«NEET жастардың» санағы құр сандырақ па?

немесе жұмыссыз жастарға қатысты ащы шындық

Өткен жылдан бері жастар саясатында  «NEET жастар» деген ұғым пайда болды. Бұл сөздің мән-мағынасын жастар саясатына жауапты басқарма мамандары оқу бітіргеннен кейін алты ай көлемінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген жастар осы санатқа жатады деп түсіндіруде. Алайда, осы  «NEET» деген сөздің өзі не мағына білдіреді? Және  «NEET» жастардың нақты санын білу мүмкін бе? Осы екі сауалға жауап іздеп көруді жөн санадық.

Елімізге енген NEET  терминін  тарқатып айтсақ, «Not in Empoloyment. Education or Training», яғни «не жұмыс жасамайтын, не оқымайтын, өзге де істермен айналыспайтын» деген мағына береді екен. Яғни, не еліне, не отбасына пайдасы жоқ «масыл» сөзімен мағыналас ұғым.

Енді осындай жастардың санағы облысымызда қалай жүруде? Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиевтің айтуынша, өңірде   NEET  жастардың санағы үш ай сайын жүргізілуі тиіс екен. Алайда, олардың нақты санына жету мүмкін емес көрінеді.

– 2015 жылы облысымыздағы NEET жастардың нақты санын анықтап, база жасақтау жоспарланған болатын. Осыған  орай, Тараз қаласы мен аудандардағы NEET жастардың  базасы құрылып, бұл санатқа  1705 жас енгізілген. Оның 395-сы тұрақты жұмыспен қамтылып,  121-і  жастар практикасына жолданған.

Ал, өткен  жылдың басында облысымызда 863 NEET жастар саны анықталып, 397 жас түрлі жұмыстармен қамтылған болатын. Алайда, бұны нақты сандар деп айту қиын. Өйткені, NEET жастардың есебіне жету мүмкін емес. Бірін жұмысқа тартып жатсаң, екіншісі жұмыстан шығып кетіп жатады. Оған қоса, өзге өңірлерге немесе әскерге кетіп қалатындары қаншама. Тіпті болмағанда, намыстанып, өзін NEET жастар ретінде мойындамайтындар артып жығылады. Ал, үйме-үй санақ жүргізуге жастар ресурстық орталықтарының  мамандарының күші жетпейді. Осыдан барып, біз де аудандар жіберген статистикаға ғана сүйеніп, болжамды санақ жүргізіп отырмыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры.

Сонда өңіріміздегі жастар орталықтары нақты санына жету мүмкін емес жастардың санағын жүргізіп жатыр ма? Онда өз-өзімізді алдап, көз бояушылық жасаудың қажеті қанша?

Тағы бір қызықты жайт, өткен жылы Тараз қаласындағы   NEET жастардың болжамды санағының өзін жүргізу мүмкін болмаған көрінеді. Бұның себебін облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиев шаһардағы 86 553 жастың бәрін бақылау мүмкін еместігімен түсіндіруде.

Бұл пікірмен Шу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Рахымбаева да келіседі. Оның айтуынша,  қаладағы NEET жастардың санағын жүргізуден гөрі  аспандағы жұлдыздарды санау жеңіл  екен.

– Шындығын айту керек, Шу қаласының NEET жастарының нақты санын білу мүмкін емес. Қала болғаннан кейін, бір жас келеді, бір жас кетіп жатады. Ал алты ай бойы жұмыссыз жүрген жастардың тізімін беретін қалада құзырлы орган жоқ.

Ал, ауылдағы жұмыссыз  жастарды нұсқаушы мамандарымыз таныс-тамыр арқылы түгендеуде. Яғни, ауылда тұратын нұсқаушыларымыз бәлен үйдің баласы жұмыс істемейді, түген үйдің қызы мектептен кейін үйінде қарап отыр деген секілді болжамды санақтар жүргізуде. Мұндай жағдайда ауданда нақты осынша NEET  жастар бар деп айту қиын. Егер осы жұмыссыз жастардың тізімін жүргізетін бөлек  база  болғанда, әңгіме басқаша болатын еді, – дейді орталық директоры.

Ал, Қордай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Тәутеннің айтуынша, NEET жастардың тізімін жүргізгеннен түк пайда жоқ көрінеді.

– Мен бұл мәселені Астана қаласында өткен үлкен семинарда көтеріп, еліміздің білім және ғылым министрлігінен келген мамандарға қойғанмын. Алайда, олар нақты жауап бере алмады.

Шындығы керек, қазір бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Мәселен, Қордай ауданында дүнген ұлттары көп екені белгілі. Бұл ұлттың жастары жаз кезінде үш ай бойы егістік даласында жұмыс жасайды. Ол кезде автоматты түрде  NEET жастары қатарынан шығады. Ал, жиын-терін науқаны аяқталғаннан кейін, олар тоғыз ай бойы жұмыссыз жатады. Ол кезде қайта автоматты түрде NEET жастардың қатарына кіреді. Сонда біз кімді алдап, қандай санақ жүргізіп отырмыз?

Мен түсінер едім, егер NEET жастардың тізімінде тұрғандар тұрақты жұмыс орнына тұрып кетсе. Алайда ондайлар саусақпен санарлық. Ауылдағы жастар, оның ішінде өзге ұлттың азаматтары жалдамалы жұмыс жасайтыны байырдан белгілі. Енді осы уақытша жұмыспен қамтылған жастардың арасында мынау NEET, ал мынау өзге деп қалай бөлуге болады?

Қазір біздің орталықтағы бір маман жыл басынан бері  халықты жұмыспен қамту орталығымен тығыз жұмыс жасауда. Оның берген ақпараты бойынша, жұмыспен қамту орталығына күніне 10 жас келіп тіркеледі екен. Енді өзіңіз есептей беріңіз, бір күнде 10 жас тіркелсе, айына 300 жас жұмыс сұрап келіп жатыр деген сөз. Енді бұларды қалай жұмыспен қамтимыз? Сондықтан мен өз-өзімізді алдап, NEET жастардың болжамды  санағын жүргізгенше, нақты бір жасты болса да тұрақты жұмыспен қамтып, сапаға қарай жұмыс жасауға шақырамын, – дейді орталық директоры.

Міне, осылайша аудандағы жастар  NEET жастарға қатысты ойларын ашық білдіруде. Және барлығы санақтың құр  сандырақ екенін айтып отыр.

Әрине, біз өз тарапымыздан байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда, NEET жастарға қатысты ащы шындықты жастардың өздері ашына жеткізуде. Бұл мүмкін жобаны облыста  жандандырған билік өкілдеріне бір ой салар!  

Айтпақшы…

Осы кез келген салаға ағылшынша қоспасақ жүре алмайтын болдық. Әйтеуір қит етсе, «пәленше пати», «түгенше сити», анау-мынау деп тілімізді бұрап, миымызды қатырамыз. Жоғарыдағы жастар саясатында кеңінен қолданып жүрген «NEET»  жастарды неге «масыл жастар» деп атамаймыз. Сонда үйде отырған, жұмыс жасауға жанын қинамайтындар  «масыл» деген сөзді естіп бір сілкінер, түптеп келгенде ұялар. Қазақта «масыл» деген түсіне білгенге ауыр сөз. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтер» деп қазекең бекер айтпаған ғой. Әйтпесе, біздің бүгінгі жастар «NEET» деген жақсы сөз деп түсініп жүргенде болар, сірә!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ,

Жамбыл облысы