Н. Нұржігітов: Біз халыққа бәрін ашық түсіндіруіміз керек

Жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев  жылыту  маусымының қорытындысы туралы хабарлады. Ол облыстағы барлығы 8 ірі жылыту көздері 83 локалды және 444 автономды қазандықтар штаттық режимде жұмыс істегенін, нәтижесіне 1664 әлеуметтік маңызы бар нысандар және 1622  көпқабатты үйлер және  мекемелердің бәрі толығымен жылумен  қамтылғанын, оған қажетті отын түрлері жеткілікті болғанын айтты.

— Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтары үшін жоспарлы 67,4 мың тонна көмір, халық үшін 188 тонна көмір толық қамтамасыз етілді. Дегенмен, Жаңатас қаласының орталық қазандығына тиесілі 12,8 мың тонна әлеуметтік мазуттың 8,4 мың тоннасы ғана жеткізілді. Жеткізуші  мердігер «Наш быт» ЖШС тарапынан келісімшарт талаптары бұзылуына байланысты Сарысу ауданының әкімдігі сотқа талап арыз берді. Дегенмен, ауа райының  қолайлы болуы да маусымның төтенше жағдайсыз өтуіне  ықпал етті.

Сәуір айының  басынан жылыту маусымы тоқтады. Бірақ, көпқабатты үйлерді ыстық сумен  қамту жалғаса береді.  Алайда, алдағы тамыз айында қысқы маусымға дайындық жұмыстары және құбырларды жөндеу жұмыстарына байланысты 20-25 күнге ыстық  су беруді тоқтатамыз. Тұрғындар осыған түсіністікпен қараса,-деді басқарма басшысы.

Облыс  әкімі бірқатар аудан әкімдерінен жауаптар алды.  Кей ретте басқарма басшысы мен аудан  әкімдері айтқан цифр сәйкес келмей жатты.

— Сіздің цифрыңыз неге аудандармен сәйкес келмейді? Оның  өзіндік  себептері бар шығар. Бірақ, сіз  сол себептерді баяндамаңызда айтуыңыз қажет еді. Біз халыққа бәрін ашық түсіндіруіміз керек,- деді облыс әкімі аталған басқарма басшысына қарата.

Жылытуға қатысты өзге де бірқатар  мәселелерге назар аударған облыс әкімі  облыс орталығындағы «Көне Тараз» кешеніндегі 6 нысанды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосудың тиімді жолдарын қарастыруды ескертті.

— Құбырларды жөндеу шараларын жылы суды тоқтатпай жүргізудің мейілінше тетігін де қарастырыңыздар. Газдандыруды арттыра түсуіміз қажет. Көгілдір отын барған ауылдың әлеуметтік  мекемелерін де  газға қосуға міндеттіміз. Осы жағын ерекше назарда ұстағанымыз жөн. Алдағы жылыту маусымында мәселе туындамауы тиіс. Жұмыстарды сапалы жүргізгеніміз дұрыс,-деді облыс әкімі қорытындылап.

Жамбыл облысы әкімдігі