Наурыздама – қоғамды біріктіретін мейрам

Бүгін ескіше жыл санау  бойынша көктем кірді. Ұланғайыр Қазақ даласының  күнбатыс  тұсын жайлайтын ағайын Амалды қарсы алып,  арқа-жарқа болып көрісуді бастады. Көнеден келе жатқан салтты  сақтап,  мәре-сәре  болысып жатыр жұрт. Бұл  Мәшһүр Жүсіп айтқан қазақы Наурыздаманың басталғанын  көрсетсе керек.

Негізі ұлттың  рухани  тұтастығын сақтауға септігі тиетін  дүниелер көп.  Олардың қатарына тіл, дін, ділді жатқызуға  болады.  Сонымен бірге, салт-дәстүр де  ұлттың бірлігін нығайтуға  ықпал етері анық.  Сондай салттардың бірі осы–көрісу. Рас,   бұл салт   қазақ жайлаған мекеннің әр қиырында тойлана  қоймайды. Әзірге тек  батыстағы  ағайын осы көрісу салтын ерекше сақтап жүр. Бірақ,  бұл жағдай  көктемді   қарсы алудың  мұндай  дәстүрін өзге қазақ білмейді дегенді аңғартпаса керек.  Шын мәнінде,   табиғат жаңарған мерізімді қарсы алып,  көктемнің келіп, арқаның кеңігеніне   қуанбаған қазақ  болмаған бұрын.  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы     үйіне келген  қонақтарға  8 күндік наурыздама берген Сәті байдың  хиқаясын айтады. Сегіз күн  мейрам қылған жұрт   тоғызыншы күні,  Ұлыстың ұлы  күнінде  Жаратқаннан тілек тілеп,  дұға қылады екен.  Ол енді тура  22 наурызға  сәйкесетін күн. Яғни, бұл мейрамның түп мәні  тұтас ұлыстың  ортақ тілегіне  тірелетін болса керек. Ғұламаның деректеріне сүйенсек бұрын наурыздаманы Баянауыл төңірегінде де,  Алатау баурайында да беріпті. Демек,  бүгін басталған салт күллі  қазаққа  ортақ  болғаны анық. Тек әр түрлі атаумен атап,  бір өңірдегіні сақтап  қалса, келесі бір аймақтағыны  ұмытып кетсек керек. Наурыздың  өзін 70 жылға жуық  ресми тойлатқызбай,  мейілінше  халық санасынан өшіруге  ұмтылған   саяси жүйеде  өмір сүрген кезіміздің  зардабы осы. Содан ғой,  14 наурызда басталатын  көрісу салты  көп  өңірге таңсық  көрініп жатыр. Бірақ, ұлттың  салт-санасының  өзгеріп тұратынын ескерсек,   күнбатыста сақталған әдемі  дәстүрді жаңғыртып,  өзге аймақтарға да таратудың  артықтығы  болмаса керек. Қажет болса, бұл іске ішкі саясатпен айналысатын  мекемелерді тартып, насихатын  жасап бұқаралық сипат  беруге    болады.

14 наурыз – Наурыздаманың басы

Осыдан  бірнеше жыл  бұрын фольклортанушы Берік Жүсіп фейсбуктегі өз парақшасында «Бәріңізге белгілі, жыл басы – тышқан. Ежелден халық арасында: «Тышқан қалай жыл басы болды?» дейтін ертегілер тараған… Алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, інінің іші мен аузын бір тазалап қояды. Содан соң бір-бірімен кісі сияқты кәдімгідей көріседі. (Бұған таң қалмаңыз. Суыр деген аңның 8c9d0cee14385e5fc89b39f6b9ad1028-640x387түрі бар. Олардың «Суырдың қыз ұзатуы» деген рәсімі болатынын аңшылар жақсы біледі). Мұнысы жыл басында айналасын тазартып, кір-қоңын жуып, киімін жаңалап киетін далалықтардың тіршілігіне қатты ұқсайды. Осы мақұлықтың жылдағы әдетінен бір танбайтынын білетін және үнемі бақылап жүретін біздің жақтың әулие шалдары осы күнді «Жыл басы» дейтін»-деп жазғаны бар.  Яғни,  14 наурызды бұрыңғылар  Жыл басы санаған, ал  22 наурыз Ұлыстың ұлы  күні. Шәкәрім қажының баласы баласы Ахат өз  естелігінде: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген»,-деп жазады. Бір сөзбен айтқанда  күнбатыстағы ағайын сақтап отырған  көрісу салты   наурыздама  ғұрпының бір  бөлшегі  болса керек. Тек қазір ол  аймақтық сипатта ғана қалып отыр. Бірақ, осы салт табиғаттағы  үлкен өзгерістердің  басы ретінде саналған.  Себебі, осы мерізімде Тоқты  шоқжұлдызындағы Амал жұлдызы Күнмен бір сызықтың   бойында тұрғандай көрінетін болса керек. Бұрыңғылардың «Күн  Хамал  жұлдызына кірді» дейтін кезі осы кез. Яғни, Күн мен Амал жұлдызы  «көріседі».  Жер бетінде қыс аяқталып,  ұзынсары келген соң адамдардың да барыс-келісі, алыс-берісі  басталады. Сол себепті,  14 наурызды айырықша атап өтетін күнбатыстағы ағайынның салтын күллі қазақ қолдап-қолпаштаса ұтыла қоймаспыз. Себебі, «торқалы тойдың» көшпенді жұрттың басын біріктіріп келгені тарихтан белгілі. Әрі Наурыздаманы атап  өтудің  маңызы арта түсер еді. Егер  бірнеше жыл мемлекеттік  қолдау болса мейрамды халық өзі дамытып, бұқаралық сипатқа енгізеріне сеніміміз кәміл. Таза идеолгиялық астармен  тойлана бастаған 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қазір  жалпы халықтық мейрамға айналғаны соның нақты дәлелі. Батыстағы «көрісу» салтының атауы емес,  мазмұны маңызды. Халықтың өз салты. Енді тек  соны жан-жақты насихаттап, әрісі күллі түркіге, берісі барша қазаққа қайтару керек.  Бірлік алауы тек Отпан тауда ғана емес, Алтайда, Хантәңірінің баурайында,  Ұлытау мен  Қазығұртта, Көкше мен Баянда  тұтанса иісі қазақтың айбынын асқақтатары анық.

Серік ЕРҒАЛИ, мә­дениеттанушы:

– Кешегі Наурыздың басы саналған Амал күні 14 нау­рыз қазақ ру­ха­ния­ты­ның бостан бол­ған салтанаты болуы керек. Біртұтас қазақ көрпесін бір қияға бұра тартпай, рухани модернизацияның көрінісіне айналдыра білейік. Алып ақынымыз Сабыр Адайдың еңбегін еш қылмай жал­пықазақтық салтанатқа айнал­дырсақ деген пікірдемін. 14 наурызда ұлы даланың 4 құбыласында қазақтың 4 кездесуі бірге старт алатындай рәсім жасаған жөн. Бұл бұрыннан айтылып жүр. Айталық, Отпан, Қазығұрт, Ұлытау, Алтай маңында. Бұған Мәдениет министрлігі атсалысуы керек. Қазақ ыдырап отырған жоқ, рух ыдырап отыр, осылай жасасақ, біз өзімізді қойып, күллі түр­кіні біріктіреміз, жауды түңілтіп, досты сүйсінтеміз. Мұны сірә, бас кө­терер байлар мен зиялы қауым қолға алуы тиіс. Айталық, батыстың қазағы шығыс пен оңтұсқа ағылсын, Орталық Алтай мен Қазы­ғұртқа, Отпанға барсын. Қазақ бірімен-бірі жаңажылдық табысуға кіріссін. Мұны әкімдер де қолға алуына бо­лады. Бұл бүгінде аса өзекті іс болар еді. Сол себепті, наурыз айының 23 күні бе­рілетін ресми де­ма­лысты 14 наурызға жыл­жытқан жөн болар. Сонда бұл күннің маңызы біршама арта түскен болар еді.

Мереке де идеология құралы

Жалпы, түрлі атаулы күндерді  идеология құралы ретінде жақсы  пайдаланған  мемлекет–КСРО.  7  қараша,  8 наурыз, 1 мамыр, 9 мамыр… Кеңестік  жүйенің  бұқараны идеологиялық  шеңберде ұстап тұру үшін   қолданған   мерекелерінің  біразы осылар. Сол мейрамдардың  бірқатары  іс  жүзінде  бұқараның санасына сіңіп,  жалпыхалықтық мерекеге айналған. Мәселен, 8  наурыз.  Ал,  кейбіреуін тәуелсіздік алған соң Қазақстан  мемлекеті  қоғамдық  тұтастыққа  қажетті  элемент ретінде   қолданып келеміз. 1 мамыр  мейрамының сақталып қалғаны содан. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан қоғамында  ресми мерекелерді  идеология  құралы ретінде  пайдалануға  мүмкіндіктер бар. Демек, Наурыздаманы  осы мақсат үшін қолдануға  болады деген сөз. 8-9 күнге арнайы атау беріп, түрлі шаралар ұйымдастыруға,  ұлтты ұйыстыруға, қоғамды  топтастыруға зор мүмкіндіктер бар.  Наурыздаманы  9 күн атап өтуді бірнеше  бағытта  пайдалануға  болатын тәрізді.  Бірінші кезекте әрине  қазақ ұлтының береке-бірлігін нығайту бағытында қолдануға  болады. 14 наурызда Батыста көрісу салты жасалып, Маңғыстаудағы Отпан атуда  ұлан асыр мейрам жасалатыны  баршаға белгілі. Сол шара  кәдімгідей бірліктің нышанына айналғанын байқауға  болады. Егер  Отпан тауға үндес  қылып, Алтайда,  Алатауда, Қаратауда, Қызылжарда мереке ұйымдастырса, көрісу салты  іс жүзінде Наурыздаманың бастауына айналар еді.

13953536509016

Ал, мерекені  идеология құралына  айналдырғаннан  ұтар  екінші тұсымыз–этносаралық  бірлікке қатысты.  Өйткені, Наурыз мейрамы  Қазақстанда  тұратын  көптеген  этностарға ортақ. Қазақ, өзбек,   қырғыз, түркімен, әзербайжан, түрік, күрд, тәжік, ноғай, татар,башқұрт, қарашай, құмық, шешен-ингуш сияқты көптеген халықтар тойлайды. Яғни көп халыққа ортақ  мейрам. Демек, Наурыздама арқылы  осы бірлікті нығайтуға  болады. Себебі, әр этнос тарихы терең осынау мерекенің баршаға ортақ екендігін сезініп, ұқсастықтар іздейді,  бір-бірінің салт-санасына шынымен қызығады.

Үшіншіден,  бұл мерекені  экологиялық мәдениетті жетілдіру мақсатында   пайдалануға  болады.  Себебі,  көктем мезгілі жаңғырудың,  жаңарудың басы.  Наурызда ағаш егіп,  бұлақтың көзін ашу ежелден бері келе жатқан салт. Наурыздама кезінде  оңтүстікте  мұндай шаралар ұйымдастырудың мүмкіндігі зор. Ал,  солтүстікте  аулалардан қар шығарып, төңіректі тазалауға болады. Су тасқынының алдын алуға да осы кез қолайлы.  Қар толық ерімеген кезде, жер әлі тоң болып тұрған уақытта елді мекендерде  жиналған қар мен қоқысты  аулаққа шығарып тастаудың мүмкіндігі бар. Бұқараны тиісті құрылымдарға  осылай қолғабыс жасауға жұмылдыруға болады. Бұл өз кезегінде  билік пен халықты жақындата түсетін тетіктердің біріне айналар еді. Мәселен,  өткен аптада  Астанада қар тазалауға арналған сенбілік өтті. Мұны  Наурыздама шараларының қатарына кіретін әдеттердің қатарына қосуға  бүгінде  еш кедергі жоқ. Өйткені,  Наурыздамана  тоғыз күн тойлаудың алғышарттары біздің елде қалыптаса бастады. Алғаш   рет 2013 жылы оны Оңтүстік Қазақстан облысы бастаған. Енді соны тұтас республикалық деңгейде жаңғыртуға мүмкіндік бар.

Төртіншіден, бұл мейрамды кең  көлемде тойлау аймақтағы мемлекеттердің интеграциясына да өзіндік  ықпалын  тигізуі мүмкін. Мереке ЮНЕСКО-ның  адамзаттың материалдық емес  мұраларының қатарына енгізілгеннен  бері  Ауғанстан, Иран,  Тәжікстан, Түркіменстан қатарлы бірқатар елдер  халықаралық Наурыз  фестивалін өткізіп келеді. 2010 жылы  фестиваль Тәжікстанда өтсе, 2011 жылы Иранда, 2013 жылы Түркіменстанда, 2014 жылы Ауғанстанда өтті. Сол салтанатты шараларға аймақ елдерінің Президенттері қатысқаны бар. Ал, Қазақстан Наурыздаманы 9 күн тойлар болса, Орталық Азиядағы ең үлкен мейрамды ұйымдастырушы ел атанып, мейрам қарсаңында азды-көпті  шетелдік туристерді тартуға да мүмкіндік туар еді. Қысқасы,  ұлттық мейрамды ұлық ету өз қолымызда. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!»- десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен»,-деп жазып кетіпті Мәшһүр Жүсіп. Сол кездерге ұқсап бағуға қазір мүмкіндік бар. Тек кілтін табу керек болып тұр.

Берік Уәли, ҚР Инвестициялар және  даму  министрлігі ақпараттық қамтамсыз  ету департаменті  директоры:

Негізі  халықтың салт-дәстүрін  жаңа заманға  бейімдеуден ұтпасақ ұтыла  қоймаймыз. Мәселен,   қазіргі кезде   жасалатын  үйлену немесе қыз  ұзату  тойлары бұрыңғы бабаларымыздың дәстүрінен сәл  бөлек жасалады.  Ұрын келу жоқ,  сыңсу сирек айтылады.  Жар-жар тойда шырқалып жүр. Дастарханға  екі жақтың  құдалары да бірге жайғасады. Яғни,  бұрыңғы дәстүрден сәл өзгеше. Бірақ, осынау жаңғырған  нұсқаны  бүгінгі қазақ қабылдап алды. Сол сияқты Наурыз мейрамына қатысты салттарды да жаңғыртып, жаңа  заманға бейімдегеннің  айыбы  болмаса керек.  Біз 2013 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысында  9 күн наурыздама  жасау бастамасын ұсынғанбыз. Төле  би  заманында  болғаны айтылатын 8 күндік наурыздаманы тоғызға  шығардық.  Қазіргі  вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі,  сол кезде аталған облыстың  әкімі қызметін атқарған Асқар Мырзахметов  мерекені 9 күнге дейін жеткізу туралы пікірін білдіріп, сол себепті 9  күн идеясы  дүниеге келген. Бірақ, онда тек той-тойлау емес,  сенбілік жасау,  қарияларға  сәлем беру,  қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мемлекеттілікті  насихаттау, рәміздерге  құрмет,  өткенге тағзым сынды  көптеген  идеяологиялық  шаралар ұйымдастырылған еді. Бастаманы  бірқатар облыстар   қолдап,  жалғастырып әкеткен.Оңтүстік Қазақстан  облысында біз  мейрамды осылай 9 күн бойы атап өтуді 2013-2015 жылдар аралығында  жүзеге асырдық. Кейін де жалғасын тапты.  Халықтың да  ықыласы ерекше  болған-ды. 2015 жылы  наурыз айында  Оңтүстік Қазақстан  облысына барған кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та  бұл бастаманың орынды екенін,  ел бойынша  насихаттауға лайық екенін айтқан  болатын. Демек,  14 наурыздан бастап, 22 наурызға дейін Наурыздама  салтын  жаңғыртудың  мүмкіндігі бізде бар. Бірақ,  оны тек  мемлекеттің  ұйымдастыруын  күтпей,  әлеуметтік желілер арқылы  бұқара да жаппай  мерекеге айналдыруға  болады. Ресми статусы  жоқ  Әулие Валентин күні, Хэллоуин  дегендер бізге  интернет арқылы кіріп, өз жақтастарын тапты ғой.  Наурыздаманы  бұқаралық мерекеге айналдыруға интернет пен масс-медианы  қолдануға  болады. Сол себепті, наурыздаманың бұқаралық сипатқа  ие  болуына баршаның ат салысқаны  дұрыс. Әрі мереке дегенді тек  демалыс күндерімен өлшеуге  болмайды. Ұжымда  соған  даындық жасап, түрлі  шаралар ұйымдастыруға  болады. Мерекенің атмосферасын  алдын ала сезіне  білу керек. Мәселен, әзербайжан  халқы Наурызға  дейін  бір  ай қалғанда  «төрт сәрсенбі» дейтін  салт  жасайды. Әр сәрсенбіде белгілі бір шара ұйымдастырады. Біздің  9 күндік наурыздама сондай қызмет атқаруы керек.  Бұқараны, қоғамды біріктіретін мықты тетіктердің бірі  осы Наурыз мейрамында жатыр.

Түйін

Біз  қазақтың танымындағы айырықша мерекені көнекөз қариялардың  ұғымына салып «Наурыздама» деп атадық. Себебі,  бұрыңғылар солай жазыпты. Абай Құнанбайұлы да өзінің «Біраз  сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» атты  еңбегінде: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той –

тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен»,-деп жазады. Сондықтан, «наурызнама» деп атау қате  болса керек. Мәселенің  осы жағын  да ескердік. Бастысы, тарихы мыңдаған жылдарға кететін, есте жоқ ескі замандардың өзінде  Ұлы даланың жауынгер жұртын ғана емес, қоңсылас елдердің де береке-бірлігіне   қызмет қылған мейрамды жаңа дәуірдің талаптарына сай қылсақ  деген ниет бұл.

Амангелді Құрметұлы