МЫҚТЫ БОЛУ…

Мықтыларды ешкім жақсы көрмейді. Олар ыңғайсыз. Оларды басқару мүмкін емес. Олар жан-жүрегін естиді, өзін бес саусақтай біледі, неге лайық екенін түсінеді, лайық дүниесінен бас тартпайды.

Олардың жан дүниесінде зәкір бар. Сол зәкірді шектеусіз өмір мен ештеңеге қарамастан бақытты болу деген тілекке байлаған. Олардың ділі мықты. Оны таптап кете алмайсың, суырып та ала алмайсың. Олардың темірдей тәртібі бар. Өзін бағалауы мықты.

Өзіне деген сенімі нық. Олардың өмірлік ұстанымы бұлжымайды. Мықтылар кез келген шындыққа шыдайды. Тағдырдың тәлкегіне төзімді. Сатқындық пен оңашадағы ой иірімдерінен тұратын дауылға да төзімді. Қайғыдан қорықпайды.

Жүрек түкпіріндегі соғысты бастан кешіп, жеке тозағын көріп-білген соң жан жарасын даналыққа ұластыруды үйренген. Содан да жүрегінде сұлулық пен көркемдікті үйлестіріп, өмірден ләззат алуға бейімделген.

Мықтылар бөтен жолда жүрмейді. Бақытты саудаламайды. Махаббатты сұрап алмайды. Бірақ Құдай махаббат жіберсе, ұлы сый деп қабылдайды. Сүйгенін сатып кетпейді…

Арына адал өмір сүреді. Ешкімге өмір сүруді үйретпейді. Өмірлік хикаясын айтып мақтанбайды. Өзін жетілдіріп, танып-білуге күш салады. Өз жүгін өзі көтереді.

Оны ешкімге арқалатпайды. Айтқаны мен істегенін мойнымен көтереді. Қателігінен сабақ алады. Мықтылар бос өкініштен гөрі дұрыс пайымды таңдайды. Не нәрседе де тыңғылықты – оларды морт сындырып, бөтеннің тілегі мен ойын таңа алмайсың.

Ешқашан. Мінезі мен төзімін бүлдіре алмайсыз. Мықтылар бір сәтте көзден ғайып боп кете алады. Олардың сезімін сынап, сарқып алмаңыз.

Лия Русс

Аударған Shynar Ábilda

Пы. Сы. Елге еңбек етіп жүргендермен сурет