Н.Назарбаев: Лаңкестер ең қатал жазаға тартылуы тиіс!
Қасиетті Рамазан айы басталғалы жүрегі елжіреп, шамасы жеткені ораза тұтып жатса да Ақтөбедегі оқиғаны естен шығара алмай жүргенін жасыра алмаймыз. «Іштен шыққан жау жаман» деп бабаларымыз текке айтпапты. Отанымыздың тыныштығын күзеткен үлкенді-кішілі әскери қызметтегі жауынгерлер отандастарының қолынан ажал құшамын деп ойлады ма екен?..
Қазақ болғандардың ғана емес, күллі қазақстандықтардың шаңырағынан береке қашқандай. Бұрын ата-аналар балаларына көшеге шыққанда көпшілікпен бірге жүр деп бұйырса, қазір керісінше көпшілік жүретін ортадан бойды аулақ ұстауға үндеп жатыр. Бейбіт замандағы мұндай бүлікке билік те көз жұмып қарап жатқан жоқ. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Кездесу барысында В.Жұмақанов ел Президентіне Ақтөбе облысындағы антитеррорлық операцияның осы кезеңге дейінгі нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қазіргі уақытқа дейін 13 қылмыскердің көзі жойылып, 14-і жараланғанын айтты. Бұдан бөлек, дайындық кезеңінде қылмысқа қатысудан 20 адам бас тартқан, олар анықталып, жауап алынды. Қазіргі кезде 6 адам іздестірілуде, қолда бар ақпарат бойынша, олар Ақтөбе облысының аумағында жүр. Мемлекет басшысы Ақтөбе облысындағы террористік әрекеттерге қатысы бар адамдарды ұстап, тұтқындау жұмыстарын тиімді түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
– Біз олардың сол өңірде екенін білеміз, жеке бастарына қатысты мәліметтер белгілі, халыққа ескертілді. Қылмыскерлердің бәрін түгел тұтқындау қажет. Қарулы қарсылық көрсеткен жағдайда көздерін жою керек. Барлығы ең қатал жазаға тартылуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбедегі жан түршігерлік оқиғадан кейін республика көлемінде қырық күнге дейін «сары» белгі, яғни, лаңкестік әрекеттің болу қаупінің ықтималдығы барлық абоненттерге смс түрінде келіп жатыр. Ал, оқиғаның ортасы болған Ақтөбе мен оған жақын орналасқан Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында лаңкестік әрекеттердің орын алу қаупі жоғары деп бағалануда.
«ЕлАна»