Нұрлан НЫҒМАТУЛИН НЕГЕ АШЫНДЫ?..

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сынына ұшырады. Сынға ұшырауына себеп: депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап бере алмауы. Ақпараттық жүйелерді кіріктіруге қатысты мәселелерге атүсті қарап, терең бойламай жай ғана шолып шығуы.
Бұған шыдамаған спикер ашу шақырды. Мәжілістің жалпы отырысында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымы қаралған болатын.
«Сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз ғой шамасы? Қай саладан келдіңіз, өзі?» — деп сұрады спикер.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан», — деп жауап берді Оспанов.
«Мен Мәдениет министрлігінен келген шығар деп ойлағам. Әйтеуір ағып тұрсың. Бірақ нақты сұраққа жауап беруге келгенде жалтарасың. Сіздің министрлік мемлекеттік органдардың барлық жүйесін қабыстыруға міндетті. Бүгінде қай органды алып қарасақ та, ақпараттық жүйелерді жинақтауда проблема көп. Соның салдарынан, мәселен, жалпыға бірдей декларация сияқты маңызды шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болып отырмыз. «Е-халық» жүйесінде ақау бар, анау қаржы министрлігінің кедендік жүйесі де оңып тұрған жоқ. Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді, бірақ нәтиже аз?» — деді Мәжіліс спикері қатқыл дауыспен.
Вице-министр де қарап қалмады. Ақталып бақты. Әсіресе «Smart Bridge» атты жаңа жоба жүзеге асырылғалы жатқанын мақтанышпен айтып келе жатыр еді, спикер сөзін тағы бөлді.
«Бұл не деген бітпейтін жоба! Оларыңа мемлекет тағы да ақша бөлуі керек қой. Өзің айтшы, мемлекет ақпараттық жүйелерге қаржыны аяп жатыр ма? Неге жұмыстарыңның нәтижесін көрмейміз? Істелген жұмыс қай кезде де көрініп тұрады емес пе? Сендерде ол жоқ», — деді ашынған спикер.
Оспанов өз қатесін түсінді ме, әйтеуір басын шұлғи берді. Қазақшадан көрі ресми тілге жүйріктігі көзге ұрып тұрды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Вице-министр спикер сынына келіскен сыңай танытып, жыл соңына дейін проблеманы шешуге уәде берді.
Нығматулин сөзін былай түйіндеді: «Не нәрсенің де шегі болады. Осыны ұмытпаңдар. Халық қазір ашынып отыр. Біз декларация жасап, бізде осындай жүйе бар деп жар саламыз. Олар келіп, оны қолдана алмайды. Қазір 21 ғасыр. Егер кеншіге осы жоспарды орында деп норма берсе, ол оны орындайды. Орындалмаса оның себебін сұрайды. Ал сіздерден неге сұрау жоқ? Мемлекеттен қаншама ақша бөлініп отыр, бірақ ақпараттық жүйелер кіріктірілмеген. Ештеңе жұмыс істемейді. Қазір жүргізуші куәлігін ешқайда бармай-ақ, қашықтан алуды ұйымдастыру керек. ІІМ дайын, деректер базасы бар. Бірақ адамдар сол бұрынғысынша таңертең ерте тұрып, кезекке тұрады». Бұл өзі көптің көкейіндегі сауал еді. Оны спикер дөп басты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Мәжіліс спикерінің алғашқы сыны емес. Бұған дейін де талай вице-министрдің шаңын қаққан. Тіпті бір жолы орынбасарларын жіберіп, өздері тасада қалатын министрлерге шүйліккені бар. Халыққа қажет заң жобаларын министрлердің өздері келіп таныстыруын талап еткені де есімізде. Бірақ одан шыққан нәтижені көре алмадық. «Баяғы жартас — бір жартас» күйінде. Бұдан шығатын қорытынды: министрлердің де «сынға» еті үйреніп кетті ме деген қауіп.

Нағашыбай Қабылбек