Н.НЫҒМАТУЛИН: МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАРҒА БЕРГЕН ЖАУАБЫН ЖАРИЯЛАЙМЫЗ

Бүгiннен бастап Мәжiлiстiң ресми сайтында мемлекеттiк органдардың депутаттардың сауалына жолдаған жауаптары толығымен жарияланатын болады, деп хабарлайды Baq.kz 

«Ендiгi уақытта Мәжiлiстiң ресми сайтында тек депутаттық сауалдар ғана емес, мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының осы сауалдарға берген жауабының толық мәтiнi орналастырылады. Осылайша, депутаттық корпус, қоғам, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң мемлекеттiк орган басшыларының депутаттық сауалға жолдаған жауабының тиiстi талаптарға қаншалықты жауап беретiнiн бағалауға мүмкiндiк туады. Менiң ойымша, бұл дұрыс», — дедi Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Оның айтуынша, бiр жағынан, бұл депутаттық сауалдарға мемлекеттiк органдардан келген жауаптарды тiкелей көруге және толық танысуға жол ашады.

«Екiншiден, тиiстi органдардың жауапкершiлiгiн көтеруге де ықпал етедi деп ойлаймын. Сондықтан осы жұмысты  бастаймыз», — дедi палата спикерi.