Нұр-Сұлтан мектептерінде ерекше қажеттілігі бар балалардың 80% әлеуметтік қолдаумен қамтылған

Елордада тіркеуде тұрған 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттілігі бар 9 073 балаға арналған бірыңғай база құрылды. Биылғы оқу жылында олардың 80 % оқытылып, тәрбиеленеді, сонымен қатар кепілдендірілген көмек пен қажетті қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен білім мекемелерінің басшылары елордадағы инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін талқылады. Негізінен білім ошақтарындағы пандус, лифт мәселелері сөз болып, жалпы білім беру процесіне қосылған балаларды психо-педагогикалық жағынан қолдау көрсету және педагогикалық кадрларды дайындау тұрғысында айтылды.

Сондай-ақ мамандар оқыту мекемелерінде тиісті материалды-техникалық базаны жабдықтап, арнайы құрылғылармен қамтамасыз етпей, инклюзивті білімнің әсерлі болуы мүмкін емес екенін атап өтті.

Елордалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың мәліметінше, 17 мектепте лифт орнатылған, соның ішінде 8 мектептегі лифт инклюзивті ортаға сай бейімделмеген. №65 мектеп-гимназиясындағы ерекше білім берумен қамтылған 58 баланы тасымалдау үшін 10 инватакси қызмет көрсетеді. Сонымен қатар арнайы мектеп-интернат үшін автобустар бөлінген.

22 жалпы білім беретін мектептерде логопед, психолог, дефектолог, тифлопедагогтардың сүйемелдеуімен оқытылатын арнайы коррекциялық сыныптар бар.

10 мемлекеттік мектепке дейінгі мекемеде педагог-психолог пен дефектолог-мұғалім, логопед-мұғалімнің қосымша штаттық бірлігі енгізілген коррекциялық топтар ашылды. Алғашқы рет жекеменшік балабақшаларда ерекше балаларға арналған топтарды ашу жөнінде мемлекеттік тапсырыс енгізілді.

Қала әкімінің орынбасары Бақтияр мәкен жыл соңына дейін елорда мектептеріндегі инклюзивті білім беруді 100 пайыз қамту қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында ерекше қажеттілігі бар адамдарға бірдей мүмкіндік қарастырып, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына инклюзивті қоғам құрудың маңызы зор екенін айтты. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 26 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, оның 5 500-і – балалар. Қалада орталықтар ашылып, оларды мемлекет жабдықтармен қамтып, қомақты қаржы да бөлініп, қорлар да жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ өкінішке қарай ерекше балаларды жәбірлеу әлі де бар.Осы бойынша біз жұмыс істейтін боламыз. Қала басшысы тиісті тапсырма берді. Үкіметтен де қолдау бар.  Биыл екі оңалту орталығының құрылысы басталады. Түрлі бағыттағы ауру бойынша ересектер мен балаларға да профилактикалық, оңалту емі қажет болғандықтан, қала үшін оңалту орталығының құрылысы өте маңызды. Инвесторлар қаржысына жаңа иппотерапия орталығын салатын боламыз», – деді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.