Мырзахан Қадыров: Мектебімізде сынақтан өткен дарындылар ғана оқиды
Алдағы жылы, бұйырса, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының құрылғанына 55 жыл толмақ. Аталмыш өнер ордасы осы уақыт ішінде небір өнер дүлдүлдерін даярлап шығарды.
Жақында жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы бағытта жемісті жұмыс істеп келе жатқан өнер ордасында болудың сәті түсті. Сол жолы мекеме басшысы Мырзахан Қадыровке жолығып, сұхбаттасқан едік.
Бір жылда 174 лауреат!
— Мырзахан Қожаханұлы, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың ежелгі музыка мәдениетіне жете көңіл бөліп, оны ұрпақ санасына сіңіру керектігін айтқан еді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
— Белгілі өнер қайраткері, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, композитор Ахмет Жұбанов бұдан тура 55 жыл бұрын бұл мектепті ауыл балалары үшін ашқан. Ондағы мақсаты — шалғайдағы қазақ балаларын өз ана тілінде кәсіби деңгейдегі музыкалық біліммен сусындату болатын. Бүгінде Ахаңның сол арманы толық орындалды деуге болады. Қазіргі таңда мектебімізде жеті бөлім тұрақты жұмыс істейді. Олар: халық аспаптар бөлімі, фортепиано, скрипка және альт бөлімі, виоленчель және контрабасс, үрмелі аспаптар бөлімі, сондай-ақ хормен дирижерлау және теория бөлімі. Осы аталған бөлімдерде бүгінде барлығы 470 жеткіншек білім алуда. Оларды дәстүрлі ән өнеріне және классикалық музыкаға тәжірибелі, білікті мамандар баулуда.
Біздің мектепте балаларды екі түрлі бағытта оқытады. Балалар түске дейін жалпы білім беру бағытында білім алса, түс қайта музыкалық пән сабақтарын оқиды. Мектеп жанында 150-ден астам оқушыға арналған мектеп-интернат бар. Сол жерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген музыкаға дарынды 200-ден астам бала жатып, оқиды. Олар күніне бес мезгіл тамақтанады. Мектеп-интернатта тұру, баланы оқыту тегін. Біздің мектепке қабылданатын балаларға қойылатын талап қатаң. Сынақтан өтіп, дарындылығын дәлелдей білген балалар ғана мектепке дәріс алуға жіберіледі. 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін оқып, музыкалық мектеп бағдарламасын толық меңгерген балаларға мектеп бітіргенде арнайы сертификат беріледі. Осы құжатпен олар саз мектептерінде музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей алады. Біздің мектептің түлектерінің көбі музыкалық ұжымдарда жетекші орындарда қызмет істейді. Бұл-біз үшін үлкен мақтаныш.
Бүгінгі таңда мектеп-интернатта 163 негізгі педагог қызмет атқарады. Олардың 105-і — жоғары санатты, 23-і — бірінші санатты, 25-і екінші санатты ұстаздар. Оқытушылар арасында бір — ҚР Халық әртісі, үш — ҚР Еңбек сіңірген әртісі, бес — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жеті — ҚР Мәдениет қайраткері, он — ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, он бір — ҚР Білім беру ісінің үздігі, сегіз — Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, бес — Мәдениет саласының үздігі және бес «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері бар. Осындай мықты құраммен жұмыс істегендіктен, қызметіміз де нәтижелі. Оны мектепте қызмет ететін ұстаздарымыз бен шәкірттеріміздің жеткен жетістіктерінен-ақ көруге болады. Мысалға айтар болсақ, осы биылдың өзінде мектеп ұстаздары мен оқушылары жылдағы дәстүр бойынша көптеген халықаралық және республикалық байқауларға қатысты. Жас мұғалімдер арасында Н.Мусаев елімізде биыл тұңғыш рет өткізілген Б.Шүкеев атындағы үрмелі аспаптар орындаушыларының байқауына қатысып, І орынды жеңіп алды. Фортепианошы қызымыз Жібек Қожахметова Америка, Германия, Испанияда өткен халықаралық байқаулардан жүлделі орын алып келді. Тағы бір жас ұстаз Ғалымжан Нарымбетов Францияда баяншылар арасында өткен «Кубок мира» халықаралық байқауына қатысып, арнайы Кубокты жеңіп алды. Ағымдағы жылы халықаралық, республикалық конкурстарға 197 оқушы қатысып, солардың ішінде 15 оқушы бас жүлдені иеленді. 135 оқушы лауреат, 24 оқушы дипломант болды. Бұл — мектебіміз үшін үлкен жетістік.
Сондай-ақ, биыл Петропавл қаласында 9 қарашада өткен Қазақстан мен Ресейдің XV-өңіраралық ынтымақтастығы форумында 8-сынып оқушысы Нұрсұлтан Омарғазин Ресей Президенті В.Путин мен Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың алдында өнер көрсетті. Шәкіртіміздің өнері мемлекет басшыларына қатты ұнап қалды. Нәтижесінде біздің Нұрсұлтанымыз (ұстазы Г.А. Мелькова) Елбасының қатысуымен Астана қаласында өтетін Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертке қатысуға шақырту алды. Мектебімізде жыл сайын А.Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар байқауы ұйымдастырылып жүр. Биыл 25-ші рет өткізіліп отырған бұл байқауда халық аспаптары және арнайы фортепиано класының балалары өнер көрсетті. Өнер додасына еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар қалаларындағы мамандандырылған музыка мектептерінен, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен 200-ге жуық жас орындаушылар қатысты. Жас өнерпаздардың өнерін сарапқа салған қазылар алқасының құрамы еліміздің және шетелдердің танымал музыканттарынан құралды. Ресейдің М.Глинка атындағы Новосибирск қаласындағы мемлекеттік консерваториясының профессоры Е.А.Романовская және Қырғызстанның халық әртісі Т.Мураталиев сияқты өнер иелері қатысушыларға әділ бағасын берді. Алдағы уақытта осы дәстүрлі байқауымыздың көкжиегін кеңейткіміз келеді. Байқауға бұрынғы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресеймен қоса, болашақта Украина, Грузия, Прибалтика елдерінің музыканттарын шақыруды жоспарлап жүрміз.
Жас орындаушылардың кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында әр оқу жылында мектеп оқушылары Мемлекеттік симфониялық оркестрмен, «Қазақстан камератасы» камералық оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық оркестрі және «Құрманғазы» атындағы оркестрлермен бірлесіп, абонементтік концерттер өткізеді. Мысалы, биыл 12 абонементтік концерт өткізіліп, бұған мектебіміздің 121 оқушысы қатысты. Шамамыз келгенше, балаларды алыс-жақын шетелдерге байқауға жиі жібергіміз келеді. Өйткені, мұндай байқаулар баланың қабілетін, деңгейін анықтайды. Жеңімпаз атанғандар өздерінен кейінгілерге ықпал етеді. Жас балалар оларға еліктеп, дәстүрлі және классикалық музыканың қыр-сырын терең ұғынуға шындап кіріседі.
Халық аспаптар бөліміне жарты ғасыр
— «Биыл халық аспаптар бөлімінің құрылғанына 50 жыл толды» деп отырсыз. Мерейтойға байланысты қандай шаралар ұйымдастырылуда?
— Халық аспаптар бөлімі мектебімізде алғашқылардың бірі болып құрылды. Бұл бөлімнің құрылғанына биыл жарты ғасыр толып отыр. Бөлімнің негізін ҚР Халық әртісі, профессор Фатима Балғаева, ҚР Білім беру ісінің үздігі Исахан Айтжанов, профессорлар — Хабидолла Тастанов, Малғаждар Әубәкіров сынды елімізге белгілі өнер майталмандары қалады. Бүгінде халық аспаптар бөлімін осы мектептің түлегі, ҚР білім беру ісінің үздігі Төрехан Кәрібаев басқарып отыр. Жақында осы бөлімнің 50 жылдық мерейтойына байланысты ұжымның үлкен концерті болды. Қазақконцерт залында өткен гала-концертте көрермендер Қазанғаптың күйі «Торы аттың бөгелек қағуы», Ықыластың күйі «Кертолғауды», Көзбенбеттің «Бозінгенін» және тағы басқа да халық шығармаларын тыңдады. Ықыластың «Қорқыт» атты күйін күйшінің тікелей ұрпағы Ақнар Шәріпбаева сонау Атыраудан келіп, орындап берді. Концертте Е.Брусиловскийдің, В.Черниковтың, Е.Үсеновтің, Қ.Ахмедияровтың, Ғ.Бейсеқожаевтың шығармалары да орындалды. Мерейтойлық концертке осы мектеп түлектері ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісова, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев және осы оқу орнының деканы, дәулескер домбырашы Нұркен Әшіров қатысып, кештің мазмұнды, әсерлі өтуіне көмектесті. Сол үшін есімі аталған азаматтарға мекеме атынан алғысымды айтамын.
Жақында өзім Астана қаласына барып, тиісті орындарға жасаған жұмыстарымыз жөнінде есеп беріп келдім. Сол жолы мектептің симфониялық оркестрі «Астана мерейі» халықаралық конкурсына қатысып, лауреат атанды. Концертке қатысқан әйгілі скрипкашы, ҚР Халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мусаходжаева мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқушыларымыздың өнеріне әбден риза болып, оң баға берді. Осы жұмыстарымыздың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасын 100 пайыз орындап отырғанымыздың дәлелі емес пе?
Басқа мамандықты да олар таңдай алады
— Жаңа сіз «Бұл мектепке балалар 1-ші сыныптан бастап қабылданады» дедіңіз. Сонда мектеп түлектері тек қана музыка мамандығын таңдай ма? Түлектеріңіздің арасында басқа мамандықты таңдайтындар бола ма?
— Әрине, бар. Бірақ, басқа мамандықты таңдайтындар сирек. Мектеп түлектері, негізінен музыка саласын таңдайды. Осы мектепті бітіргендердің көбісі еліміздің түкпір-түкпірінде қазақтың өнері мен мәдениетін дамытуға қызмет етіп жүр. Түлектеріміздің арасында басшылық қызметтегі азаматтар да, есімдері елге танымал өнер адамдары да көп. Олар: ҚР Мәдениет және спорт министрі, «Құрмет» Орденінің кавалері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арыстан Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт Вице- министрі, ғылым докторы Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт, белгілі әнші, сазгер, продюссер Арман Дүйсенов, Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі ұжымының жетекшісі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, подполковник Тілек Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Толқын Забирова, Дүйсен Үкібай, Құндыз Қаламбаева, Ернар Мыңтаев, Әлқуат Қазақбаев, Асылбек Еңсепов, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық эт-нографиялық «Отырар сазы» оркестрінің директоры Данияр Байжұманов, Марат Анашев, Марат Хайрошев, Әбілғазы Ахмадиев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, осы оқу орнындағы халық музыкасы факультетінің деканы Нұркен Әшіров және Ерлан Рысқали, Руслан Баймурзин, Ерлан Бақтыгереев, Сәбира Құсайынова, Алмат Сайжанов, Қамаш Намазова, Әсел Қалекешова, Равиль Отарбаев, Раушан Оразбаева, Кенжегүл Мұсаева, Ботагөз Ташимова және тағы басқалары.
Биыл мектеп түлектерінің көпшілігі мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, республикамыздағы және республикадан тыс аймақтардағы музыкалық білім беретін жоғарғы оқу орындарының студенті атанды. Мысалға айтар болсақ, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясына — 11, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына-10, Қазақ ұлттық Өнер университетіне — 10 түлек оқуға түсті. Сондай-ақ, Ресейдегі П.И. Чайковский атындығы Мәскеу мемлекеттік консерваториясына — екі түлек, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясына — бір, М Глинка атындағы Новосибирск қаласындағы мемлекеттік консерваториясына — бір түлек, АҚШ, Бостон қаласындағы музыкалық колледжіне — бір, Чехия мемлекетіне — бір, Чанджоу Қытай мемлекеттік университетіне бір баламыз оқуға түсті. Міне, балаларымыз бен ұстаздарымыздың еңбекқорлығының арқасында осындай жетістіктерге жеттік.
— Мектеп ішінде көптен шешілмей жүрген түйінді мәселелер бар ма?
— Әрине, түйткілді мәселелер бізде де бар. Олардың бірқатарын өзіміз шешуге тырысамыз. Әліміз келмей бара жатса, басшылық арқылы шешеміз. Мысалы, дәл қазіргі уақытта бізде сынып жағы жетіспейді, нота керек, музыкалық аспаптарды да жаңарту қажет. «STENWAY» секілді нағыз мамандарға арналған заманауи рояльға зәруміз. Мектепті жөндеуден өткізіп алсақ та артық болмас еді. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Жыл сайын қажетті мөлшерде мектебімізге қаражат бөлініп тұрады. Биыл да тиісті орындар мекемемізге сұраған қаражатымызды беруге уәде етіп отыр. Бұйырса, бөлінген қаражаттың ретіне қарап, жоғымызды түгендейтін шығармыз.
— Әңгімеңізге рақмет. Жұмыс-тарыңыз жемісті болсын.
Сұхбаттасқан — Айша ӨТЕБӘЛІ