Наданға шен бітсе — бетіне көн бітеді

Аталы сөз

Сырым әңгімелері
Бірде алыс сапардан үй ішін сағынып келе жатып ауылына жақындағанда, Сырым жолдастарына: — Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық, — дейді. Сонда жолдастары Сырымға естіртпеген болып әжуалап: — Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай сұлуына асығып келеді екен? — депті. Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:

— Жігіттер, әйелді әйел деп қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды қой деп қорсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Әркімнің мінген аты — өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген әйелі — өзіне сұңқар, — деп желе жөнеліпті.
* * *
Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып: — Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді? — дейді. — Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, — деп жөніне жүре беріпті.
* * *
Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде: «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың», — депті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре береді. Сонда Нұралы: — Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! — депті. Сонда Сырым: — Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, — депті.
* * *
Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түседі, бойжеткен қызды сынау үшін сөзбен қағытады. Сырым:
Мынау үйдің мінсізін-ай,
Тек шаңырағы шалқақтау екен, — десе.
Қыз:
Шаңырағы шалқақ болғанымен,
Түтіні тура шығады, мырза, — депті.

Дайындаған: ЕлАна