Негізінен, ренжу – бос кеткен уақыт
Баяғыда алма ағаштың түбінде отырған ақсақалға немересі кеп бір досына өкпелегенін айтыпты. Қарт сөзін елемегендей болып немересіне үйден қолдорба әкелуге бұйырады.
Бала айтқанды орындайды. Атасы алмағаштан бір жеміс алып дорбаға салуды бұйырады.
— Мына дорбаны иығыңнан тастаушы болма, өстіп біреуге өкпелеген сайын ішіне бір алмадан салып тұр! — дейді.
Немересі ата сөзін екі етпейді. Шешесі, бауырлары, достары көңіліне жақпаса бақшаға жүгіріп, бір алмадан сала береді.
Бір аптаның ішінде дорбаға біраз жеміс жиналады. Кейбірі бұзылып сасый бастайды. Бала шыдамай атасына келеді.
— Мына дорбаны күнде көтеріп жүру мүмкін емес, сасып, балалар ойнамай қашатын болды, — дейді.
Сонда атасы:
— Көрдің бе, тым өкпешіл болма, өкпеден реніш туады, жаман ой жайлайды, ол ішіңді ірітіп, адамдарға қадірсіз етеді, жамандық жинағыш дорбадай болу азаматқа абырой әпермейді, — депті.
Адам болмысы ренішпен түзелмейді. Негізінен, ренжу – бос кеткен уақыт. Сол бос уақытта сіз бірнеше игі іс жасап үлгересіз. Өзі онсыз да қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды ренішпен өткізіп не керек?
Орынсыз ренжи беру көбінесе өзімен бірге басқа да рухани дерттерді де ала келеді. Мәселен, бауырына ренжіген адам тек сол ренжіген күйі қалмайды, ол жайлы әртүрлі сөздер айта бастайды. Тек осы жағдайдың бір өзі адамды ғайбат, өсек секілді теріс жолдарға итермелейді. Адам ренжігенде ойланады, жүрекке алады және жүйкеге көп салмақ салады. Бір ғана реніш үшін адам іштей шаршай бастайды. Сондықтан да көңілде реніштің болмағаны абзал.