НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ ЕМЕС — НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ДОМБЫРА!

Бүгін Тараз қаласы, Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдында ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – халық мұрасы» атты мәдени шара болып өтті.
Домбырашылар облыстың мақтанышы, белгілі күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевпен бірге «Ерке сылқым», ҚР Мәдениет қайраткері Аман Молдыбаевпен «Көне Тараз» күйін және Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін орындады. Аталған іс-шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұқтар Рахманқұлов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей және Халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат домбырашыларға дирижерлік етті.
Өздеріңізге белгілі, әр қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы, қазақ күйі – адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, жүректі тербеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, терең ойларды сөзден артық жеткізеді. Көшпенділер заманында да солай болған, бүгін де солай. Домбыра көне заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді, қуанышта да, қайғыда да адамдар оны қолынан түсірмеген. Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келген. Аталмыш музыкалық аспап туралы қазақ ертегілерінде де, аңыз-әңгімелерде де айтылады. Ал Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедьяров және т.б. сынды домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйшілердің есімдері қазақ мәдениетінің символына айналып, олардың шығармалары қазақ музыкасының жылнамасында сақталуда.
Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

 

Birzhan Soktay фб парақшасынан