«Мырзахметов жобасының» нәтижесі көріне бастады
Сұрат ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жоба нәтижесінде ауыл тұрғындарының қоралары малға толуда. Бүгінде олардың несиеге сатып алған малы төлдеп, шаруаның шырайы кіріп келеді.
Жалпы, округте «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан несие алуға өтініш берген 150 тұрғынның есеп шоттарына ақшасы түскен. Оның 96-cы тиісті малды толық сатып алған. Жоба аясында округте алынған жылқы – 224, мүйізді ірі қара – 294, қой 1584 басты құрайды. Оған 290 миллион 856 мың теңге қаражат жұмсалған.
Сұрат ауылының тұрғыны Рүстем Найзабеков «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 3 миллион теңге несие алыпты. Оған 4 жылқы, 3 бұқа, 1 сиыр, 10 бас қой сатып алған еді. Сиыры алып келген күннің ертеңіне бұзауласа, қойдың жетеуі жақында төлдеген. Биенің үшеуі буаз. Сәуір мен мамырда құлындамақ. Осылайша ауыл тұрғындары жобаның алғашқы игілігін көре бастады.
– Бұл жобаның елге тигізер пайдасы көп екеніне көзім жетті. Оның бір жыл каникулы бар. Алған малымыздың алды төлдеп, табысымыз еселеуде. Енді мал төлін өсіріп, сатып, санын арттыруды жоспарлап отырмын. Округ әкімі алғаш жоба жайлы түсіндіргенде сенімсіздік білдіріп едім. Енді 2,5 процентпен несие алып, шаруамды шалқытып отырмын, – деді ол.
Ауылдық округ әкімі Ғазиз Байарыстың айтуынша, бірнеше күннен соң кооператив көктемгі дала жұмыстарын бастамақ. Кооператив төрағасы қазір мүшелерінің ауыл сыртындағы жер телімін нақтылап, олармен бірлесе жұмыс істеуде. Ынтымақ, береке болған жерде нәтиже бар. Жобаның екінші бағыты бойынша жұмыстар әлі жалғасын табуда. Бүгінгі таңда несиеге 2102 мал сатып алынған. Олардың барлығы ветеринар маманының бақылауынан, тексеруінен өткен. Сырғаланып, құжатталған.
Бұл жобаның мақсатын енді түсінген сұраттықтар аз емес. Солардың бірі – Рысқұл Ақшабаев. Ол 2 миллион 600 мың теңгеге 40 қой, 2 жылқы сатып алған. «Бұрын қорада мал ұстап көрмеппін. Енді үйренуге тура келіп тұр. Қазір қорада қозы маңырап, лақ жамырап, сәніміз кіріп қалды. Немерелерім де қозыларды қызықтап, қасымнан шықпайды. Қозылар қорадан шығып кете ме деп жарты сағат сайын қарап тұрам. Жарқын жоба тиімділігін беруде. Мұның бәрі осы немерелерімнің ырзығы деп білем. Осылар үшін жобаға қатысып, мал алып, жұмыс істеудемін, – деді ол.
Қайрат Сатымбаев болса мал алатындығын білгендей-ақ екі жыл бұрын қорасын сайлап қойыпты. Бәрі орнымен шешіліп, қорасы малға толғанына өзі де қуанып жүр. Шөбін майдалап турап беретін құрал-жабдығы да жұмыс істеп тұр. Қорасы тап-тұйнақтай. Шашылып жатқан шөп жоқ. Ол 3 миллион 600 мың теңге несиесіне 50 бас қой, 4 бұқа сатып алыпты. Елу қойдың 37-сі төлдеген. Кәсіпкер мал бордақылап, ет бағытында жұмыс істемек ниетте. Ал Азамат Найзабеков 5 миллион теңгеге 4 бас сиыр, 9 бұқа сатып алған. Бұқаларын бордақыға қойса, сиырларын сауып отыр. Енді ол «Меркі ет» комбинатымен байланыс орнатып, ет бағытында жұмыс істемек ниетте.
Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА
Меркі ауданы.