Назарбаев – Қазақтың саны 70 процентке жақындады, қазақтың тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз
Қазақстанда қазақтың тіліне қарсы бір адам жоқ
Қазақтың тілі, қазақтың әдебиеті. Қазақтың жазушылары, зиялылары айтатынын білемін, жанымыз ашымайды деп айтуға болмайды ғой. Біз ептеп-ептеп латынға көшуіміз керек
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада журналистермен кездесуінде қазақ тілінің дамуы жайлы пікірін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Сұхбат республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілді.
«(…) Қаймығып қалғанбыз. Тілімізден де, мәдениетімізден де айырылып қала жаздаған халықпыз. Сол қорқыныш, үрей бар. Әсіресе үлкен буындарда, менің құрдастарымда. Тіліміз дамып келе жатыр еді, қайтадан қалып қалмай ма деп уайымдайды. Қазір Қазақстанда қазақтың тіліне қарсы бір адам жоқ. Жоқ. Мәселе өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы тілді жетілдіру керек. Мысалы, кейбіреулердің президент қазақша сөйлемей, болмайды деп айтатынын білемін. Бізде 100 ұлт пен ұлыстар отыр. Соның барлығы президентті сайлайды, соның барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады? Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын, орысша да, қазақша да. Ресейдің, Американың, Түркияның президенттері өз тілінде сөйлейді, ал мен екі тілде бірдей сөйлеп отырған адаммын. Сондықтан бұл мәңгілік бұлай болмайды. Қазірдің өзінде қазақтың саны 70 процентке жақындап келеді. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз. Бірақ солай екен деп, біле тұра басқа тілдерден ажырап қалуға да болмайды. Өкініп, айырылмайық деген мәселе емес, мәселе мәдениетте, қанша тіл білсең, соншалықты мәдениеттісің. Қазаққа орыс тілі арқылы дүниенің әдебиеті мен ғылымына жол ашылды. Ал жолдауда айтылған мәселелерді орындау үшін ағылшын тілі керек», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көп тіл білуді қазақтың тіліне зиян келтіреді деп ойламау керек екенін және латынға көшуміз керек екенін айтты.
«Қазақтың тілі, қазақтың әдебиеті. Қазақтың жазушылары, зиялылары айтатынын білемін, жанымыз ашымайды деп айтуға болмайды ғой. Қазақтың мәдениет жылы деп қанша мәдениет ошақтарын аштық. Қазір университеттерде қазақша сабақ берілетін болды. Біз ептеп-ептеп латынға көшуіміз керек. Шетел терминдерін қазақтың тіліне енгізіп, тілді байытудың орнына біздің лигвистік комиссия неше түрліні ойлап тауып, аударады. Марқұм Еркеғали Рақымғали өле-өлгенше «Мен өмір-бақи композитор едім, сазгер болдым енді. Менің пианином күйсандық болды» деп айтып кетіп еді. Пианино барлық елде осылай айтылады, неге осы сөзді тілімізге енгізіп, байытпасқа? Балконды қылтима дейді, процентті пайыз дедіңдер, пайыз деген сөзді мен қолданбаймын. Барлық елде процент дейді. Өз ішімізде, елімізде, мемлекеттік басқару органдары өз тілімізде жүретін болады құдай бұйыртса. Бірақ оған асығыстық жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Елімізде тыныштық, өзара сенім, барлығының құқығын қамтамасыз ету, дін, мәдениет, тіл бойынша ешкімді де шектемейміз, әркім өз мәдениетімен, өз тілімен өмір сүрсін. Бұл қалыпты жағдай», – деп атап өтті Елбасы.
Атап өту керек, осыған дейін «Қазақ үні» ұлттық порталының ұйытқы болуымен 2011 жылы 138-дің хаты, ағымдағы 2017 жылы 115 зиялы қауым өкілінің Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың атына жазған Ашық хатында Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы, оның заңды күшіне ие болуына көңіл бөлу туралы өзекті мәселелер қатар-қатар көтерілген еді. 115 зиялы қауым өкілі қол қойған аталмыш хат Президент әкімшілігіне жолданған болатын. Президент әкімшілігінің жетекшісі Ә. Жақсыбеков Конституциялық реформа аясындағы халықтық талқылаудың нәтижесін Елбасыға баяндау барысында Мемлекеттік тілдің Тәуелсіздігін Ата заңда айқын көрсетуді талап еткен зиялы қауым өкілдерінің сөзін жеткізген болатын. Н. Назарбаевтың тіл туралы айтқан бұл өткір сөздері сол Ашық хатқа жауап деп қабылдауға толық құқылымыз.