Н.Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сессиясына қатысты
Астана. 02 сәуір. Baq.kz – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сессиясына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Саммит делегаттары алдында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығына кіретініне назар аударды.
– Бізде ұлттық деңгейде нақты ядролық қауіпсіздік бойынша бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылды. Ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесі жетілдірілген. Ядролық және радиоактивтік материалдарды идентификациялау орталығын құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көшірілді. Ел аумағындағы Ұлттық ядролық орталықтағы осындай жобаны жүзеге асыру жеделдетіледі. Ядролық нысандардың бәрі МАГАТЭ-ның жан-жақты бақылауында тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміз бүгінде уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып отырғанын, сондай-ақ осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті.
– Біз бейбіт мақсат үшін ядролық отын өндірудің жаһандық технологиялық тізбегінен лайықты орын алу ниетіндеміз. МАГАТЭ-мен бірлесіп Ядролық отын банкін құру біздің маңызды үлесіміз болғанын айтқым келеді. Бұл Иранның ядролық проблемасын шешу үшін де маңызды болды. Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсат үшін пайдаланғысы келетіндер осы Банк ресурсын қолдануына болады. Біз төмен байытылған ядролық отынның Халықаралық депозитарийі болып саналамыз. Бізде МАГАТЭ-мен бірлесіп уранды өндіру және байытудың барлық циклын автоматты түрде тіркеу, бақылау және қорғаудың пилоттық жобасы табысты іске асырылуда. Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қолжетімділік тең болуын қолдайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастық түрлі елдердің ұлттық энергетикалары мен өнеркәсіптерін төмен байытылған отынға көшіру ісін ынталандыру шараларын әзірлеуі қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық полигоны жабылған соң Невада мен ҚХР-да сынақтар тоқтатылғанына назар аударды.
– Біз бұрынғы полигон аумағындағы халықты сауықтыру және жер мен суды заларсыздандыру жөніндегі жүйелі халықаралық көмек аясын кеңейту мәселесін қойдық, өйткені Қазақстан осы қасіретпен жалғыз өзі бетпе-бет келіп отыр. Мен елдердің көшбасшыларын, әсіресе Орталық Азия ядросыз аймағының кепілі саналатын бес державаның басшыларын, сондай-ақ ядролық жойылудың суицидтік қатерін болдырмау жөніндегі әлемдік мақсатты құптайтын мемлекеттердің мәртебелі делегацияларын полигонның жабылуының 25 жылдығына арналған еске алу шарасына шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын пайдалануының нақты жағдайға айналып отырғанын, сондықтан әлем елдері көшбасшыларынан нақты іс-қимыл талап етілетінін айтты.
– БҰҰ аясында барлық елдің қатысуымен терроризмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл жарияланбаған соғыста тек осылай жеңіске жете аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті саммит өткізу жөніндегі Б.Обаманың бастамасы жалғасын табуға тиіс екеніне сенім білдірді, өйткені мәселе әлі шешім тапқан жоқ.
– Қазақстанның осындай іс-шара өткізуге моральдық құқығы бар деп ойлаймын. Бұл полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан елге деген ризашылықтың белгісі болар еді, – деді Мемлекет басшысы.