НЕКЕСІЗ ТУҒАН БАЛАМЫН…
Жылаумен өтті әр күнім,
Тағдырдың тартып салқынын.
Қолыңнан келсе ешкімді,
Жылата көрмеші, жарқыным.
Жалғызбын, тіптен, жартымын,
Өксікке толы алқымым…
Бір көру үшін… өмірдің,
Айырбастар ем бар күнін.
Сен кімсің дерсің, қарағым,
Өмірдің ақтар парағын…
Қателігіңмін… мен сенің,
Некесіз туған баламын.
Орынын тырнап жараның,
Жүрегім тағы қанадың..
Анамнан, менен бас тартып,
Далада қалған баламын.
Көргенсіз болып заманың,
Қатігез болып адамың,
Некесіз туған неме деп,
Түртпекпен өскен баламын.
Өмірім болып нала мұң,
Менсінбей дос, жараным,
Көтере алмай басымды,
Төменшік өскен баламын.
Болса да теріс қадамың,
Жолыңа сенің қарадым…
Бір күні іздеп келер деп,
Сен болдың күткен адамым.
Көп-ақ қой кінә, тағарым,
Жібермеді ме жоқ арың?
Білсең ғой бала жүрегі,
Әке деп ғана соғарын.
Әкесіз қалай оңамын,
Балалығымды тонадың.
Ұзатыларда көп күттім,
Ұғар деп қиын соғарын.
Өзім де бүгін анамын,
Жолыңа тағы қарадым.
Басынан сипап баламның,
Бата бергеніңді қаладым.
Дүниенің сездім шолағын.
Адам бес күндік қонағың.
Өте де шықтың өмірден,
Басында отырмын моланың.
Артыңннан мен де барамын,
Жауабын сонда аламын…
Тас талқан болған тағдыры,
Некесіз туған баланың.
Жылаумен өтті әр күнім,
Тағдырдың тартып салқынын.
Қолыңнан келсе ешкімді,
Жылата көрмеші, жарқыным.
Әділбек Қаба
РS.Бұл өлеңнің тууына менің парақшама жазған жетім қыздың хаты себепші болды. Ол өз хатында «Мен акесиз остим акемди кормедимде некесизбин, артынан акемнин фотосын кордим, мени омирге келгенимди билген бирак еш кабарласпаган баска калада баска отпасымен болган, артынан кайтканын естидим. Журегимде окиниш али неге неге енболмаса мени бир коруге келмедин калайша оп онай олип кетин дегендеи окиниш калды» деп жазыпты. (Хатты өзгертпей беріп отырмын) Хат соңында сіз ақынсыз ғой, ең болмаса осы орны толмас өкінішімді басып, жүрегімді жұбатып жүрейін, біл өлең жазыңызшы деп өтініпті. «Колыныздан келмесе ренжимим. Мени кешириниз » деп аяқтапты. Қолымнан келгені осы болды.
Осыған ұқсас қаншама тағдырлар бар. Қанша баланың жүрегінде осындай өкініш, мұң жатыр екен… Мүмкін әлдекімдердің өз қатесін кеш те болса түзетуге себі тиер…