсенбі күні немесе сәрсенбі түні шығады», – дегенін естідім», – дейді (Ибн Мәжә, «Сүнән», (3488).
Міне, сүннетке сай хиджама жасату үшін мұсылмандардың бұл хадистерді де біле жүргені жөн.
Сұлтан КЕРІМ