Некеге дейін махаббат, некеден кейін ақыл керек

«Сабыр түбі – сары алтын», «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақал-мәтелді бәріміз білеміз. Бірақ, сол салмақты мақал-мәтелге тоқтап жүргеніміз кемде-кем. Сондықтан да бүгінде үйленіп жатқандардан ажырасып жатқандар көп. Әрине, кім бақытының баянды болғанын, құрған некесінің ғұмыры ұзақ болғанын қаламайды дейсіз. Сіз де қалайсыз, алайда құр қалау болмайды, әрекет те керек және сол қалауыңа өзің лайық болуың қажет.

Адамның бүкіл өмірін – бір күн деп елестетіп көрейікші. Күніңнің сәтті өтуі ұйқыдан оянғаннан кейінгі көңіл күйіңе тікелей байланысты. Яғни, таңертең автобуста біреумен немесе үйден шығарда күйеуіңізбен ұрыссаңыз, кешке дейін ашуланып жүресіз. Таңертеңгі 5 минуттық ұрыс көңіл күйіңізге ғана емес, сол күнгі жұмысыңызға да, пісірген асыңызға да теріс әсер етеді. Мен әйелдің отбасылық өмірін дәл осындай бір күнге ұқсатамын. Жас келін боп түскеннен соң аттаған босағаңдағы отбасы мүшелерімен қарым-қатынасың қалай басталса, өміріңнің соңына дейін солай жалғасады. Бір рет ұрыс-керіс болғанымен, кейін арада қайтадан сыйластықты орнатып аламын деу қате пікір. Татуласарсыз, бірақ бәрібір әу бастағы керіс, реніш көңілде сақталады. Сондықтан да жас келінге айтарым, ең бірінші ойланып сөйлеуді үйрен, сөз қума. Абыройыңды түсіретін де, дұшпан таптыратын да – тіл. Ф.Тайтелиев деген қаламгер ағамыздың «Ортақ тіл табу үшін өз тіліңді тістей тұруға әдеттен» дегенін әрдайым есте ұста.

Мен де жас келін болғанмын. Бес қайын әпкем, бір қайын сіңлім және екі абысыным бар. Осы күнге дейін олардың ешқайсысымен ұрыспағанмын. Араға сызат түспеген. Өйткені, көп жерде мен үндемей қоя саламын. Біле білгенге үндемеу де үлкен сөз айтқанмен бірдей.

Бүгінде бақытты әйелмін дей аламын. Бақытқа жетуіме дұрыс сөйлей білуім және ешқашан жоғалтып алуға болмайтын үш нәрсені биік бағалағаным жәрдемдесті деп ойлаймын. Ол үш нәрсе: тыныштық, үміт, абырой. Сонымен бірге, жас келін, адамды азғындататын үш нәрседен алыс бол. Ол: ішімдік, ашу-ыза, өркөкіректік.

Қыз күнімде тұрмыс құрғанда барған жерім менің туыс-жақындарымды сыйласа екен, ата-анамды құрметтесе екен деп үнемі тілейтінмін. Өмірлік серігімнің ұсынысын қабыл аларда да осы тілегімді еске түсіріп, жігіт бұған лайық па екен деп ойланғанмын. Күйеуіммен таныстығым ойда-жоқта басталған еді.

Құрбым бір отырысқа шақырды. Тау баурайында өткен жастардың басқосу кеші қызықты болды. Жігіттер отын тасып, қыздар кешкі ас әзірлеуге кірістік. Құрбым тамаққа жауапты етіп мені сайлады. Дәмді боп пісті. Барлығы мақтау айта отырып тамақтың бәрін жеп тауысты. Сол сәттен бастап Сәкен есімді жігіттің жылы қабақ таныта бастағанын байқадым. Таң атып әрқайсысымыз үйді-үйімізге тарқадық. Сәкен мені шығарып салды. Үйімнің жанына келгенде Сәкен «Мен хабарласқанда телефоныңды көтермесең, тіке үйіңе іздеп келемін. Екі айдың ішінде мен саған үйленемін» деп нақты сөзін айтты. Бұл сөзін әзіл ретінде қабылдасам да оның бұйыра сөйлегенін жақтырмадым. Қатал боп көрінді ол маған.

Сәкен айтқандай-ақ әр күні хабарласып жағдайымды біліп тұрды. Күнде сөйлесіп жүріп мінезінің айтарлықтай қатал емес екенін байқадым. Сөйлесіп жүргенімізге екі ай болғанда үйіме ата-анасын жіберді. Мені сұрап, құда түсіп келді. Менің ата-анаммен бұрыннан таныс адамдар секілді тез тіл табысып кетті.

Тұрмысқа шықтым. Өзім таңдаған жігітпен бас қоссам да, бір қорқыныш бойымды билейтін. «Тез жанған шамның майы тез таусылады» дегенді естіп едім. Сондықтан да бәрі тез орын алғандықтан ажырасып кетпейді ме екенбіз деп уайымға түсетінмін. Адамның ойына нелер келіп, не кетпейді десеңізші. Шынымды айтсам, отбасылық өмірдің сынағынан сүрініп кетуден қорқатынмын. Кейде ойламаған жерден сезім оты тұтанып, жақсы жерге келін боп түскеніме, келбетті де еңбекқор жігіттің «күл астынан» шыға келгеніне сырт көздің сұғы қадалмасын деп іштей қорқып та қалатынмын. Дегенмен, Аллаға шүкір, мінезім қандай жайлы болса, отбасылық өмірім де сондай тыныш болды. Сөзім қандай жылы болса, отбасындағы барлығының менімен қарым-қатынасы да сондай жылы болды.

Әке-шешем келгенде атам мен енем жадырай түседі. Енем менің ата-анамды сағынып өздері шақырып алатын кездері де жиі болады. Ата-анамның алғашқы құдалары бір-бірімен жақсы араласып кеткеніне қуанамын. Өйткені олардың өзара сыйластығы біздің де тұрмысымызға әсер етеді. Олардың жарасымдылығын көріп, татулығымыз арта түседі. «Жақсы құда – құрдасыңдай, жақсы құдағи – сырласыңдай» деген менің әке-шешем мен ата-енеме арналып айтылғандай.

Қазір төрт баланың анасымын. Бақытты өміріме шүкір етемін және бұған өзімнің лайықты екенімді білемін. Сонда бақытқа лайықты әйел қандай болуы керек дейсіз бе? Оның дастарханы берекелі, тамағы дәмді болады. Ол күйеуінің туыстарын жақсы көріп, бәрін сыйлай біледі. Балаларына мейірімді. Оған қоса кез келген адаммен тез тіл табысып, барлық қиын жағдайда жол табатын ақылды. Үстіндегі киімі әркез жарасымды әрі таза. Үйіне күндіз келген қырық қонақты да, түнде келген күйеуінің қырық жолдасын да жылы қарсы алып, дастархан жаяды.

Жас келін, бақытты боламын десең, кішіпейіл, сүйкімді бол, барлық іске икемді бол. Сөзің жылы, асың дәмді болсын. Жылы сөзің бақыт жолында әрі қару, әрі қорған болады, осыны есіңде ұста. Сонымен қатар, ақылды болуға міндеттісің. Өйткені ақылды адам қандай жағдайға тап болса да ол адами қасиеттерінен өзгермейді. Ал, барлық кезде де, басына нендей күн туса да адамдық қасиеттерін жоғалтпаған әйел бақытын да жоғалтпайды.

РИЗА,

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.