«Неке жəне отбасы туралы» заңға өзгеріс енгізіп, ер азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсу керек пе?

«Британдық «Economist» басылымының статистика мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу саны жағынан көрші Қыр­ғыз елі әлем бойынша 48-інші орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 болса, ал 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген (мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 2.8). Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері ерлі-зайыптылардың тұрмыста бірін-бірін түсінбеуі, олардың біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ, отбасындағы материалдық қиыншылықтар болып отыр»,- деп жазады «Астана ақшамы» газеті.
Автор мақаласын одан əрі қарай былай өрбіткен:
«Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40000-нан асып отыр. Бұл – дәл қазіргі біздің халқымыздың санымен салыстырғанда өте күрделі жағдай» деп жаза келе, «Мен де әкесіз өстім. Ештеме жоқ, ол да әкесіз өседі» деген пәлсапаның жалғасы болғаны жақсылыққа апармайды», — деп түйіндейді.
Дəл осы мəселені басқа газеттер де жазып жүр. Бұл — жақсы емес. Бұған біз алаңдаушылықпен қарауымыз керек. Бүгін Астанадағы бір мектептің социологымен сұхбаттастым. Біраз дүние айтты. Айтқандарының ішіндегі қорқыныштысы мынау: «Біздің мектептегі кейбір сыныптардың анкетасына үңілсеңіз 26 баланың 17-сі əкесіз өсіп келе жатқанын байқайсыз» дейді. Сұмдық қой, балалардың үштен екісінде əке жоқ.
«Көбісі ажырасқан отбасылардың балалары. Қазіргі уақытта аналары немесе нағашыларының тəрбиесінде. Аналары алимент ала алмайды. Тұрмыстары орташа деңгейден төмен» дейді социолог.
«Алимент төлемейді» деген сөзден біраз нəрсені түсінуге болады. Бұрындары бір оқиғаны білуші едім. Отыздан асқан жігіт екі баласымен отбасын тастап кетті. Балалары шешесімен бірге нағашыларының босағасында жүрді. Əйелі сот арқылы алимент өндіріп алып жүрді. Жігіт кейін үйленді. Тағы да балалы болды. Сөйтіп жүргенде екінші əйелі де алиментке берді. «Бірге тұрып неге соттасып, алимент алып жүрсіздер?» деп сұрағандар да болды. Жігіт шімірікпестен «Ақшаның бəрі ана қат..нға кетіп жатыр. Екі əйел алимент алса сол ақшаны бөледі екен. Біраз ақшаны сол қайтарып алатын болдық» деп тұр. Не айтарымызды білмедік…
Дəл осындай жағдай Қазақстанда мыңдап саналады. Алименттен қашып жүргендері қанша ма?! Кейде ой келеді, «Неке жəне отбасы туралы» заңға өзгеріс енгізіп, ер азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсу керек пе?!» деген…

Нұрсерік Жолбарыс фб парақшасынан