Наурыз қашан ұлттық мейрамға айналады?

Қар көбесі сөгіліп, көктем иісі сезіліп тұрғанымен, Астана наурыз мейрамына соншалықты ынтызарлық танытып тұр деуге әлі ерте. Қанша дегенмен, бас қала емес пе, салқынқандылық, самарқаулық лебі есетіндей. Саясаттың небір саңлақтарының ыңғайын тапқан Астана наурызды да бөрікпен ұрып алатындай сенімді күйде секілді.

Сол жағалаудағы Үкімет үйі мен Парламенттің де наурыз мерекесін ұлықтауға қолдары тимей жатқаны жұмыстың көптігінен болар. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» тұсында біреуге бірдеңе деп кінә артудың өзі қиын. Әлде жаңа жылда берілмейтін ұзақ демалысты наурызда беріп отырмыз деп арқаларын кеңге салып жатыр ма екен? Көшелер де тып-тыныш. Тек жіпсіп еріп жатқан тоң-мұздар ғана көктемнің келгенін шікірейген шенділерге сездіргісі келетіндей ыңғай танытуда. Бірақ оны түсініп жатқандар некен-саяқ. Керісінше, аяқтарымен таптап, жаныштап кетіп жатыр…

Жақсы бөлінген қаржының арқасы ғой, алты ай қысқа шыдас берген, зәулім үйлердің қабырғаларына ілінген, жаңа жылдық бильбордтардың өзі көктемнің тентек желі желпігенде, қанатына оқ тиген құстай жанұшыра далақтайтынын қайтерсің?! Кей ғимараттардың, асханалардың, қоғамдық орындардың маңдайшаларындағы «С Новым годом» деген алабажақ жазулар әлі тұр. Бейне тасқа қашалған түркі жазулары секілді. Қала саябағындағы мәңгі жасыл шыршалардың да өн бойларындағы «тарту-таралғылар» жерге шұбатылып жалаңаштана бастағаны болмаса, «қадірі» түскенге ұқсамайды. Қайтсін, олардың өзі ұяттан «өртеніп» жерге кіріп кетуге даяр тұрғандай селқос. Өйткені өздеріне бір ай бұрын жасалатын құрметтің наурызға көрсетілмеуі ерсі екенін сезетіндей кескіндері… Бірақ… Әттең!..

Астана наурызға бір апта уақыт қалса да, оны ұлықтауға асығар емес. «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» демекші, БАҚ наурыз қарсаңында Шымкенттегі Құрсай мөлтек ауданының тұрғындарына бір күн бойы тегін нан таратылғанын жарыса жазуда. Оған халық дән риза көрінеді. Күні ертең тағы бір елді мекенде наурыз мерекесі құрметіне ет таратылып жатыр десе, таң қалмайтын шығармыз. Билік басындағы кейбір азаматтар наурызды қайырымдылық мерекесі деп шатасып жүрген жоқ па осы? Қайырымдылықты, жомарттықты қай кезде жасаса да, құптарлық қадам. Бірақ қытымыр қыстан қысылып шыққан, аққа аузы жаңа тиген жұрттың қуанышын бөлке нанмен бөлісу көңілге қаяу салады екен бір түрлі. Асан қайғыланып, «ауызды құр шөппен сүрте бермейік». Наурыз мейрамына орай елордада мәдени-бұқаралық шаралар өтеді, ағайын. Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ақпараты бойынша, Наурыз мейрамына орай елордада 20-ға тарта мәдени шара өткізілмек.

Негізгі мерекелік шаралар ашық алаңдарда ұйымдастырылады. Бірақ апталап тойлау жоқ. Сыпайылап айтсақ, аталып өтіледі. 21-23 наурыз күндері «Хан Шатыр» СОСО маңында, «Қазақ елі» алаңында, қалалық алаңда, «Студенттер» бағында, «Жастар» театрының (вокзал ауданы) алдында наурыз мерекесі тойланады. Сондай-ақ, қаланың барлық тұрғын алаптарында халықтық серуендер болады. Бұдан бөлек, мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қала театрларында концерттер, спектакльдердің премьералық көр-сетілімдері, көрмелер ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Астана» концерт залында 23 наурызда «Шаншар» сатира және әзіл кеші өтсе, 25 наурызда «Шалқыма» халық би ансамблінің, «Рауан» би ансамблінің және классикалық, эстрадалық вокал солистерінің қатысуымен «Би әлемі» концерттерін тамашалауға болады.

Айтпақшы, елорданың қуыршақ театрында «Наурыз туралы аңыз», «Қаңбақ шал» және «Приключения Наурызбека» ертегілері қойылады. Орыс драма театры да кішкентай көрермендер үшін мазмұнды бағдарлама ұсынуды қолға алыпты. Наурыз мейрамына орай орыс театры «Домик для царя зверей» және «Аленький цветочек» ертегілерін қояды.

Бәлкім, халықты көптеп тартудың бір жолы — айтыс ұйымдастырылып қалар. Ат жарыс, қыз қуу, теңге ілу т.б. ұлттық ойындар да жасалар. Бағасы удай наурыз көжелер де сатылар. Құрт-майға да жарнама жақсы болар. Тек қана наурызға деген атүсті көзқарас мерекеге жиналған халықтың көңіл күйіне кірбің түсірмесе екен дегіміз келеді. Ұлттық рухтың асқақтай түсуі үшін, ұлық мерекенің қадіріне жеткенге не жетсін, шіркін!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК