«Назарбаевтің назасы» халықтың назасы

Өткен аптаның маңызды саяси жаңалықтарының бірі- «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңесінің кеңейтілген отырысы болды. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтің жетекшілігімен өткен жиынға Саяси кеңестің мүшелері, Үкімет, Парламент және Президент әкімшілігінің басшылары, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының деутаттары қатысты. Облыс басшылары теле көпір арқылы байланысқа шығып отырды. Саяси кеңестің отырысында партияны жүйелі жаңғырту және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасау ісін ұйымдастыру мәселесі қаралды. Сонымен қатар Елбасы Кезектегі өзекті түйіндер мен іс басындағы басшыларды сөзге тарта отырып талай маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Біз осы шағын мақаламызда қазірге дейін БАҚ-тарда жарияланып үлгерген

ақпараттарды қайталай шиырлаудың қажетсіздігін ескере отырып, жиналыс мінберінен көтерілген өзекті мәселелер мен Елбасы тапсырмасы және әлеумет пікірі төңірегінде ой өрбіткенді жөн көрдік.

Елбасы «Цмфрлы Қазақстан» бағдарламасы мен оның инвестиция тарту жағындағы маңыздылығына айырықша тоқталды бұл жиналыста. Сонымен қатар агробизнес саласын дамыту жағы да назардан тыс қалған жоқ. Естеріңізде болса, таяуда ғана ҚР Ауышл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев үкімет сағатында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған жоспарларын таныстырған болатын. Мемлекет басшысы кезекті жиналыста ауыл шаруашылығы саласына тағы да тоқталып өтті. Нұрсұлтан Назарбаев барлық салада «Нұр Отан» партиясының белсенді болуы керектігіне де айырықша тоқталды. Елбасының екінші бір баса назар аударғаны кәсіпкерлік саласы болды. «Орта шағын бизнесті дамыту» жобасы қолға алынғалы да бірнеше жыл болды. Осы барыста орын алған мәселелердің жеткен жетістіктер мен көзге түскен кемшіліктер туралы да толық құлағдар болып отырған Елбасы, халықтың көңіліндегі сөзді дөп басып айтып берді. Қызылордадан келген кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірде кәсіпкерге барлық инженерлік желіге бір жерден қосылуға рұқсат алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн-қызмет іске қосылғанын айтты. Баяндаманы мұқият тыңдап отырған Елбасы мұндай қызметтің еліміздің басқа өңірлерінде бар-жоғын сұрады. Мұнымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтан да жауап алды. Келесі кезекте Ғалымжан Жақсылықов коммерциялық мақсатқа берілетін бос жер учаскелері туралы ақпарат, сату немесе жалға беру аукциондары, оған қатысу шарттары барлық кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі ашық болатынын айтты.

-«Ашық болуы керек. Қай жерде жер бар? Қалай сатылып жатыр, кімге сатылып жатыр? Неге оған сатылды, басқаға неге берілген жоқ? Бәсекелестік жағдай болды ма, болмады ма? Сонда жемқорлық та болмайды. Бизнесмен мен шенеунік арасында қатынас болмайды. Қашаннан бері айтып келеміз. Мұны жалпы шешуге болады ғой», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Шыны керек, қазіргі таңда кәсіпкерлікке қажетті жер телімі түрлі жолдармен саудаланып келгені жасырын емес еді. Мұндай сорақылықтың Ақордадағыларды да шамырқандырғаны былайғы жұртқа, яғни кәсіпкерлерге тиімді болары сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен бұл мәселе барлық жерде шешіліп жатыр ма?», деп сұрады. Мырзахметовтің атқарылып жатқан жұмыстар жайындағы есебін тыңдай келе Елбасы: «Сен бәрін мақтай берме. Білеміз ғой. Мәселе тек қана іс адамдарының жер алып, жұмыс істеуінде емес, әрқайсысының шенеуніктің артынан жүруінде. Ал ол келгенін жақсы көріп отырады. Ол бекер келмейді. Барлық пәле сол жерде. Біреу бірдеңеге рұқсат беретін болса, сол рұқсат үшін бірдеңе жасап бер деп отырады. Жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі мәселесі шенеунік пен іс адамдарының арасындағы тікелей қарым-қатынасты ажырату керек. Барлық әкімге айтарым осы. Қанша айтып та келеміз. Осыны жөндеу керек», — деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Келесі бір көңіл аударатын жағдай облыс басшылары арасынан сөзге шыққан ОҚО-ның басшысы Жансейіт Түймебаевтың баяндамасы төңірегінде болды. Жансейіт Түймебаев өңірде білім беру, денсаулық сақтау салаларында цифрландыру қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Түймебаевтің сөзінен кейін Мемлекет басшысы екі маңызды мәселені атап өтті. «Бұл жұмыстар барлық облысқа қажет. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысына. Бұл «облыс басқа салалардан қалып қалды» деген сөз емес. Облыстағы халық тығыз қоныстанған. Сондай-ақ өзбек ағайындарымен байланымыз жақсарып келеді.

Оңтүстік Қазақстанда бәсекелестік те артуда. Олардың сауда-саттыққа, өз жұмысына деген ықыласы бізден гөрі артық екені белгісі. Егер дайын болмасаңдар, қалып қаласыңдар. Барлық бизнеске сол ағайындар келетін болады. Бұл – бірінші мәселе», — деді Президент. Осы жерде Елбасының аузынан шыққан өңірдегі жемқорлық мәселесі туралы сөздер, әлеуметтік желілерде өте қызу талқыға түскенін айта кету керек. «Ешқандай реніш болмау керек. Менде неше түрлі хабарлар бар. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін, еден жуушы болу үшін пара беру керек. Мұндай жағдай басқа облыстарда жоқ, тек Оңтүстікте ғана бар. Сондықтан цифрландыру арқылы деректерді ашық алуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде жерді жалға алу, бизнес ашу, мектепке жұмысқа орналасу, ауруханадағы мәселелер өз шешімін табады. Әрине, халық көп, жұмыс орындары да аз шығар. Сондықтан сендер цифрландыруға көшпесеңдер, жоғарыда аталған мәселені шеше алмайсыңдар», — деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті. Желі қолданушылар осы аралықта «еден жуушы болып орналасу үшін пара беру» мәселесінің еліміздің көптеген облыстарында сақталып отырғандығын алға тартып жатыр.

Жұрт көңілінен шыққан тағы бір мәселе Елбасы ортаға қойған «7-20-25» бағдарламасы төңірегіндегі айтылымдар еді. Баспана мәселесіне баса назар аудара бастаған Президент, енді жолға қойылып жатқан «7-20-25» бағдарламасына жемқорлықтың араласып кетпеуін қатаң ескертті. Әрі бұл істе «Нұр Отан» партиясының жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салып өтті. Жасыратыны жоқ, Қазақстан әлемге аты шыққан жемқор елдердің қатарындағы рейтингінің біразға дейін көрнекі орында болып келген болатын. Тек соңғы жылдары ғана бұл дерттің беті қайта бастаған сияқты. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қарқынды жүргізілуі елдегі жемқорлыққа белгілі деңгейде тосқауыл қойған көрінеді. «Табаққа да өшірет, қабаққа да өшірет» болып тұрған кездері пендешілік пен бақай қулықтың да дәурені жүретіні баршаға аян.

Осылайша кезектңі жиналыс өз мәресіне жетті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің әрбір сөзі мен ескертулері алдағы жерде аяқсыз қалмайтынына сеніміміз мол әрине. Себебі Мемлекет басшысын назаландырған, толғандырған әрбір іс- халықтың ісі, халықтың мүңі болмақ.

Ерқазы Сейтқали