НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ тұжырымдамасы
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ
НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ
тұжырымдамасы
Нұр-Сұлтан, 2021
МАЗМҰНЫ
|
Кіріспе…………………………………………………………………………………………………… 3 |
Мейрамдаудың мәні мен мазмұны………………………………………………………….. 4
14 наурыз – «Шуақ күні»………………………………………………………………… 4 15 наурыз – «Алас күні»………………………………………………………………….. 4 16 наурыз – «Жайнау күні»……………………………………………………………… 5 17 наурыз – «Шаттық күні»…………………………………………………………….. 5 18 наурыз – «Береке күні»………………………………………………………………. 5 19 наурыз – «Тағзым күні»……………………………………………………………… 6 20 наурыз – «Өркен күні»……………………………………………………………….. 6 21 наурыз – «Ұлы күн»…………………………………………………………………… 7 22 наурыз – «Бастаңғы күні»…………………………………………………………… 7
|
Жоба
КІРІСПЕ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен күн мен түннің теңелген мезгілі, Ұлыстың ұлы күнін «Көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы» ретінде ресми тойлау бекітілді. Ал, 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер» туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында атап өтілетін болды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы Наурыз мерекесін 9 күнде 9 атаумен өткізіп, әр күнді әз-Наурызға тән ізгі істерменен айшықтауды ұсынған еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі — Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған.
Сондай-ақ, 2016 жылы Қазақстан Әзірбайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан, Түркия және Өзбекстанмен бірге көпұлтты номинация «Наурыз. Мерекелік дәстүр» ЮНЕСКО Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді.
Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сонымен бірге, түркілік таным бойынша 12 жылдық мүшелдік цикл басталатын күн Наурыз мейрамына сәйкес келеді.
Әз-Наурыз тарихи құндылығын, халық арасындағы өзектілігін жоғалтпаған мейрам. Халықтық сипат алған бұл мейрамда адами құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырады.
Бес мыңжылдық тарихы бар Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртудың арқасында ғасырларды жалғап, ұрпақ пен салт-дәстүрдің сабақтастығын сақтайтын қасиетке ие.
Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауындағы Таңбалы таста қашалған ежелгі суреттер Наурыз мерекесімен мүшелдік жылды мерекелеу көрінісін бейнелейді.
Ұлық мереке заманауи қазақ қоғамына еркін бойлап, қоғамдағы достық пен ынтымақтың символына айналды. Қазақстанда өмір сүріп жатқан жүзден аса өзге ұлт өкілдері Ұлыстың ұлы күнін қадір тұтып, жалпыхалықтық сипатта тойлап келеді. Көпұлтты мемлекетіміздегі достықтың күшейіп, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, бейбітшілік пен бірліктің, достықтың жарқын үлгісін көрсеткен мейрам.
Наурыз мейрамының негізі мақсаты: ұлттық бірегейлікті сақтап, қазақ халқының мәдени өзгешелігін дәріптеуге жағдай жасау.
Мейрамның міндеттері:
- жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;
- отбасы институтын күшейту;
- әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;
- этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
- экологиялық мәдениет қалыптастыру және дамыту.
Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам.
Наурыз мейрамын тойлауға қатысты іс-шаралар 14-22 наурыз аралығында өткізіледі.
Мейрамдаудың мәні мен мазмұны:
14 наурыз – «Шуақ күні» яғни мүшелдік жыл басы. Бұл күн – мүшелдік жаңа жылдың кіретін күні. Жұлдыздық күнтізбе бойынша, Күннің Тоқты шоқжұлдызына таяп келуінен жыл маусымы ауысады. «ҚАМАЛ» – тоқты шоқжұлдызының маңдайы дегенді білдірген. Қазақы мүшелдік жылдың алғашқы күні, 90 күн қыс мезгілі шығып, тоң кетеді. Тоңның орнын шуақ басатын күн. Қазақтың танымы бойынша бұл күн – көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің негізгі ғұрпы – көрісу. Күннің шуағы жерді қыздырып, көктемнің алғашқы гүлі бәйшешек көктеп, жыл құсы «наурызек» көрінеді.
Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. Алыста жүрген жандар қара шаңыраққа соғып, ата-анасына сәлем беріп, ағайын-туыстың үйіне бас сұғады. Алыстағылар телефонмен хабарласып, құтпарақпен құттықтасады. Ерлер әйелдерге бәйшешек гүлін сыйлайды.
Наурыз мейрамын тойлау аясында әр ұйымда, оқу орындарында Шуақ күні жұмыс басталардың алдында келушілерді қазақтың ұлттық аспаптарымен ән шырқап, ұлттық тағамдармен қарсы алу өткізіледі.
Радио мен телеарналарда шуақ пен күн сәулесі, күн мен гүлдер туралы әндер мен термелер шырқалады. Көшелерде бұл күні бәйшешек гүлінің бейнесі безендіріледі.
Сондай-ақ, бұл күнде гүлдер жәрмеңкесі мен базарлар, айтыстар: жаз бен қыс айтысы, өлі мен тірі айтысы өтеді. Шуақ күніне арналған концерт: ескі жылмен қоштасу, жаңа жылмен қауышу – сахналық қойылымдар (шоу) қойылады.
15 наурыз – «Алас күні». Бұл күн негізінен рухани және тәндік/физикалық тазару күні болып саналады.
Бұқаралық деңгейде бұл күні адамдар үй-жайын, мекемелер кеңселерін тазартады. Алаңдарды сыпырып, қардан тазалап, бұлақтың көзін ашады. Адамдар ескі-құсқыдан құтылады. Қоқыстан тазарады. Реніштерін кешіріп, бір бірін рухани жаңаруға шақырады. Сондай-ақ, елдімекен аумағын көркейту-көгалдандыру үшін жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіледі. «Үздік ұйым ауласы», «Үздік мектеп ауласы» секілді байқаулар өткізу ұсынылады.
Үйді, киімді, көңілді жаңарту, хош иісті шөптермен, иіссулармен орынжайларды, бөлмелерді жұпарлайды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Ойын-сауық орталықтарында жаппай жеңілдіктер, науқандар жүреді.
16 наурыз – «Жайнау күні». Бұл күн айналаны толық көріктендіруге арналады. Әрбір отбасы мен мекемелер үйлерді, орынжайларды безендіреді. Наурыздың басты атрибуты жолтерек, алтыбақан үйге, алаңға, көшеге не аулаға орнатылады.
Жолтерек (ежелгі түркілік «йол» — «жол» ұғымын білдіреді) – қазақ халқының танымы бойынша көк аспан мен жердің арасын байланыстырушы рухани мифологиялық жол. Таным бойынша бұл жолмен адамның тілегі Көкке жететін көрінеді. Аңызда оның басқаша атауы – бәйтерек. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, кілем төселеді.
Көше, ауыл 7 түспен әшекейленеді. Автокөліктер мен автобустар безендіріледі. Зергерлер мен ісмерлердің, ұсталардың жәрмеңкесі өтеді. Қалаларда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылады. Сурет, қолөнер, дизайн өнімдері бойынша аукцион/бәссауда ұйымдастырылады.
17 наурыз – «Шаттық күні». Бұл күні барлық жерде жарқын көңіл көтерерлік шаралар мен науқандар, концерттер өткізіледі. Басты шара күлдіргі, әзіл шараларына молынан жол беріледі. Әркім 7 адамды қуантуы тиіс деген насихат жүргізіледі. Аз қамтылған отбасыларды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жоқ-жітімге, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Дәулеті мүмкіншілік беретін адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Жүрек жылуы», «Наурыз дастархан» ретінде азық-түлік үлестіреді. Халыққа шаттық, қуаныш сыйлайды.
Алдар көсе сағаты, өтірік айтыс, қылжақ айтыс, әзіл жәрмеңкесі, цирктердің өнері, концерттер өтеді.
18 наурыз – «Береке күні». Бұл күні ауылдар мен кенттерде, қалалардың алаңдары мен саябақтарында тегін көже ішкізу, бауырсақ тарату қолға алынады. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Әр үй 7 адамға наурыз көже ішкізуі тиіс.
Бұл күні әр үйдің дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ал, этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі. Тағамдар шеруі өткізіліп, Наурыз көже мен бауырсақ алаңы ұйымдастырылуы қажет.
Наурыз айында мектеп, колледж және университет асханаларының ас мәзіріне ұлттық тағам Наурыз көжені, талқан, жент, ұлттық сусындарымыз – қымыз, саумал, шұбат және сүт өнімдерімізді енгізу қажет.
Қаладағы мейрамханаларда бірыңғай ұлттық ас мәзірінің тізімін құру және онлайн тапсырыс беру үрдісін қалыптастыру керек.
Алаңдар мен саябақтарда, сарайларда, көшелер мена ауылдарда түрлі тағамдар мен тамақтардың жәрмеңкесін өткізу, мейрамханалар мен дәмханаларда этнотағамдар сағаты ұйымдастырылады.
19 наурыз – «Тағзым күні». Бұл күн екі дүниенің бір-біріне құрметтесуі, Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Арнайы Құран оқу, еске алу рәсімі жасалып, халықтың амандығын тілейді. Алаңдарда жаппай шелпек тарату, шелпек пісірудің түрлері мен рецептері дәріптеледі.
Қарияларға «Белкөтерер» рәсімі жасалады. Наурыз бата беру науқаны өтіп, қазақтың шүлен тарату, жылу жинау секілді қайырымдылық институттары насихатталады. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады. Осыған байланысты, барлық білім беру ұйымдарында, сондай-ақ телеарналарда «Наурыз бата беру» шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Бата беруді телешоу арқылы өткізуге болады.
«Жeтi aтa» дәcтүpiн жacтap apacындa кeңiнeн нacихaттaп, oқушылap apacындa қазақ тілі мен әдeбиeті caбaғы бoйыншa caлт-дәcтүpдeн интeллeктуaлдық caйыcтap ұйымдacтыpу.
Қазақ халқында қайырымдылық мен ұйымшылдықты таныту мақсатында «Асар» дәстүрін қайта жаңғырту өте маңызды іс.
20 наурыз – «Өркен күні». Өсу, өну, өркендеу, молаюдың басы болып саналады. Бұл күні адамдар үйлеріне, ауласына, тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш өскіндетеді немесе егеді. Ата-әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады. Ата-аналар балаларына жолдық сыйлайды, депозит ашады. Жолдық – наурызда берілетін сыйлық. Ұлға бәсіре, қызға жасау атау дәстүрі насихатталады. Перзентханалардағы ұл тапқан келіншекке «үлпершек» сыйлау, қыз тапқандарға гүл, бесік және басқа лайық сыйлықтар сыйлау.
Балаларға асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.
Балаларға арналған шығармашылық ойындар: сюжетті рөлдік ойындар, театр ойыны, құрылыс ойыны, режиссерлік ойындар және ұлттық ойындар ұйымдастыру.
Ұлттық ойыншықтармен ұлттық кейіпкерлерді заманауи трендтер мен үздік тәжірибелерді қолдана отырып дайындау. Балалардың ойыншықтарын ұлттық нақышта жасау .
Мектептерде ырым-тыйымдap, төрт түлікке деген ізеттілік, обал мен сауап, адал мiнeз, туыcтық aтaулар, ұлттық oйындap, қaзaқы өлшeмдepге байланысты aйдapлap, сайыстар, олимпиадалар ұйымдacтыpу.
Жастар арасында «Asyk party», «Dombyra party», «Baursak party», этномузыка, ұлттық би кештерін заманауи форматта, этно сән қойылымдарын ұйымдастыру.
Ауылдар мен қалалар төлдер тойын өткізеді, балаларға арналған концерттер, аукциондар, конкурстар, шаралар ұйымдастырылады. Балаларға арналған шаралар, концерттер өтеді.
21 наурыз – «Ұлы күн». Күн мен түннің теңесер күн, ақ пен қараның үйлескен күні. Ғарыштық тепе-теңдік сәті. Бала-шағамен тәулік бойы мерекелеп, шаралар өткізіледі.
Наурыздама ұлттық спортқа арналады. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, аударыспақ ұйымдастырылады. Ал, балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.
Сондай-ақ, өзге де сайыстар, велошерулер, «Наурыз» сөзі жазылған автошерулерді де ұйымдастыруға болады. Қоғамдық көлік сыртына өзіміздің ұлттық ертегідегі қаһарман кейіпкерлер бейнеленген мультфильмдердің жарнамасын жарнамалауды қолға алу өте маңызды. Көлік сыртындағы жарнамалар арқылы балалар өз батырларымызды танитын болады. Осылайша автокөліктер мен автобустар безендіріледі.
Сахнада театрландырылған қойылымдар мен жергілікті қала, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және цирктердің көше қойылымдылық бағдарламасы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, Наурыз мейрамының маңыздылығын арттыру мақсатында қызметкерлер мен жұмысшыларға материалдық және материалдық емес ынталандыру түрлерін қарастыру қажет. Мемлекеттік марапаттар табысталады. Сыйлық жасау мақсатында коммерциялық ұйымдардың арнайы «Nauryz сыйлық» әзірлеуін қамтамасыз етуі керек. Ол адамдардың қалтасына қарай әртүрлі бағада болғаны жөн. Ұлттық нақышта дизайны керемет құттықтау парақтары (открытка), әйелдерге арналған жібектен жасалған мойынорағыштар, орамалдар және т.б. сыйлықтар дайындау қажет.
Күні бойы мерекелік сауық-сайран, «Бастаңғы» — бас таңды қарсы алу шаралары, жастар таң атқанша алтыбақан айналасында сайран құрып, ерлер мен жігіттер «Селтеткізер» әзірлеп, қыз-келіншектер «Ұйқыашар» дайындайды.
22 наурыз – «Бастаңғы күні». Қазақ халқының дәстүрінде таңды қарсы алу «Бастаңғы» ғұрпымен жүзеге асқан. Бұл күні жұрт ұйықтамастан таңғы сағат 7:00-де Бас таңды қарсы алады. Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын 10 сағаттық «Бастаңғы» таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Жұрттың бәрі таңды қарсы алуға арнайы киім әзірлейді, костюм киеді. Ерте тұрып таңды қарсы алып, Жаратқанға құрмет көрсетеді. Ақ пен жарық мол болсын деп бір-бірін құттықтайды.
Осы сәтте, Қазақстан Республикасының Президенті құттықтау сөз сөйлейді. Президенттің құттықтауы телеарналардан, интернет кеңістікте беріледі және оны барлық халық тыңдауы үшін Наурызды мерекелеуге арналған алаңдарда LED экрандар орнатылуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Халықтық мейрамда Отандастармен бірге болуы, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, мерекенің өз жөн-жоралғысымен құттықтауы – бұл халықтың бірлігін одан әрі арттыруына септігін тигізеді.
Сақтар дәстүрімен қызыл мауыты киінген 360 балдырғанмен бас таңды қарсы алу шарасы өтіп, көшеде Наурыз шеру басталады. Жамбы ату жарысымен барлық спорт ойындары өтеді.
Жалпыхалықтық тойлау жиындары Қыдыр атаның келіп, ізгі тілек айтып, ақ батасын беруімен басталуы керек.
Сондай-ақ, тұжырымдаманы іске асыру кезінде аптаның мына күндерінде белгілі бір дәстүрлер бойынша іс-шаралар өткізу қажеттігіне назар аударған жөн. Наурыз мейрамын атап өту бойынша тұжырымдамада көрсетілген Алас, Шаттық және Тағзым күндерінің реттілігі, жыл сайын ауыспалы түрде «Алас күні» – сенбі, «Шаттық күні» – жексенбі, «Тағзым күні» – жұма күндері өткізілуі тиіс*.
Күтілетін нәтижелер:
- отбасыны және қоғамды ұйыстыратын құндылықтар нығаяды.
- экологиялық мәдениетті қалыптастыру, аумақты абаттандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру деңгейі артады.
- қайырымдылық пен меценаттықтың мәдениеті қалыптасады. Жаппай санада оларды нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.
- ұлттық бірегейлікті нығайту, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсету бойынша бұқаралық іс-шаралар өткізіледі.
- Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі күшейтіледі, жалпы қазақстандық құндылықтар, эволюциялық даму мәдениеті қалыптасады және нығаяды.
*Қалған күндердің жүктемесі бір-бірін алмастырады және мейрамды кең түрде атап өту — мерекелік күн түсетін аптаның басқа күндеріне байланысты өзгеруі мүмкін.