«Наркескеннің намысын көп қайрадым!» СҰЛУ ЖЫР, СЫРЛЫ КӨҢІЛ, АДАЛ НИЕТ ИЕСІ Рза Оңғарбаймен сырласу

Біздің бәріміздің де саясатқа қатысымыз бар

Ақындар айтпайды, неге үнсіз?!.. деп жатады. Ақындар айтып-айтып, ақыры, міне,өзін-өзі іштей жеуге айналды.Киіктер сияқты, жолаушы – қоғамның көзсіз «машинасының» алдынан кесіп өтіп, аңқасы кепкен тұста аяусыз ажал құшып, біріне-бірі үнсіз өлімді, тілсіз тірлікті мұра қылып тастап барады. Біреулер: «Біздің саясатқа қатысымыз жоқ» деп мақтанады.Саясаттың саған қатысы бар, ол еш уақытта еш елден, ешкімнен көзжазбай қадағалайды.Әлемдік саясат дегеніміз-Еліңнің бүтіндігі, ертеңгі ұрпағыңның аманшылығы.Әлемдік саясат ұлттың тынысын өлшеп отыр.Осы қарапайым ұғымнан тыс өмір сүру мүмкін бе,Жоқ! Ендеше саясаттан тыс өмір сүру мүмкін емес. Ақындар айтқаннанжәне зауал кешіп, зәр ұрттағаннан оянатын халық болғанда адамзатты білмеймін, біздің қазақ Алтайдан Атырауға дейінгі аралыққа ақындардың сұраусыз сүйегінен жол салып аларлықтай уақыты болды. Кезінде бұл мәселені Әбіш ағамызда жеріне жеткізіп айтқан). Ащы шындықтың алғаусыз ақиқатынан білім мен бірлікке, ұлттық ар мен намысқа толы бір-бір сәулетті ғимарат тұрғызып, сәулелі руханияттың құзар шыңын құлжасымен қоса көшіріп әкелетін кезі болды. Рза ақынның шыңғырып, шырыл айқайға салып отырғаны да осы сырқау-селқостық.Осылай ойдың орманына кіре бергенім сол екен, Сағынтай: «Сәке, Сен Рза ағамыздың қасында жүрсің ғой, өлеңіне де, өзінің кісілік келбетіне де, әңгімесінде, әдеби шығармаларына да тоқ шығарсың, солай ма?! – деді. Бірақ, мен үшін ол азаматтың, ақынның орны бөлек,ерекше,айтары бар талант, тыңдаңыз!?.. – деп, сөзін бір тұйықтап алды. Қаншама дарын мен даланың ұлы перзенттері өз биігінен көріне алмай жүр, әсіресе, Маңғыстау сияқты шет аймақтардың көрген теперіші көп болар, ей, есіл елім-ай деп арпалысып бара жатқан ерсілі-қарсылы жолаушыларға аянышпен қарап қойды.Сөйтіп, сәл шегініс жасап,тағы да ақынның (РзаОңғарбайдың) өлеңдерін лек-легімен түйдектетіп оқи бастады.Құлағыма жағып барады, неге?!..Себебі,Өз ағам, өз дауысым, өз үнім!..Сонау қазақ мәдениетінің алтын құрсақ, ақ бесігінде менің ағам Рзаның, Рза Оңғарбайдың өлеңдерін, өлең көрген, өрнек көрген тең атаның баласы құлшына оқып, құлпыра дәріптеп келеді. Ол мен үшін шексіз қуаныш,берілген баға, берен қылыш ұстатқандай айтулы сәт, айшықты дәлел емеспе?! Еліме, Маңғыстауыма жасаған құрметі емеспе?!..Өнердің құдіреті, міне, осы. Алла разы болсын, қазағымның көзі қарақты ұл мен қыздарына!Солар ғой, елді ел қылатын, біріктіретін, алтынды танып, адалды кө­тер­мелейтін.Сағынтай шаршайтын емес,тағы да, Рекеңнің «Аруанасын» боздатып ала жөнелді.

Аруана бауыр дүние!

Өрістен аруана боздай келді, дауысы сай-сүйекті қозғай келді. Желіге жетер-жетпес тоқтай қалды,Бір аттап ілгеріге озбайды енді. Жанары жауардың сауыс-сауыс, «Не болды? Қарағым-ай, кәуіс-кәуіс»,деп жеңгем түйесінің бауырына енді, Сөз айтпай әйелдікпен артық-ауыс.Ауа да тұнық еді күй сіңгендей, Жануар ыңырсыды исінгендей. Қос ана бауыр бас­қан, бауырласқан-Көрініс әдемі еді сүйсінгендей. Тамыры жануардың бүлкілдеді, Ақпейіл алакөнек іркілмеді. Машық қол мамасына майдай жағып, Аппақ сүт ақ шелекке күрпілдеді. Ынтымақ ырысыңды құ­рай­ды анық, Ағам тұр ботаны ұстап, шырайланып.Ышқынып кенет жеңгем құлап түсті, Дүние кеткендей-ақ шыр айналып.Басыңа заманақыр төнген ақыр,Болады пәруана пендең пақыр.Қасында ақта­рыл­ған ақ шелегі,Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр. Желіде жемір бота жамырады, «Мамалап» алты перзент аңырады.Соққанда тағдыр дау­ыл тұңғиықтан, Теңселіп кетті ағамның шаңырағы. Бұл қайғы жүк болғандай қара нарға,Шалдығып, шар­шағанмен шара бар ма.Зауал күн ұмытылар артта қалып, Уақыт жазбайтұғын жара бар ма?…Түйе тұр аң-таң болған пішімдегі,Кім ұққан сезімдерін ішіндегі.Адамдар көнді ажалға, мойынсұнды,Тек қана аруана түсінбеді.Дерт болған тума-туыс, қауы­мына,Төзер-ау жұрт қайғының ауырына. Тек қана аруана сарнай боздап,Жолатпай қойды ешкімді бауырына.Зырлайды ұры уақыт оқтай көкем,Көз жасы жылай-жылай тоқтайды екен. Шіркін-ай, ақыл-есті адам түгіл,Жақсыны жануар да жоқтайды екен.Көзіңе тығындаған тозаңды ұшқан,Қатыгез тағдыр кейде тажал-дұшпан. Жайыңыз жәннат болсын, жеңгем менің,Аруана бауырында ажал құшқан.

– Ей.., он сегіз мың ғалам, естідің бе, ақын жүректің алапат дүрсілін, нәзік ишарасын, үнсіз жоқтауын?!..Рза аға, Сен осы өлеңіңмен кешегі Т.Айбергенов, М.Мақатаевтардың жыр әлеміне бір барып қайтқан боларсың.Несі бар, жұлдызды жырлар осылай мекендес, тектес келеді. Поэзия – сұлулықтың патшайымы.Барлық болмысың мен жан сарайыңды аралап,не бір жұмбақ сезімдердің тінін жалғап, тілдестіріп, мынау жарық дүние тылсыммен бір сәт үндестіріп, періштелермен қанаттас халге жеткізеді. Поэзия – бағалай білгенге бақыттың кілті. Жеті қат жер мен көкті жүрек құрсағыңа құйып алып шалықтағың келсе,поэзияның балын іш, байрағын көтер.Сағынтай бауырым,неткен сезімтал жансың.Қайдан ғана қолыңа түсті, осы өлең.Сенің шын ықылас – ниетің, тебірене оқыған жүрек жарды лебізің,онсызда ғаламат жырды аспандатып, ғарыштан бір-ақ шығарды. Жоқ, әлде, біз бірге қалықтап көкке көтерілдік пе?! Әйтеуір, бір құпия құбылысты бастан кештік.Осындай бір-ақ өлең жазып, өзіңді аламанға ақын ретінде танытып кетуге болады ғой.Қараңыз!
Төлеген Айбергенов:
Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып,
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдырда мені бай қылмас. «АРУАНА БАУЫР ДҮНИЕ».

Мұқағали Мақатаев:

Болған-ды менде бір жеңге,
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демд;
Күлетінді күллі әлем,
Дариға жеңгем күлгенде
Жас тамып жасыл бүрлерден:
Қарағай, терек, бүргеннен
Жылайтын еді гүлдерде,
Дариға жылап жүргенде
Ауыра қалып бір демде,
Айығушы еді бір демде.
«Аққудай еді көлдегі,
Сұңқардай еді жердегі».
Айта да жүріп осы әнді,
Дариға-жүрек шөлдеді. «ДАРИҒА–ЖҮРЕК».

Рза Оңғарбай:
Дерт болған тума-туыс, қауымына,
Төзер-ау жұрт қайғының ауырына.
Тек қана аруана сарнай боздап,
Жолатпай қойды ешкімді бауырына.
Зырлайды ұры уақыт оқтай көкем,
Көз жасы жылай-жылай тоқтайды екен.
Шіркін-ай, ақыл-есті адам түгіл,
Жақсыны жануар да жоқтайды екен.
Көзіңе тығындаған тозаңды ұшқан,
Қатыгез тағдыр кейде тажал-дұшпан.
Жайыңыз жәннат болсын, жеңгем менің,
Аруана бауырында ажал құшқан. «АНА МЕН АРУАНА».
«Қасында ақтарылған ақ шелегі,Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр».(авт.Р.О)Жырдағы осы көрініс бұл жалғанда менің көз алдымнан кетпес, сірә.Жүрегімді жүз паршалап сағыны­шым­ды оятады.Біресе Аруананың ботасын, біресе мені кезек сүйіп, уыз қатып, қозы-лақты ауыздандырып,төрт түлікті айналып-толғанып отыратын қайран Әжем есіме түседі. Өмірімде бетіме жел болып тимеген Анам есіме түседі. Ағаның адал жары, ауылдың ажары, отбасының базары, еркелетіп күй тартқызып, елеуретіп жыр оқытып, күлімдеп күндей шуақ шашып отыратын жеңгелерім еске түседі.Қайран Төлеген Айбергенов сен туған елге жете алмай Аруана бауыр дүниенің қолтығынан қоңыр кеште боздаған ботадай ақ парақтың бетіне бұлау жыр төктің. «Бір кезде алты бұрым ойнақтаған» апаларыңның шарайна – көңілін әмудің толқынымен шайып, қияндағы қазақтың қиялын арқалап Алматыға аттандың. Жырға-жүрек, ұлтқа-тірек болдың.Жұл­дыз боп ақтың, жұлын боп үзілдің.Зұлмат пен зорлықтың құрбандары сен болып зар айтып, шер төгеді.Алашыңды аялап,«Оралман» атанып жүрген әділетсіз майданның боздақтарын желеп-жебеп жата гөр. Оқырман болса әлі күнге түс көргендей. Себебі, сен тірісің!.. Мұнаралы жалын, мұңды сарынсың.

«Жап – жарық қып қолдарыма күн іліп»

Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек» — кеудесінде күймелі керуен, күміс қоңырау жыр сыңғырлап тұр.Біз түгіл, періштелер әлемі ұйып тыңдайтын осы жырдың болмысында бордай езілген қазақтың бауыр мен ауылдан жаралған үрдің қызына үлгі болатындай инабат-сезімі, әдеп пен иманы, қимастығы бар.Соғыс сойқан салған бозбала тағдырдың кісілік пен кемел бітімі, жан шуағы, қарапайым тірліктің күпісін киіп,Хан Тәңірінің басынан,әлде, Қарасаздың баурайынан әлі қарап тұрғандай.Осынша опат болған қабырға бойлы қайғымен, шеміршек бойлы шерлі поэзияның нақақтан жылаған көз жасын кім сүртеді?!..Ұлы жүрек ұлтына теңдік тиген күні ғана өксігін басады. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»- деп еді, Мұқаң. Мұқа, жалғыз емессіз.Айбергенов Төлегеннен аманатқа алған «Аруана бауыр дүниені»,Сізден қалған «Дариға – жүрек» жалғаншыны: – «Қасында ақтарылған ақ шелегі,Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр»-деп,- Рза Оңғарбай ақын да «Аһ» ұрып кешіп келеді.Оныңда жүрек-көзінің кірпігінде сүртілмеген бір тамшы жас пен сарқылмас сағыныш бар. Айырмашылығы, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның төрінде жүр. Осы үш өлеңнің өзегі мен тамыры бір, тағдыры бөлек.«Аруана бауыр дүние», «Дариға-жүрек», «Ана мен аруана», «Қара бауыр қасқалдақ», «Көкмойнақтың үйірі»-деп кеңістікті кезіп келеміз.Ашырқанып тыңдап, тұшырқанып егіліп «Тәуба!..» дейміз.Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары» повесіндегі Гүлсары мен «Боранды Бекет» романындағы Қаранар, «Ана – Жер-Ана» повесіндегі – Табиғат ана бейнесін, адамзат пен табиғат әлемі арасындағы параллельдердің қаламгерлерге тән зергерлік үлгісін әдебиеттанушылар тамсана жазып келеді.Қазақ эпосында да осы көріністер бар.Рза Оңғарбайдың «Ана мен аруана» өлеңі де қазақы сезімге суарылған, шебер жазылған,құнды дүние. Ауыл – қазақтың қалыбы, қайнар бұлағы.Рза Оңғарбай – ерекше дарын иесі, аса нәзік және ойшыл,Қаратаудың бұлағындай мөп-мөлдір, мінезгеде бай, ыстық-суығы да жеткілікті ақын.Қаламгерліктің арын таптатпай, айбынын асау күйінде әбзелдеп, кермеден кесіп өтіп өзіне тиесілі орнын олжалап жүрген әріптес. Поэзияның, әдебиеттің айдынына көктем шыға қона салмай, кербез толғап, кемел қалықтап жаз орталағанда жалғыз келіп мамырлап, сәнімен таранып, әнімен жаңарып жағалай қоға жалпақ елге балпаң-балпаң жүрісімен, балдай тәтті үнімен, жырымен танылып үлгерген елжанды- ер, егеулі қалам, тұғырлы – Талант!Тек, сөз естір құлақ болса, түсінер сана,ұлтқа тән тәрбие мен рухани құнардан нәр алған парасат пен пайым болса,ұл-қызының адал ниет, ақ сөзін рәсуа қылмай керегіне жаратайын деп жүрген ойлы орта, ділгірзиялы, кемеңгер халық болса, Рзадай ұлының бар екендігіне қуана берсін.Шаттансын,шарықтатып ұрпаққа үлгі етсін! Ол – ескі һәм жаңашыл тұлға! Ел болған соң, ер тумай тұрмайды, іздейді де.Іздеушісі бар, әрине.Оның бәрі де бар ғой, болған.., болғасын ғой, сонау дүр шалдардың атағынан ай үркіп, күн күмілжіп жүргені.Рза Оңғарбайдың өлеңдері де күндердің күнінде өзіне ғана айғақ, шеңберлі шеру, айшықты әлемнің шарықтау нүктесінен оқырманға, туған еліне қызмет жасайтын болады. Жоқты аңсау әркімнің қолынан келеді, барды бағалай білу-мерейлі мектебі мен өрелі өрісі, Құдайдан үміті бар жұрттың ғана қолынан келеді. Даламның данасы, елімнің панасы, Құдайдың құлы, Адамзаттың ұлы – Әбіш Кекілбай ағамыз бұл жайында шегелеп тұрып айтқан болатын. Өлең-Аллаға ғана тәуелді! Хақтың қалауынан шыққан жырды періштелер оқиды.Өлең-оқырманға мұқтаж емес, таза жүрек, тұнық сезім мен еркін санаға зәру.Іштей күбірлеп: – Сағынтай, Сен қалай дөп басып танығансың, осы өлең менің де ет-жүрегімді елжіретіп жібереді – деп, – үнсіз үгіліп,көңілім толқып үнсіз қалдым.Сағынтайдың талай отырыста өлең оқығанын көрдім. Ол көбіне Мұқағалиды, Жұмекенді, Қадыр ағаны, Төлегенді, Тұманбай мен Сағиларды, Сергей Есенинді (Сол жылдары Қадыр Мырзалиев ағамыз аударған қазақ­ша нұсқасы шығып жатты) жатқа оқитын.Енді, міне өзіміздің Рза, Рза Оңғарбай ағаның өлеңдерін үсті – үстіне жатқа оқып келеді.
«Туған жерге оралуым керек пе,
Оралмаймын, жоқ өтетін кері өткел.
Жасыл қанат жапырағы сыңғырлап
Маған енді сырын шертпес теректер.

Аласа там менсіз жерге шөгулі,
Кәрі төбет көрмей кетті көмуді.
Мың бұралаң көшесінде Мәскеудің
Құдай маған жазған шығар өлуді…»-деп басталатын С.Есениннің өлеңін,қаладан көңілі қалғанда айтып отыратын. Періште «Әумин!» дедіме, өзі де сол Алматы да шырғалдап қалды.Өкінбесе керек. Өресі биік, деңгейі асқақ. Ғылым мен білім,саясат, өнер жолындағы Маңғыстаулық жастар белгілі бір мерзімде осындай ортада болып, ысылып, өміршеңдікті үйрену керек.Туған өлкеге тура әкелік қамқорлық жасайтын ұл мен қыздар керек. Мен, мұны орталықтан шалғай болғасын Маңғыстаулық жастарға әдейі айтып отырмын.Сағынтайдың -өмірі ұзақ, дені сау болсын.
Ақынның дәрежесін көтеретін қағидалы халық, ойлы оқырман, ұлт жүрегіндегі алғаусыз сүйіспеншілік.Қандай жақсы, қандай мақтаныш. Қасымызда жүргесін көрмейміз, бағаламаймыз. Академик Салық Зиманов:«Күнде-күнде алыптарды туып ала береміз деп ойлаймыз, соның салдарынан өз ұлдарымызды рәсуа қыламыз»-деп, әңгіме айтқанын талай жерде еске салып жүрмін.Ескеріп, еселеп пайдамызға асыратын өсиет.Болмаса, бізде кімдер жоқ, ей, Маңғыстау, қарғатамыр қазақ. Ой..! Тағы да, Ой!..Сағынтай болса қаңтарда жараған бурадай Хақтың мейір-Рахымынан жаралған, періштелер перделеп жеткізген әлгіндей жырдың ләззатынан айыға алмай, өз сезімімен мігірсіз, толассыз жағаласып алшақтап кетіп еді,мінтіп басып маған қайта жақындай түсті де, Рекеңнің(Р.Оңғарбайдың) тағы бір өлеңін өрден тасқындатып, тоғанын алған дарияның суындай ағытып жіберді.
– Осы келбет,осы қайрат күшімде,
Мен өзімді жиі көрем түсімде.
Жүрегімді қолыма ұстап ылғи да,
Қалқып жүрем ақ бұлттардың ішінде.
Жап-жарық қып қолдарыма күн іліп,
Жерге сосын қарап қоям үңіліп…
Ақынның бұл өлеңі осылай басталады.Ақ бұлттардың ішінде қалқып жүрген кіршіксіз сезімнің, кірсіз көңілдің азабы аз, жазары көп болғай.Қолдарына күн іліп, қауырсын қанатымен жыр себездеп, сәулелі жарық дүниенің шуағын туған елге төккісі келіп, өңі түгіл түсінде міндет арқалап, парызын өтеп жүрген таудай талантқа,тарыдай інілік тілегімізді білдірдік.Рекеңнің лирикалық туындыларытөрттағандары, әнге арналған мәтіндері, аудармашылық қыры, әлеуметтік және қоғамдық белсенділіктері, журналистік талғам мен талабы, ауыл әкішілігіндегі қызметтері өз алдына, бір мақала.Азамат, кісілігі мол, қарапайым!Сұлу жыр, сырлы көңіл, адал ниетті ағамызға, жетпіс жас меретойыңыз құтты болсын демекпіз.Сәния жеңгеміздің де үлесі көп.Отбасына алғыс айтамыз.Қарапайым пікір-баянымызды қабыл ал, Аға!Сағынтайдың сәлемін жеткіздім.Ол мені Ақтауға аттандырып тұрып:- Сіздің өлкеде дәстүрлі өмір бар, өлең бар және мінез бар, бақыттысыңдар ғой, – деді.Біз солай қоштастық.Барды бағалайық, жоғымызды іздейік!

Сабыр Адай