НАҒЫЗ ҰСТАЗ КІМ?
Мұғалімнің кім екенін білесің бе? — деп әкем денесін алға еңкейтіп, маған қадала қарады.
Педагогикалық жоғары оқу орнын немесе университетті бітірген адам, — дедім мен еш ойланбастан, сұрағының қарапайымдылығына таңырқай.
Ақмақ! — даусы зілмен шықты әкемнің. Мен сенен дәріс оқып, ресми бекітілген білімді жаттап алып, оны есінен танған шәкірттеріне құр қайталай беретін оқытушылар туралы сұраған жоқпын!
Мен сенен шын Ұстаз туралы сұрадым! Рухани жолдың жарық нұрын себетін, жүректерді оятатын бағыттаушылар жайлы! Олар баға қоймайды, сынақ алмайды. Олар адамды Жолға бастайды. Өйткені Ұстаз біледі: әр адамның жүрегінде асыл тастар жасырылған. Бірақ оны кез келген көз көре алмайды. Ол үшін рухани ұйқыдағы жанды ояту қажет. Нағыз Ұстаздың міндеті — сол. Ал оянған жан енді ешбір заманның ықпалына түспейтін, шынайы білімді тікелей қабылдауға қабілетті болады. Сонда ол Ақиқатты іздеуге ұмтылады. Сол үшін Жолға түседі. Бұл — Ұстаз үшін ең биік марапат.
Әуелі түсіндіріп алмайсыз ба? Бірден ұрса жөнелдіңіз! — дедім мен ренішімді жасыра алмай. Бірақ әкем кенет қанағаттанғандай жымиып:
Өз-өзіңе деген шектен тыс сенімділігің мен астамшылдығың жан дүниеңді торлап алған. Мен сенің менмендігіңнің құрсауында қалғаныңды көрсеткім келді. Бірақ сен мұны қорлау деп қабылдадың. Бұл сенің әлі де надандықтың ауыр ұйқысында екеніңнің белгісі. Ұстаз тап. Бірақ оны міндетті түрде Ұстазым деп атаудың қажеті жоқ, — деді.
Оны қайдан іздеймін?- дедім таңдана.
Барлық жерден,- деді әкем сабырлы үнмен. — Мысалы, Зейнолла Қабдоловқа назар аударып көр.
Неге дәл ол? — дедім иығымды көтеріп.
Өйткені оның бойында нұрдың лебі бар. Ол тумысынан адалдық пен ұлы адамгершілікті серік еткен жан. Бұл қазір сирек кездесетін қасиет. Одан бөлек, ол терең парасат пен асқан рухани даналыққа ие. Сенің одан аларың көп, — деді де, маған сынай қарап, қолын жай ғана сілтеп, кетуіме рұқсат берді. #тарихи_сана
🟡 Бақытжан Момышұлының естелігінен.