Н. Назарбаев: Қазір білекке емес, білімге сенетін заман
Біздің сауалнама:
1) Білім беру саласына өзгерістер қажет деп ойлайсыз ба?
2) Мемлекет басшысының жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша ағылшын тілі бастауыш сыныптан бастап жүреді. Бұл білім берудің мазмұнына, шәкірттердің ұлттық танымына, психологиясына кері әсерін тигізбей ме?
3) Білім ошақтарында оқушылардың бәріне бірдей бір деңгейде сапалы білім бар деп айта алмаймыз. Осы қайшылықтарды қалай жоямыз?
4) Сыбайлас жемқорлық пен парақорлық білім беру саласына да жиі көрініс беріп жүргені ащы шындық. Отандық білім беру жүйесін жетілдіруде, сондай-ақ әлем өркениетіне көшудің жолында бұның зияны шаш етектен. Бұны қалай тоқтата аламыз?
5) Әлі күнге дейін мектептерде ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар тапшы. Бұл жағы сіздің мектебіңізде қалай шешілуде?
6) Білімді ұрпақ — елдің болашағы. Осы ретте бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі ересектерді тәрбиелеп жатқан ұстаздарға көңіліңіз тола ма? Әсіресе осы тұрғыда жоғары білім ордаларындағы мұғалімдерді дайындаудағы олардың білім деңгейі қалай деп ойлайсыз?
7) Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай жер-жерде, ұжымдарда жанды жұмыстар жүргізілуде. Сіздің мектебіңіз бұл жөнінде қандай игі істерді жүзеге асырып жатыр?
«Білім — бақтың жібермейтін қазығы. Білімсіз бақ — әлдекімнің азығы», — деген Мұхтар Әуезов. Соңғы уақытта еліміздегі білім саласының әлем өркениетіне қарай бой түзеп келе жатқандығы көңіл қуантады. Бұйыртса, Дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына сай сапаны көтеру міндетін де толық орындайтын күн де келер. Осы ретте Алматы шаһарындағы білім беру ошақтарының еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда көш бастап тұрғандығын айта кеткеніміз жөн. Жыл сайын орта мектептер мен гимназиялар, мамандандырылған лицейлер мен зияткерлік мектептері қала оқушыларының алаңсыз білім алуына жан-жақты жағдай жасап қойған. Елбасы айтқандай, «қазір білекке емес, білімге сенетін заман». Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жылда білім саласында ауыс-түйістер болып жатады. Талап күшейген сайын оқушылардың да сапалы білім алатыны ақиқат. Осыған байланысты халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газеті Алматыдағы ең үздік деп танылған мектеп директорларына жоғарыдағы сауалдарымызды қойған болатынбыз.
Қыздықой Егемова, № 180 мектеп гимназияның директоры:
Бүлдіршін ең алдымен ана тілімен сусындауы тиіс
- Әрине. Қазіргі заман техника заманы болғандықтан, ескі білім беру үрдісімен дамыған мемлекеттермен теңесу мүмкін емес. Сондықтан еліміздің болашағы үшін білім беру саласына тың жаңалық керек-ақ. Мен оны қолдаймын.
- Білімнің жан-жақты толыққанды болуы үшін әлемдік ағылшын тілінің маңызын жоққа шығаруға болмайды. Жаңа өркениетті, техниканы қажетті деңгейде меңгеруде ағылшын тілінің маңызы зор. Алайда мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршін ең алдымен білімді өзінің ана тілінде алғаны дұрыс. Туған елінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін ана тілінде оқып, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына жағдай жасалуы керек. Ағылшын тілін меңгерту жолында ана тілін ақсатып алмауымыз керек деп ойлаймын.
- «Білім негізі — бастауышта» демекші, бүгінгі жаңа бағдарлама мектепалды даярлық тобынан немесе балабақшадағы даярлық тобынан өтпеген балаларға қиындық туғызуда. Сондықтан мектепалды даярлық топтарын қажеттілікке қарай жеткілікті мөлшерде ашып, даярлық топтарының жұмысын жаңартылған білім беру мазмұнына бейімдеп жандандыру керек. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіріп отыруы қажет. Халық көп шоғырланған аймақтарда мектептер салса, үш ауысыммен оқитын мектептерге жеңілдік болады және оқушының сапалы білім алуына да жағдай туындар еді.
- Сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың білім беру саласында да көрініс табуы көңілге кірбің ұялататыны анық. Елбасымыздың басты ұстанымы да осы сыбайлас жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шабу болып отыр. Әр азамат мектепті ұлтымыздың болашағы деп қарап, адамгершілікті жоғары қоя білсе, жағымсыз жайттардан арылар едік.
- Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес мұғалімдеріміз білім жетілдіру курстарынан өтуде. Саннан сапаға көшкен уақытта ұстаздарымыздың оқушыларымызға заман талабына сай білім бергенін қалаймыз. Сол себепті мамандарымыз арасында тәжірибе алмасу жиі көрініс тауып тұрады.
- Қазіргі білім беру саласындағы заман талабы әлдеқайда күшейгендіктен, жоғары оқу орындарында да болашақ мұғалімдерді іріктеу сапалы түрде жүрсе, сауатты ұстаздың алдынан сапалы білімді ұрпақ өсіп шығары анық.
- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша семинар ұйымдастырылып, ұжымда таныстырылып талқыланды. Сол негізде жоспар құрылып, келешекте атқарылатын жұмыстар белгіленді. Соған сай межеленген міндетімізді қазірден-ақ бастап кеттік.
Бейбітгүл Демеуова, жалпы білім беретін № 67 мектеп директоры:
Ата-ана, бала, мұғалім бірлессе,
сапалы білім де, тәрбие де болады
- Әрине, қоғам алға қарыштап дамып жатқан кезде білім беру саласына өзгерістер өте қажет. Әлем өркениетінің жетістіктерін, ғылымы мен техникасын меңгеріп, оқушыларымыз, жалпы қазақ жастары соны терең білуі үшін саннан сапаға жұмыс жасауымыз керек.
- Білім саласына еніп жатқан жаңартылған бағдарламадағы бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқытудан балаға ешқандай қиындық туындамайды. Қайта бір сөзді қазақша, орысша, ағылшын тілінде бірден біліп, тез қабылдайды. Жас кезінде бала барлық мәліметті жақсы қабылдай алады. Сондықтан көп тіл білгеннен баланың ой-өрісі өспесе, кері әсері болмайды депе есептеймін.
- Білім ошақтарындағы білім сапасының жоғары болуы кадр мәселесіне келіп тіреледі. Бүгінгі таңда мұғалімдерді түрлі курстардан өткізіп, білімдерін жетілдіріп жатыр. Дегенмен де сол алған білімін тәжірибеде қолдана білу әр ұстаздың өзінің ізденуіне, оқуына байланысты. Сонымен қоса, мектептегі білімнің сапалы болуына баланың өзіне және ата-анасының талабына да байланысты. Баланың мектепке барып келгеніне ғана риза болмай, оның не оқып жүргенінен хабардар болып, бағыттап отырғаны жөн. Ата-ана, бала, мұғалім бірлесе жұмыс жасаған мектепте сапалы білім болады.
- Заң жүзінде.
- Біздің мектепте 3 ағылшын тілі мұғалімі қызмет етеді. 2 мұғалім жаңартылған бағдарлама курстарынан өткен, тәжірибелі мұғалімдер. Біреуі жас маман.
- «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ЖОО келген жас мамандардың да бәрі бірдей емес. Олардың ішінде өте алғыр, білімді, бірден алға ұмтылатын мамандар бар. Әрине, көңіл толмайтын жағдайлар да кездеседі. Осы орайда, ЖОО-да оқып жүргенде мектептерге тәжірибеге көбірек шығып, болашақ ұстаздар мектеп өмірімен танысып, оқушымен тікелей байланысқа жиі шығатын болса, мектепке келген кезде батыл қадам жасар еді.
- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай мен басқарып отырған білім ордасында да игі істер атқарылып жатыр. Атап айтсақ, «Үш тілде білім беру» бағдарламасына байланысты физика, химия, биология, информатика пәндерінен мұғалімдеріміз білім жетілдіру курстарынан өтіп, 2017/2018 оқу жылында физика пәнінен ағылшын тілінде сабақ өтуге эксперимент алаңында тұрмыз. Сондай-ақ, мектептегі балаға білім беретін мұғалімдер дені сау, рухани таза болатын болса, болашақ ұрпақтың да білімі жақсы болатыны сөзсіз. Сол мақсатта мұғалімдер арасында сенбі күндері салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорттық жарыстар өткізіп тұрамыз. Әрбір жасөспірімнің бойына ұлттық тәрбие отбасынан, мектептен берілетіні анық. Соған байланысты түрлі тәрбие сағаттарымен қоса мектеп радиосынан күнделікті үлкен қоңырауда «Туған жердің тарихы», «Тарихи тұлғалар» айдарымен мәліметтер дайындалып айтыплады. Оқушыны патриотизмге баулу мектеп табалдырығын аттаған жерден бастап сезіліп тұруы тиіс. Осыған сәйкес есіктен кіргеннен бастап ұлағатты сөздер жазылып, оқушыға ой тастайтындай жасалған. Міне, біздің мектебімізде де осындай жанды жұмыстар жүргізілуде.
Ерулан Жиенбаев, № 92 мамандандырылған лицей директоры:
Мұғалімдерді жас деп,
тәжірибесі аз деп бөлген емеспін
- Қажет, әрине. Білім саласы — өте инертті жүйе. Мәселен, өндіріс саласын дамыту үшін, қажет технологияңды алып, өнімді шығара беруіңе болады. Ал білім ондай сала емес, бұл жерде бастысы адам факторы маңызды рөл атқарады.
Соңғы уақытта білім беру саласындағы Білім және ғылым министрлігі тарапынан тың өзгерістер қолға алынып жатқандығы көңіл қуантады. Өйткені білім жүйесін дамытудағы негізгі басты мақсат — әлемдік білім беру. Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші рөл атқарады. Ең бастысы білім сапасын арттыру арқылы ғана мол нәтиже көруге болады деп есептеймін.
Биыл 1-2, 5-7 сынып оқушылары жаңартылған оқыту бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл министрлік тарапынан іске асып жатқан жүйелі жоспардың бірі ғана деп айтар едім.
- Әрине, бұл — күрделі сұрақ. Бұл ретте Жапонияның білім саласындағы тәжірибесін алып қарауға болады. Олар бастауыш сыныптан орта буынға дейін өздерінің таза ана тілдерінде оқытады. Менің ойымша 1-сыныптан бастап ағылшын тілін мектеп бағдарламасына кіргізу дұрыс емес. Алайда әртүрлі факторларды да ескеріп, оның қажеттілігі жоқ деп кесіп-пішуге тағы болмайды. Жеке өз басым бастауыш сыныпты мейлінше тек қазақ тілінде оқытуға мүмкіндік жасар едім. Өйткені дүниетаным негізі қазақ тілінде қалыптасқан бала қазақылықтан кете алмайды. Әйтсе де, бастауыштан бастап үш тілде сөйлеген бала жаман болмайды ғой, әрине. Баланың миы ақпаратты тез қабылдайды, тез үйренеді. Заман талабына сай өсіп жатса, оның несі айып? Баланың жаны өте нәзік, тылсым жұмбаққа толы. Жас шыбық тәрізді. Сондықтан бұл сұрақты бір жақты ғана қарап жауап беруге болмайды деп есептеймін.
- Оны түбегейлі жою деген нәрсе қисынға келмейді. Оған мысал ретінде мынаны айтайын, қоғамымызда елдің бәрі мектепті өте жақсы деген бағамен бітіріп, ЖОО-н үздік дипломмен аяқтаса, бәрі шетінен бастық болып кетпей ме? Алайда бәрі керісінше ғой. Еліміз дамыған сайын, білімділермен қатар қара жұмысшылар да, етікшілер де, сантехник те, көлік жүргізуші де, тіпті, қойшы да керек. Сондықтан кішкентай кезінен баланың қай салаға икемі бар, соны қадағалау керек. Ертеңгі күні ол өз саласының хас маманы бола ма, жоқ па, соны бірінші орынға қою керек.
- Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою мүмкін емес. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде бұл дерт жыл өткен сайын дендемесе, азайған емес. Сол секілді біз дамушы елміз. Алайда біз оның алдын аламыз. Әр адам өз еліне адал еңбек етуі керек. Сонда өзгеге де сыйлы болады. Анау парақор, мынау жемқор дей берсең, қоғамда сондай көзқарас қалыптасады. Әсіресе журналистер провикацияға, сенсацияға жақын өздеріңсіңдер. Қыста мектептің суығына тоңып, біреудің баласы үшін шыр-пыр болатын мұғалімдердің де құнын түсіресіңдер осылай. Ең ардақты, құрмет тұтатын маман иелерінің беделін осылай өзіміз түсіріп тастадық. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Еліміздің білім беру ошақтарында жаппай жемқорлық орын алып жатқан жоқ қой. Сондықтан өзіміз аз ғана халықпыз, жаманымызды жасырып, жақсымызды асыратын алмағайып уақыт қазір.
- Ол рас, әлі күнге дейін біздің лицейде де ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар тапшы. Алайда оқушыларымыздың іргетасын қалайтындай сауаты бар. Ай сайын тәжірибелік курстардан өтеді. Мұғалім болсақ та, оны өзіміз де оқимыз, үйренеміз, балаларға үйретеміз. Әу баста мұғалімнің жұмысы өмір бойы оқу, іздену, үйрену және өзгеге үйрету болғандықтан, қазір шет тіліне аса мән беріп жатырмыз.
- Жоғарыда айтып өткенімдей, онсызда беделін түсірген еңбекқор жандардың, яғни өзімнің әріптестеріме көңілім толмайды деп ешқашан айтпаймын. Лицейде соңғы 3 жылда жұмысқа қабылданған мамандардың дені жастар. Жас екен, тәжірибесі аз, кеше ғана университет қабырғасын бітірген деп, ешкімді бөлген емеспін. Өз ісіне тиянақты ма, сабағын қызықты етіп өткізе ала ма, міне, мен үшін ең бастысы осы.
Қазақстан тарихында болды ма, болмады ма білмеймін, таяуда ғана Сүлеймен Демирел атындағы университетте Республикалық мамандандырылған мектептердің екі күнге созылған «Тамыз кеңесі» болып өтті. Бірінші күнгі шеберлік сыныптарын Астанадан келген әріптестеріміз өткізсе, кеңестің екінші күнін лицейіміздің жас мамандары өткізді. Көптің алдында өз инновациямызды көрсеткен жас мамандарымызға сол жердегі әріптестеріміз риза болды. Сондықтан зор сеніммен, нық айта аламын жастарға, оның ішінде жас мамандарға көңілім толады.
Елбасымызға өте ризамын. Атап айтқанда, дәл осы еңбегі үшін. Өте құнды, әсіресе ұстаздар, жалпы білім ошақтары үшін. Руханиятымызды жандандыруға, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге, жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеуге арналған құнды жоба. Соның аясында біз оқушыларымыз үшін Семейде былтыр үш күндік экспедиция ұйымдастырған болатынбыз. Абайтану сабақтарының нәтижесінде оқушыларымыз Абай мен Шәкәрім, Жидебайды аралап, зиярат етіп, танымдық экспедициямыз көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Ендігі көктемгі демалыста үш жоба бойынша, оған ата-аналарды да тартып, 8 сынып оқушыларын Баянауылға жібереміз деп отырмыз. Одан кейін киелі Түркістан, Тараз деген сынды. Ұстаздарымыз осындай елді мекенге оқушыларымызды жай аралатып қана қоймайды, бармас бұрын сол өңір туралы ақпарат жинап, қасиетті жерді көзбен көріп, қолмен ұстауға, тағылымды әңгімелерді естуге барады.
Жұлдыз Әбіл