Н. Нұржігітов: Құқық бұзушылықтың алдын алуда мүдделі органдар бірлесіп нақты шаралар қабылдауы тиіс

Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Кеңесте №4 үлгілік базалық бағыты «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» жобаларын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Басқосуда алдымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы бірінші орынбасарының уақытша міндетін атқарушы – превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров баяндама жасап, қалыптасып отырған ахуал мен көрсеткіштерге тоқталып өтті.

Оның айтуынша, өңірдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес 2 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен 2 сыртқы талдау жүргізілген. Ол су бағытында және пайдалы қазбаларды пайдалануға байланысты, жер саласы және көгалдандыру бағыттарын қамтыған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.

— Өткен жылғы агентіктің бағалауына сәйкес, өңіріміздің мәдениетті қалыптасыру бағыты бойынша оң нәтиже көрсеткенімен, басқармалардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген ішкі талдауларының сапасына сын көтермейтіні жасырын емес. Биыл жемқорлыққа қарсы жобалық жұмыстарды іске асыруға қала және аудан әкімдіктері де қосылды,-деді Д. Омаров.

Аймақ басшысы мәселенің маңыздылығын атап өтіп, кейбір сұрақтар бойынша бірқатар басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдерінен жауаптар алды.

Жиында тұрмыстық сыбайластықтың алдын алу, ішкі талдаудың сапасын арттыру, жемқорлық қарсы мәдениет қалыптастыру бағытындағы әлеуметтік тапсырыстарды тиімді пайдалану, департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдарының қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық, 4-ші үлгілік базалық бағыттары бойынша семинарлар, оқу жиындарын жиі өткізу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мажикенов, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар баяндама жасады.

Нұржан Нұржігітов жауаптыларға жастар және оқушылар арасында жан-жақты тәрбиелік, психологиялық жұмыстарды күшейтуді, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қалалық, аудандық комиссиялардың қызметін жандандырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша барлық мүдделі органдардың бірлесіп нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Жамбыл облысы әкімдігі