Нейрофизиолог ғалымдар: Бес уақыт намаз адамды ауруынан айықтырады

Ес білер жасқа жеткен мұсылманның бәрі де балиғатқа толғаннан кейін күнделікті бес уақыт намаз оқуға міндетті екендігін өте жақсы біледі. Әдетте, ата-аналар балалары жеті жасқа толғаннан кейін оларға намаз оқуды үйрете бастайды. Дінді берік ұстанушылар бұл құлшылықты Раббысының тікелей бұйрығы деп қабылдайды және сол бұйрыққа бойұсыну үшін оларға намаздың кереметтілігіне көз жеткізетін қосымша дәлел-дәйектер ұсынудың қажеті жоқ. Әйтсе де, адам ағзасын зерттеу мәселесіне зейін бөлген ғалымдардың терең ізденісінің нәтижесінде, соңғы кезде намаз сияқты ұлы құлшылықтың пайдасы мен оң әсері жайлы тұжырым енді замануи ғылым тұрғысынан да дәлелденіп жатыр.

Бүгінде біз бес уақыт намаздың құлды Жаратушысына жақындастыратын құлшылық қана емес, сондай-ақ, оның саулығын түзеп, сырқатынан сауықтыратын іс-әрекет екендігін сенімді түрде айта аламыз. Намаздың адам өміріне араша болғандығы жайлы әр түрлі жағдаяттарды да жиі естіп жатамыз. Бұл, сірә – Алланың құдіреті. Төмендегі мақаламызда Алланың сол бір құдіретіне заманауи медицина тілімен сәл де болса түсінік беріп өтпекпіз.

Сананың төртінші фазасы – «намаздағы сергектік»

Адамның намаз кезіндегі ой-санасын, зердесін зерттеп көрген Ресей елінің нейрофизиолог ғалымдары мынадай жаңалық ашты: бұл (адамның намаз кезіндегі халі) бұған дейін белгілі болған жай-күйлердің ешбіріне де ұқсамайды. Ғылым бұған дейін адам миының жұмыс жасау процесін үш негізгі фазаға бөліп қарастыратын, олар – «жылдам ұйқы», «баяу ұйқы» және «сергектік». Аталған әр фазаның өзіне тән биотоктарының ырғақтығы болады. Ал намаз кезінде адамның сана-сезімі төртінші фазаға өтеді, бұл «намаздағы сергектік» деп аталады. Ұйқыдағы жай-күймен салыстырғанда, адам бұл кезде өзімен не болып жатқандығын түсіне алатындай күйде болады. Алайда, мидағы биотоктардың тербелу ырғақтығы бұл кезде мейлінше баяулай түседі екен. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, дәл осы мезетте адамның ағзасын тазалау және сауықтыру механизмі іске қосылады.

«Намаздағы сергектік» кезінде адамның миында болатын құбылыстар

Бұған қатысты ғалымдар әр түрлі пікірлер айтады. Бірі бұл кезде мидың қызметі қатты баяулап, адам енжар, селқос күйге кіріп кетеді десе, енді бірі керісінше, ми одан бетер белсенді жұмыс жасайды, ал ағзаның өзге мүшелері «жұмысын тоқтатады», яғни сергек ұйқыға кетеді деген пікірді алға тартады. Адамның ой-санасы дүниені ойлаудан бір сәтке арылып, тәнін тастап, Жаратушысының құдірет-күшін тану үшін «ұзақ сапарға аттанғандай» болады.

Намаз адамның санасын сәбидікіндей саф етіп тазалайды

Бар назары намазында болған адамның мидағы биотоктарының тербелу ырғақтығы сәбидікіне ұқсас болады екен, яғни адамның ағзасы әуел бастағы күйіне түседі. Былайша айтқанда, адам намаз оқыған сайын оның ой-санасы да, бүкіл ағзасы да демалады.

Намаз – бұл компьютерді тоғынан ажырата сөндіріп, оны қайта қосқанмен бірдей процесс, яғни адамның миы мен ағзасында күні бойы жиналып қалған керек емес, жағымсыз дүниелерден арылуы. Тіпті намаз оқуға жұмсалған болмашы бірер минуттың ішінде де ағза жаңарып, адамның миы (ауд. — ой-санасы мағынасында) демалады.

Алайда, намаздың емдік қасиетімен қауышу оның барлық міндетті шарттарын орындаумен ғана жүзеге асады, яғни адам бар назарын намазына салып, Алланың алдында өзінің дәрменсіз екендігін, Оған мұқтаж екендігін сезінген, құдіретіне бас иіп, күнәларына шынайы ықыласпен тәубе еткен құл ретінде тұруы керек. Асығыс оқылған намаз адамды Жаратушысына жақындастырмайды және осы бір құлшылықта жасырынған қасиетпен де қауыштырмайды.

Намаз асқынған дерттерді де жазады

Ресейлік нейрофизиологтардың ашқан жаңалығы намаздың асқынған дерттерден де айықтыратындығына дәлел болады. Бүгінде бұл ұлы құлшылықтың қояншық ауруы кезінде көмектесетіндігі белгілі болды. Қояншығы ұстайтын адамның миы адам ағзасының белгілі бір бұлшық еттеріне дабыл (яғни, сигнал, белгі) жібереді. Сол дабылдың әсерінен олар тартылып, адамның талмасы ұстайды. Ал намаз кезінде адамның ми нейрондарының арасындағы патологиялық байланыс үзіліп, ми әлгі бұлшық еттерге жалған дабыл жібере алмайды. Демек намаз бұл жерде талманы басатын дәрілік препараттармен бірдей қызмет атқарады. Нақтырақ айтқанда, адам санасының «намаз кезіндегі сергектік» күйіне өтуі көптеп көмектеседі.

Намаз кезінде адам болмашы уақытқа болса да ауруынан айыққан күйге еніп, сауығатындығына сене бастайды, талмам ұстайды деп тағаты кетіп таусылмайды. Себебі бұл Алладан келген сынақ екендігін өте жақсы біледі. Дерт те осылай сәл бәсеңсиді.

Дәрігерлер медицинаны дәрменсіз деп тапқан кезде кей науқастардың дертінен айығып кетіп жатқандығы жайлы таңғажайып оқиғаларды ара-кідік болса да, естіп қалып жатамыз. Бұл сірә, бір Алланың қалауымен, адамның кіршіксіз сенімі мен кемел күйде оқылған намазының әсерінен болған дүние.

Намаз адам ағзасындағы микробтарды өлтіріп, есте сақтау қабілетін жақсартады

Жаратушымыздың намазға сіңірген тылсым күші жайлы айтқан кезде ғалымдардың мына бір дәлелденген жаңалығы еске түседі: яғни, суға арнайы дұға оқыған кезде ондағы микробтар да өледі. Мұндай кереметке куә болған ғалымдар таңырқап, таңдай қағуда, ал бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айдан анық етіп айтылған. Фатиха сүресін оқу арқылы суды тазартып қана қоймай, уланудың алдын алуға болады. Сондай-ақ, қырық күн бойына Фатиха сүресі оқылған су адамның есте сақтау қабілетін жақсартады.

Біз намазға мұқтажбыз

Дәрігерлер мен ғалымдар дәлелдеп бергендей, адам миының «жылдам ұйқы», «баяу ұйқы» және «сергектік» сияқты үш түрлі ажырамас жай-күйімен бірге «намаздағы сергектік» халін сезінуі де міндетті. Себебі бұл төртеуінің бірі болмаса, адам ағзасындағы тепе-теңдік жойылып, сыртқы факторлардың әсерінен адамның психикасы құбылады да баяу күйзеліске түсе бастайды.

Бес уақыт намаздың пайдасына бұған дейін күмәнмен қараған кей ғалымдардың өздері намаздың адамға қажеттілігін ақыры мойындады. Жаратушы Хақ Тағала адамға жаңа туылған сәби кезіндегі саулығын сақтауға мүмкіндік берді, маңдайына жазылған өлшеулі өмірін қуанышпен, шүкіршілікпен өткізуді нәсіп етті. Және бұған намаздың көп жәрдемі тиетіні анық.

Алла Тағала Қасиетті Құранның Әнкабут сүресінің 45-аятында: «Расында, намаз (адамды) арсыздық пен күнә амалдардан қайтарады» — дейді.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) да намаздың ұлы нығмет екендігін айтқан болатын. Оның мүбәрак хадистерінің бірінде былай деп келеді: «Бес уақыт намаз оқитын адам үйінің жанынан жағалай ағатын тынық, таза өзенге күніне бес мәрте шомылатын адам сияқты. Осыншалықты жиі жуынған адамның денесі міндетті түрде тазаратынындай, барлық шарттарын орындай отырып, тиісінше оқылған намаз да адамның жанын күнәлардан тазартады». (Әл-Бұһари)

Islamreview.ru сайтынан аударған: www.nurgasyr.kz