«НАМЫС ЖҰДЫРЫҒЫ»

Жүрегі бар біреудің, білегі жоқ,

Білегі бар біреудің, жүрегі жоқ.

Жүрексіздік дертінен сақта, Құдай,

Жүрегі жоқ жігіттің тірегі жоқ.

Бұл сөзіме болмас-ты түлік нала,
Білек түгі – тергесең түбіт қана.
Ұлы ерліктер жасайды Ұлт алдында
Жүрегінің түгі бар Жігіт қана.

Батырлықтың бастауы – осы Жүрек,
Ақындықтың астауы – осы Жүрек.
Жүректілік бір аты – «Намыс» дерсің,
Ал Намыстың басқалай есімі жоқ.

Місе тұтпай «Миллиардтың» мың дауылын,
Қаршадайдан қорғаштап жүрді ауылын.
Ел аузынан естісем «Намыс» сөзін,
Еске түсе береді Бір Бауырым.

%d1%81%d0%b5%d1%80%d1%96%d0%ba-%d1%81%d0%b5%d0%b9%d1%82%d0%bc%d0%b0%d0%bd123

Жанкүйер боп жұртының тозбасына,
Қонған бақтан бас тартты өз басына.
Намысы үшін қаракөз қарындастың
Ерік берді еңкілдеп көз жасына.

Болмаса да бағзыдан жасық онша,
Бұл қазақтың бақ тайған Басы қанша?!
Жылау деген – жігітке айып емес,
Көзіндегі – Намыстың жасы болса.

Тозбасын деп Алашта туырлық бау,
Талай тұлға тағдырдың уын жұтты-ау.
Жеңіс деген – жеңілмеу емес кейде,
Жеңіс деген – Намыстың туын жықпау.

Алмағайып кезде де, жарыста да
Ар-ожданның аулынан алыстама.
Ерліктердің тамыры – Батырлықта,
Батырлықтың төркіні – Намыс қана.

Ат жігерін жанысын дүбір үні,
Төрткүл дүние танысын Кім Ұлыны.
Жаса Ұлттың есесін қайтаруға,
Бар Қазақтың Нар Намыс Жұдырығы!

©СЕРІК СЕЙТМАН («Дара жол» бағдарламасының кезекті түсірілімінен көрініс)