Әнұранға бірауыз сөз қосқым келеді…
Мектепте өтетін бірінші және соңғы қоңырауда мемлекет туы әнұранның асқақ үні аясында ортаға келіп, төрден орын алған сәтінде жүрегіме ерекше тәтті сезім ұялайды. Оң қолдарын жүрек тұстарына қойып, әнұранға ілесіп айтып тұрған, көздері мөлдіреген, жанарларында қуаныштың, пәк сезімнің нұры ойнаған балғындар мен жасөспірімдерді көргенде көңіл көкжиегім кеңіп, жаным жадырап сала береді.
Көк тудың желбірегені —
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені, — деп ақын жырлағандай, шынында да тұтас жан-дүниеңді шымырлататын сәт. Осы үшін де Аллаға сансыз шүкіршілік айтуға болады. Анау желбіреген көк туымыз, асқақтата шырқалған әнұранмен бірге алаңға емес, әрбір жас түлектің жүрегіне қарай жол тартып келе жатқандай сезіледі.
Көк тудың желбірегені —
жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
жан емес, маған керегі —
Көк тудың желбірегені.
— Міне, жүректерінде көк байрағымыз тулаған, саналарында ән ұранымыз сайраған ұрпағымыз осындай намыс пен қайратқа, білім мен біліктілікке ие болады. Мен осы жастарымыздан отанды сүюдің, елі мен жеріне қызмет көрсетудің шынайы үлгісін көргендей боламын әрі солай болатынына нық сенемін.
Өзге азаматтардың не ойлайтынын, қандай көңіл күйде тұратынын білмеймін. Өзім осындай тебіренген күймен жүріп уақыттың өткенін де сезбей қаламын. Еліміздің әнұраны шырқалғанда, ән сөзін қосылып айтып тұрамын. Әннің қайырмасына келгенде, тексте жоқ, бірауыз сөз балапан құстай жүрегімнен әлсін-әлі талпынып, кейде аузымнан шығып та кетеді. Ол қандай бірауыз сөз дейсіз ғой, ол — “жерім” деген сөз. Жер ең бастысы ол — территория, мекен. Ол — табиғат және табиғи ресурстары. Ол — тіршілік және экономика. Ол — мәдениет пен өнер. Ол — Отан, ана. Жерсіз қайдан мемлекет болсын, қайдан ел болсын. Қазақтанда көп қаншама халық бар, туын тігерге жер таппай жүрген? Сондықтан қайырманың алғашқы “Менің елім, менің елім” деген тұсына келгенде, “Менің елім, менің жерім” дегім келеді де тұрады. Енді әнұранды осылайша айтып көрейікші:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің жерім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Бір қарыс жері үшін қасқайып қанын төккен бабаларымыздың рухы жебегендей осы “Менің жерім” деген сөз айтылғанда рухымыз асқақтап, мерейіміз шарықтап кететіні даусыз. Себебі, бұл сөз — мынау кең байтақ даланың шынайы иесі біз екенімізді, ата-бабамыздан мирас қалған дархан даланың қадірін біліп, оны қорғап, ұрпаққа аманат ететін адамның да біз екенімізді сездіріп, мол шаттықпен бірге мың батпан жауапкершілікті де жүрегіңе арқалатып тұрады.
Осылай болғанда, қайырмасында “елім” деген сөз екі мәрте, “жерім” деген сөз де екі мәрте қайталанып, ел мен жердің тең құқылы мәртебесі айқындалады. Әрі қазақ тілінің мағыналық ерекшелігіне сай, гүлдің елге емес, жерге егілетіндігі табиғи тұрғыда жарасымдылығын табады.
Біраз жылдардан бері «осы толғанысымды айтудың қажеті бар ма, жоқ па, кімдер қалай түсінеді, қандай астар іздейді?» дегендей сұрақтар көкейімде жүрді. Бірақ осы елдің азаматы ретінде, ойымды ортаға салуға құқым бар ғой деген ниетпен, бірінші қоңыраудан алған шабытты әсерімнің арқасында көңілімдегі ойымды қағазға түсіріп, Сіздерге ұсынып отырмын.
Қастер Сарқытқан,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Елтану және туризм
кафедрасы ұстазы