Найзадай кірпікті қаласаңыз…
Қайқайған, қалың, ұзын, найзадай кірпіктерді қай қыз болса да армандайды. Бүгінгі таңда оған қол жеткізу де қиын емес, жасанды кірпік жалғап беретін сұлулық салондары көп. Бірақ арнайы той-томалақ пен кештерге жасатпаса, жасанды кірпікпен ұзақ жүре алмайсың. Бәрібір өз кірпігіңнің керемет болғанын қалайсың. Оған төмендегі жақпай майларды қолдансаңыз жеткілікті.
Ошаған (репейное) майы. Кірпік күтуде көп аталатын құралдың бірі. Ол кірпіктің өсуін тездетіп, қажетті дәрумендермен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар кірпіктің түсуін баяулатады.
Таусылған сүрмеңіздің (тушь) флаконын тастамай, ішін жуып, кептіріп, ошаған майын құйып қойыңыз. Күн сайын кешке кірпігіңізге жағып жүріңіз. Майдың көздің шырышты қабығына түсіп кетпеуін қадағалаңыз. Майды жағып, 15 минуттан соң құрғақ мақтамен сүртіп тастаңыз.
Майсана (касторовое) майы. Бұл да кірпікке өте пайдалы май. Ошаған майын қолданғандай, күнде кешкісін жағып жүріңіз.
А дәрумені. Кірпіктің ұзын болып әрі тез өсуіне А дәрумені жақсы көмектеседі. Майсана майына А дәруменін (дәріханада сатылады) араластырып, күнде ұйықтар алдында кірпігіңізге жағып жүріңіз. 5 минуттай ұстап, мақтамен сүртіп алуды ұмытпаңыз.
Массаж. Кірпіктерді арнайы тарақпен жиі тарап, кірпік түбіне көбірек массаж жасап тұру да өте пайдалы, кірпіктің өсуін тездетеді. Кірпігіңізді сүрмемен бояғандай астынан жоғары қарай, түбін саусақтың ұшымен оңға, солға уқалаңыз.
Вазелин. Қолжетімді әрі тиімді құрал боп табылатын вазелин бір айда нәтижесін көрсетеді. Ол үшін вазелинді күнде жатар алдында кірпігіңізге қалыңдап жағыңыз. Вазелин кірпікте түні бойы тұрып, әбден сіңіуі керек. Осылай аптасына үш реттен бір ай бойы жақсаңыз, кірпігіңіздің қалыңдап, ұзарғанын байқайсыз.
«ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайты