Н.Нұржігітов тау-кен металлургиялық комбинаты құрылыс жобасының жүзеге асу барысымен танысты
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапары барысында «Monterra Qasaqstan» ЖШС болашақ тау-кен металлургия комбинатының құрылыс алаңына барды.
Мұнда Ноғайбай ауылдық округінде тау-кен металлургия комбинатын салу жөніндегі жобаның іске асу барысы, экологиялық қауіпсіздігі, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жаңа зауыт алтын-күміс доре қорытпасын шығаратын болады. Зауыттың жылдық қуаттылығы 5 тоннадан асады десек, кейіннен бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен арта түседі. Инвестиция көлемі 1 600 миллион еуроны құрайды.
«Monterra Qasaqstan» ЖШС бас директоры Айдар Нұғманов жоба аясында 1900-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатынын атап өтті. Жұмысшыларға арналып барлық қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен қамтылған вахталық шағын қалашық салынады.
Аудан басшылығына жергілікті колледждер базасында жұмысшы мамандықтарды дайындау ісін ұйымдастыру тапсырылды.
– Жобаның тезірек іске қосылып, жобалық қуаты бойынша жұмыс істеуі маңызды. Жергілікті билік мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, «Monterra Qasaqstan» ЖШС облыстың қоғамдық өміріне белсенді түрде атсалыспақ. 2019-2023 жылдар аралығында компания әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 103,4 миллион теңге бөліп отыр.
Сондай-ақ, аудандағы жұмыс сапары барысында Нұржан Нұржігітов ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.
Бұл күні аймақ басшысы аудандық және қалалық ішкі істер бөлімдері ғимаратының құрылыстарымен де танысты.
Жамбыл облысы әкімдігі