МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, егемендігіміздің нығаюы мен экономикамыздың дамуы Қазақстан халқының ертеңгі күнге деген сенімін арттырып отырғаны белгілі.
2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялады. Бұл күн елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің өзара достығы мен ынтымақтастығын, бірлігі мен татулығын ұлықтайтын мереке. Айтулы мерекені отыздан астам ұлт өкілдері тату — тәтті тұрып жатқан аудан тұрғындары да ерекше көңіл – күймен қарсы алды.
Аталмыш шара Бурыл ауылдық округінде ұйымдастырылып, Тәуелсіздік мерекесінде ауыл халқын қуанышқа бөлеп, ел игілігіне ұсынылған мәдениет үйінде өткізілді. Мерекелік шараға жиналғандар алдымен этномәдени бірлестіктердің халық шығармашылығы және ұлттық тағамдар көрмесін аралап, олардың дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен танысты. Айта кету керек, салтанатты шара барысында барлық санитарлық талаптардың сақталуына аса мән берілді.
«Мың алғыс саған, Қазақ елі!» тақырыбына арналған іс – шарада аудан әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде Алғыс айту күні – бірлік, келісімнің және өзара сыйластықтың жарқын мерекесі екендігін айрықша атап өтті.
— Алғыс айту күні елімізде тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара достығын, ынтымақтастығын, бірлігі мен татулығын ұлықтайтын мереке. Бұл мерекені бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан Бурыл ауылында, пайдалануға берілген 180 орындық мәдениет үйінде қарсы алып отырмыз. Елдегі бірлік пен татулықты, ынтымақты бұрынғыдан да нығайта түсуге әрқайсымыз үлес қосуға міндеттіміз. Өйткені, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін ең бірінші бірлік қажет. Бірлік, татулық — басты байлығымыз саналатындығы сондықтан, — деген Нұржан Молдиярұлы аудан аумағында 30-дан астам этнос өкілдері ғұмыр кешіп, ортақ шаңырағымызды көркейтіп отырғанын және ынтымағын – ырысқа, бірлігін – берекеге теңейтін өңірдегі 5 этномәдени бірлестік ел игілігі жолындағы түрлі бастамаларға қолдау көрсетіп, аймақтағы қоғамдық келісімді сақтауға лайықты үлес қосып келе жатқанын жеткізді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында талай қиындықтарды бірге жеңдік, табысқа бірге жеттік. Қиындықтар бізді біріктіре түсті. Ынтымақ, мейірімділік, жанашырлық қымбат екенін Пандемия кезінде де түсіндік. Сондықтан, еліміздің болашағы үшін бір отбасының мүшесіндей бірлесіп, бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтай білейік. Бүгін бір-бірімізге жүрегімізден шыққан алғысымызды білдірейік. Өйткені, Алғыс айту, қамқорлық көрсету, шынайы сыйласу, адамдарды құрмет тұту — ең асыл қасиет» — деп сөзін түйіндеді.
Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің атынан «Түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Умат Башатов сөз алып, орамды ойларын ортаға салды.
— Алғыс айту күні мерекесі – кезінде бізге құшағын айқара ашып, бауырына басып, қолындағы барымен бөліскен қазақ отбасыларына деген құрметіміздің белгісі деп түсінеміз. Олар өздерінің жағдайы аса жақсы болмаса да, бізді кеудемізден итеріп, далаға қалдырған жоқ. Мұның бәрі халықтар достығын нығайтуға ықпал етеді. Бүгін мен ыстық пейілі мен қолдауы үшін қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді, — деді ол.
Іс – шара соңы 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған аудан өнерпаздары мен ұлттық этномәдени орталықтары өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Онда «Алғыс айту» бейнеролигі көрермен назарына ұсынылып, әуелеген әсем әндер шырқалды. Мың бұралған бишілердің орындауындағы билер де көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Ал, бағдарлама соңы Қызыл жұлдыз ауылдық «Шаттық» би тобының орындауындағы «Достық» биімен аяқталуы да береке мен бірлігі жарасқан Байзақ ауданының ынтымақтастығы мен тату тірлігін паш етті.