Намаз – мәңгілік азаптан сақтап, мәңгілік рақатқа жолдама беруші
Алла Тағала маған бергендей, менің намаздан алыс жүрген жолдастарыма да көп игілік-жақсылықтар берген. Тіпті оның саны мен мөлшері оларда артықтау болуы да мүмкін. Бірақ мен оның бәрін Алла бергенін мойындап шүкірлік етем, ал олар бұл жетістікке өз ақылымызбен жеттік деп ойлайды. Сондықтан, олар Аллаға құлшылық етпейді. Олар дүниеге келген кездері мен қолдарында түк болмаған хәлдерін ұмытқан еді. Жалғандағы бар жиғанын артқа тастап бұ дүниеден қабірге көшетін күндерін естен шығарған еді. Олар қалай ғана Жаратушыларына батылдары барып тәкаппарлық етеді. Алла Тағала Құранда: «Ақиқатында, маған құлшылық етуден тәкаппарлықпен бас тартқандар тозақ отына өкірген күйде кіреді» («Ғафыр» сүресі, 60-аят) деген. Ендеше, ей, бауырым! Алланың мәңгілік азабынан сақтан!
Намаздан алар пайдаң – тек қана жақсылық. Намаз пайдаларын қаламмен жазып бітіру, санап тауысу мүмкін емес. Себебі ол, Раббымыздың өзі таңдап бізге бекіткен ғибадаты. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Иман келтірген құлдарыма айт: Намаз оқысын!» («Ибраһим» сүресі, 31-аят). Ішіндегі бар жақсылықты аз ғана сөзбен, қысқа бір түрде баян етіп былай деді: «Ақиқатында, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»(«Әнкабут» сүресі, 45-аят).
Бауырым! Сөз соңында айтарым, мен намаз оқимын және сенің де намаз оқушы мұсылмандардан болғаныңды шын жүрегіммен қалаймын. Алла Тағаланың Құранда айтқан мына бір әміріне мойынсұн: «Намаздарға, сондай–ақ ортаңғы намазға (екінті) бекем болыңдар және намазда Аллаға бойұсынған күйде тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 239-аят).
Алла Тағала мені және сені насихатқа құлақ асып, дұрыстыққа бет бұрғандардан қылс
Намаз –сауапты сауда
Сенің намазың – атқарар қызметің мен жүргізер саудаң секілді. Жұмысыңа уақытында келіп, уақытында қайтсаң, оны талапқа сай атқарар болсаң, еңбекақыңды ай соңында толығымен аласың. Ал, жұмысыңнан көп қалып, міндетіңе немқұрайлы қарар болсаң, айлығың кесіліп жұмыссыз қалуың мүмкін ғой?! Саудаң да, қалта қампайтар табысқа қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек пен үздіксіз әрекетті талап етеді. Кімде-кім Раббысының алдына намазсыз барып жәннәтқа кіремін десе нағыз ақымақтардан болар еді.
Бауырым, намаз – аурудың температурасын оқтын-оқтын тексеріп тұратын дәрігердің ісі секілді, адам баласы намаз бен намаз арасында өз амалдарын таразылап отырады. Атқарған амалдары ізгі болса, намаз оған: «Осы бетіңнен айныма!», — десе, жаман іс жасаған болса: «Қайт та, өзіңді-өзің қолға ал!», — дейді. Намазын үзбей оқушы адамнан, тіпті кейде одан жаман іс-әрекет жасап жүрген жан болса да, әрқашан жақсылық күтуге болатындығына еш күмәнсіз сен. Себебі, оның намазы міндетті түрде күндердің бір күнінде оны бұл істерінен тыяды. Себебі ол намазында Алланың сөзі – Құран аяттарын оқиды. Қанша жерден сөз ұқпас ғапылдардан болса да, міндетті түрде сол аяттардың мағынасына ой жүгірткізіп, жүрегіне қозғау салып, бойынан жақсылықтың нышандарын оятатын сәттің өтері хақ. Сол себептен Алла Тағала өзінің кітабы Құранда:«Ақиқатында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» («Әнкабут» сүресі, 45-аят) деген. Ал, кім намаз оқымаса ол Құран да, аят та оқымайды, Құраннан еш пайда да ала алмайды. Ол өз күнәлі істерінің кіріне былғанып, балшығына белшесінен батып қала бермек.
Бір күнде намаз оқу үшін қанша уақыт кетеді деп ойлайсыз?
Адам баласы тоқтаусыз жұмыс істей алмайтын, күші шектеулі әлсіз бір жаратылыс қой. Міндетті түрде оның денесі, жүйкесі демалу үшін жиі-жиі үзіліс керек. Намаз осы орайда өте үлкен қызмет атқаратын ғибадат. Адам өмірінің жартысына жуық уақытын тынығуға бөледі екен. Алла Тағала адамға тыныштық тауып демалу үшін түн мен ұйқыны берді. Пенде егер бес уақыт намаз оқыса осы уақытының қанша бөлігі намазбен кетер еді? Бес намаздың басын қосып уақытын есептесек, бар болғаны жарты-ақ сағат екен. Иә, жарты-ақ сағат!
Әй, ақылмен ардақталған адам баласы, жаныңның тыныштығы мен рахатын күйттеп сауық құрып, сайран салумен қаншама өміріңді сарп еттің, саған есепсіз пайда келтіретін намазға аз ғана уақыт бөле алмағаның қалай?
Намаз әлдебір диктатор басшының жамағатты күшпен, зорлап мойындату үшін жасалған жарғысы емес. Ол өзін мұсылманмын деп есептейтін әрбір адамның еш зорлықсыз, мәжбүрлеусіз өз ықтиярымен, ырзалығымен өтейтін құлшылығы. Ол – Ислам дінінің мызғымас бес тірегінің бірі. Тап бір уықсыз шаңырақ құлап қалатындай.
Намаз уақытты ысырап етеді деп ойласаңыз….
Әлемнің түкпір-түкпірінде адамдардың әр түрлі топтары өздерінің қолдан жасалған пұттарына, жалған құдайларына, өздерінен дәрежелері бірнеше есе төмен Алланың жаратқан ақылсыз мақлұқтарына, олардан ешбір пайда көрмесе де құлшылықтарын жасау үстінде. Олардың ісі осылай болғанда мен әлемдердің Жаратушысы, аспандар мен жердің Раббысы, пайда да, зиян да қолынан келуші, Беруші де Алушы, Тірілтуші де Өлтіруші, тозаңның түйіріндей және таудай болған амал үшін де есепке алушы болған Алла Тағалаға неге басымды имеймін!?
Жо-жоқ! Намаз уақытты еш ысырап етпейді. Керісінше намаз күнделікті қым-қуыт тіршілік, алыс-беріс, барыс-келіс, оқу, жұмыс секілді мазасыздықтан адамды азат етеді. Сөйтіп, жанын тыныштыққа кенелтіп, жүрегіне сабыр тапқызады. Бүткіл дене мүшелерін демалдырып, қан айналымын қалыпқа түсіреді. Жаратушысына бірнеше минут мінәжат ету арқылы пенденің тұла бойы тұтас рахат күй кешеді. Намаз арқылы алға қойған асыл мақсаттарың орындалып, жүзеге асуы үшін Алладан көмек, жәрдем сұрай аласың. Адам бір кісіге қылдай қиянат жасаған болса, бірден өз қылығы үшін ұялып, кешірім сұрайды. Ал намазда Алла алдында кеткен кемшіліктерінің орнын толтырып, соны серпін, тың қажыр-қайратпен қаруланып, қайнаған тіршілікке қайта қосылады. Міне осы орайда біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оғанАлланың игілігі мен сәлемі жаусын) өмірінен көркем бір мысалды келтіре кетуді жөн көрдім. Ол кісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі жаусын) егер де бір іс оны қатты қалжыратып шаршатса, өзінің азаншысына: «Әй, Біләл, бізді намазбен демалдыршы!» дейтұғын. Міне, намаз қадірі мен маңызын өте жетік білетін адамның ісі осындай болар.
Айдын Бақыттыжан