Өндіріс көлемі еселеп өсуде

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына  жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндірісті орындары мен әлеуметтік нысандарды аралады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдегі іссапарын «Қазфосфат» ЖШС-ның «Минералды тыңайтқыштар» өндірісінің тынысымен танысудан бастады. ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған химиялық зауыт ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш өндірумен айналысады. Президентке қысқа мерзімде жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы мәлімделді. Сонымен қатар  өндіріс орнында  жергілікті шикізат пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетіні жөнінде баяндалды.

«Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы зауытты қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ  ағымдағы жылдың басынан бері зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндіргенін айтты. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі,  Ресей елдеріне экспортталған. Бүгінде  ірі кәсіпорында барлығы 1 мыңнан аса адам жұмыс жасайды. Оның 344-і әйелдер.

– Бұл – химия өнеркәсібіндегі, соның ішінде сары фосфор өндіруге маманданған халықаралық деңгейдегі жетекші кәсіпорын. Халықаралық нарықтарға өз тауарларыңызбен шығуға осы артықшылықтарыңыз септігін тигізеді. Бәсекелестікке қабілеттілікті одан әрі арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынды аралау барысында.

Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең бір дамыған аймағы саналады. Өңірдің   химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.

Бұдан бөлек, химия өндірісіне алыс-жақын шет мемлекеттер де қызығушылық танытып, инвестиция салуға ниет білдіруде. Ал арнайы экономикалық аймақтарда ірі кәсіпорындар іргесін қалап, жұмысын бастауға сақадай сай дайын тұр. Бұл сөз жоқ, өңір өндірісін өрістеп дамуын айғақтайды.

 

Төлен Дедек