НАРШАНЫҢ СӨЗІ-БАРШАНЫҢ СӨЗІ
АЛЫПТАРДЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ-ӘУЛИЕАТА-ТАЛАС ӨҢІРІНДЕ Бөлтіріктей шешендік өнердің жүйрігі мен Ұлбикедей қайым айтыстың тарихи бастауында тұрған дүлдүл ақындар мен өлең сөздің ақберені Күләш Ахметовадай хас таланттар шыққаны баршаға мәлім.
Тамыры терең Қаратау мен Таластың құнарлы топырағынан нәр алған таланттар шоғырында Нарша Қашағанұлының әрбір өлең шумақтары мен абыройлы, өте ойлы тапқыр сөздері кеңінен тарағаны соншалықты, талғампаз жұрттың аузында “Наршаның сөзі-баршаның сөзі” деген бір түсінік-пайым жатталып қалған.
Ал поэзиясы тіптен ғажап! Тұманбай Молдағалиев ағасы бекер сүйсінбеген, Қадыр Мырза-Әлі ағасы бекер мақтамаған…Тұстастары қаладан жырақ, алыс ауылдарда ауыздығымен алысқан арғымақ ақынды шын құрметтеген.
Мінезі ерекше сыпайы, ал кісілік мейірімі ар-ұят, ар-намыстан жаратылған Нарша ақынның отты жырлары мен сезім, махаббатқа сәуле құйған өлеңдері Тұмағаң айтпақшы “Жырлары оны өлтірмейді”.
Бүгін оның туған күні!
Жақсының аты да жақсы.
Тараз-Талас жол қақпасында жазулы тұрған Нарша ақын ағамыздың мына ой-толғамы мың жылдық жолаушының өз сөзі:
“Ей жолаушы!
Жалғап жатқан Қаратау-Тараз арасын,
Ұлы жолмен сен де өтіп барасың.
Босағадан басыңды иіп өткейсің,
Басталады осы жерден Таласым!”.
Ақ баталы елдің сөзі осылай жазылған Қаратау жазығы мен қыратында, байтақ даласы мен таулы биігінде. Қаратау-Таластың күрежолындағы Бас қақпаға! Ақынның көзі тірісінде-ақ ақылды адамдар жүректер мен жүрек көзімен жаздырып қойған.
Халық ақынына осылай құрмет көрсетіледі.
Мейрамбек Төлепберген