Н.Нұржігітов: Облыс экономикасының негізгі салаларындағы жұмыс қарқыны төмендемеуі тиіс
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобаның іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Басқосуға аудандар мен Тараз қаласы әкімдері, басқарма, аумақтық департамент, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жалпы айта кетейік, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» Ұлттық жобасы кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, шағын бизнесті дамыта отырып, халықты жұмыспен қамтуды арттыру, экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар қалыптастыру мақсатына негізделген. Жобада негізінен 10 индикатор бекітілсе, оның екеуі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына, төртеуі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, қалған төртеуі туризм басқармасына бекітілген.
Алғашқы болып сөз алған кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өздеріне тиесілі индикаторлардың орындалу көрсеткіші туралы баяндады.
— Қаржылық қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінің санын ағымдағы жылы 282 жобаға жеткізу индикаторы қойылған.
Жамбыл облысына 2022 жылға «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде барлығы 13,5 млрд.теңге қарастырылды. Қазіргі таңда, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде соммасы 21,6 млрд.теңгені құрайтын 871 жоба қаржыландырылып, аталған көрсеткіш орындалды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауылда жаңа 1965 кәсіпкерлік субъектісін құру индикаторы бекітілген. Соған сәйкес, жыл басынан ауылдарда 3382 ШОБ субьектісі құрылып аталған көрсеткіш орындалды.
Алайда, аудандар бөлінісіндегі межелі көрсеткішке Мойынқұм және Жуалы аудандары қол жеткізбеген. Осыған орай, Мойынқұм және Жуалы аудан әкімдіктеріне жыл соңына дейін көрсеткішке қол жеткізу үшін тиісті жұмыстардың атқарылуын сұраймыз,-деді А. Сейсебаев.
Өз кезегінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кенжебек Олжабай, туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков те баяндама жасап, индикаторларға қол жеткізу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Еркін Атымтаев, Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев та осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.
Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қолөнершілікпен айналысатын азаматтардың арасында өз кәсібін ашқысы келетіндер аз еместігін, оларға қандай қолдаулар бар екенін сұрады.
Облыс әкімі мемлекет тарапынан азаматтарды қолдауға бағытталған қаржы көлемі аз еместігін, тек соны үйлестіріп, қолөнершілерге жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдап, ұсыныстар әзірлеу бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысы бірқатар мәселелер мен төмен көрсеткіштер бойынша аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жеке-жеке жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.
— Біз индикаторларды қалыптастыруда төмен меже қойып алып, сол бойынша есеп беруге дағдыланып алғанбыз. Бұл дұрыс емес! Индикаторлық жоспарды жоғары етіп белгілеп, соны орындауға күш салу керекпіз. Оған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, облыс экономикасына әсерін тигізетін негізгі салалардың жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуіміз қажет.
Басқармалар тиісті органдармен бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында белгіленген көрсеткіштерді жыл соңына дейін орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Халықтың табысын арттыру, жұмыссыздыққа жол бермеу бағытында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын тиімді пайдалана отырып, облыс экономикасын одан әрі дамыту жолында қаралған міндеттерді жүзеге асыру аса маңызды.
Инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаржылардан жергілікті кәсіпкерлер шет қалмауы үшін жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын арттыру керек,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысы әкімдігі