Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатады”

ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.

Кездесу барысында Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына қарсы тұру мәселелері қаралды.

Кездесуді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қордай аймағында болған оқиғалардың салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектес екенін білдірді.

“Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатады. 30 жыл ішінде біз өз халқымызбен бірге едәуір қиындықтарды бастан өткердік. Жастар бұл проблемаларды тіпті елестете де алмайды. Қазақстандағы 130 кәсіпорын өз қызметін тоқтатып, 2,5 миллион адам жұмыссыз және табыссыз қалды, баспаналарда жылу болмады, азық-түлік тапшылығы болды. Біз бәріміз осының барлығынан бірге өттік», – деді Елбасы.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда үлкен қиындықтарды бастан өткергенін еске салды.

– Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмағанда, бүгінде елімізге шетелдік инвестициялар келіп, экономика дамымайтын еді. Әрине, мемлекет басшыларына тиісті міндеттер қойылды, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау – ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Елбасы осы жағдайдың себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң нормаларына сәйкес жазалауды тапсырды.

– Бұл проблема аға буынға ой салуы керек. Менің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтана алатындай деңгейге көтеру. Аға буынның міндеті – біздің ортақ мақсатымыздың тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекетімізді сақтау екендігін адамдарға түсіндіру, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.

Елбасы қазіргі уақытта Президент Қ.Ж. Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет пен облыс әкімдігі зардап шеккен елді-мекендерде қалыпты өмірді қалпына келтіру үшін шаралар қабылдап жатқандарын да атап өтті.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның аймақтық бөлімшелерінің жұмыс сапасына ерекше назар аударылды.

– Ассамблея мен оның аймақтық бөлімшелері белсенді болып, мұндай жағдайларды бақылауда ұстауы керек. Бұл біздің ортақ міндетіміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев жан-жақты есеп берді.

Бірінші мәселені талқылау аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға еліміздің өңірлеріндегі, оның ішінде, жұмыспен қамту және инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік объектілерді қайта құру саласындағы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған бағдарламаларды одан әрі іске асыру тапсырылды.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы коронавирусқа қатысты жағдай Қытай экономикасына да, Қазақстан экономикасына да теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Біз «қол қусырып» отырмауымыз керек. Барлық жағдайға дайын болып, дәрі-дәрмектермен және басқа да қажетті ресурстармен қамтамасыз еткен жөн. Бұл мәселені бақылауда ұстау қажет. Мұндай жағдайларда қарсы шаралар атқарқаруға дайын болып, сыртқы фактордың ұлттық экономикаға теріс әсерін болдырмау қажет », – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Adyrna.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.